Концерт алаңының жасыл келбеті

Әшімов көшесіндегі жаңа концерт алаңының аумағына 600 қарағай отырғызу жоспарланған. Көгалдандыру жұмыстары қала көркін жақсартуға бағытталғанымен, көпшілік жиналатын жерде жас көшеттердің сақталуы да маңызды мәселеге айналып отыр.

Бұған дейін мұнда Кеншілер күніне арналған концерт өтіп, сахна төрінде әлемдік деңгейдегі өнер жұлдыздары өнер көрсетті. Шараға жиналған көрермендер асфальтталған алаңмен ғана шектелмей, айналадағы аумақтарға да жайғасты. Мұндай жағдайда енді ғана отырғызылған қарағайлардың тапталып, зақымдану қаупі бар.

Алдағы қыс мезгілінде осы аумақта әлемдегі ең үлкен мұз айдынын ұйымдастыру жоспарланған. Бұл да алаңға келушілер санын арттыруы мүмкін. Сондықтан тұрғындарды жасыл желектің көпшілік іс-шаралар кезінде қалай қорғалатыны алаңдатады.

Көшеттердің қалыпты өсіп-жетілуі үшін оларды уақытылы суарып қана қоймай, механикалық зақымданудан да қорғау қажет. Осы ретте жасыл аумақтарды қоршау, жаяу жүргіншілер қозғалысын реттеу және көрермендерге арнайы бағыттар белгілеу мәселесі өзекті болып отыр.

Аудан әкімдігі өкілдерінің сөзінше, Теміртау қаласындағы концерт алаңының маңында да қарағайлар өсіп тұр, алайда көрермендер мен тұрғындар ағаштарды таптамайды. Жаңа алаңдағы көшеттерді суару үшін де арнайы жүйе қарастырылған. Су ұңғымадан жеткізіліп, ағаштарды тұрақты суаруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар мердігердің белгіленген мерзім аясында орындалған жұмыстарға кепілдік міндеттемелері бар. Бұл көшеттердің жай-күйін бақылау мен көгалдандыру жұмыстарының сапасына назар аударуға мүмкіндік береді.

600 қарағай отырғызу – аумақты абаттандырудың маңызды бөлігі. Алайда ағаштардың жайқалып өсуі олардың санына ғана емес, күтіміне және сыртқы әсерден қаншалықты қорғалғанына да байланысты. Әсіресе мыңдаған адам жиналатын концерт алаңында жасыл желекті сақтау үшін алдын ала жүйелі шаралар қабылдау қажет. Сонда ғана жаңа демалыс кеңістігі уақыт өте келе қала тұрғындарына жайлы әрі көрікті орынға айналмақ.

Жанайым ЖАЛҒАС,

«QH»