Дастанның жаңа белесі
Қарағанды теміржол вокзалында Жапонияда өткен V Азия пара ойындарының күміс жүлдегері Дастан Мұқашбековті жерлестері салтанатты түрде қарсы алды. Қазақстандық параатлет F36 санатында ядро лақтырудан 15,47 метр нәтиже көрсетіп, екінші орынға ие болды. Ендігі мақсаты – әлем чемпионатында жоғары нәтиже көрсетіп, Паралимпиада ойындарына жолдама алу.
Бұл сайыста алтын медаль Өзбекстан спортшысына бұйырса, Қазақстанның тағы бір өкілі Иван Зелезняк 12,71 метр нәтижемен қола жүлдені иеленді.
Дастан Мұқашбеков Азия ойындарына алтын медаль алу ниетімен барғанын жасырмады. Дегенмен, күміс жүлдені де маңызды жетістік санайды. Енді спортшы алдағы жарыстарға дайындықты жалғастырып, нәтижесін жақсартуға күш салмақ.
– Алтын медаль мен үшін өте маңызды еді. Оған қол жеткізе алмадым. Бұдан да жақсы нәтиже көрсеткім келді. Дегенмен, күміс жүлдеге қуаныштымын. Алдағы уақытта дайындалып, жоғары көрсеткіштерге ұмтыламыз. 2027 жылы Өзбекстанда әлем чемпионаты өтеді. Басты мақсатымыз – Паралимпиада ойындарына қатысу, – деді Дастан Мұқашбеков.
Спортшының айтуынша, халықаралық жарыс тәжірибе жинақтап, қарсыластардың деңгейін бағалауға мүмкіндік берген. Оның ендігі міндеті – дайындықты жетілдіріп, алдағы бәсекелерде бұдан да жоғары нәтиже көрсету.
Параатлеттің жетістігіне отбасының қолдауы да зор. Жұбайы Айсұлу Мұқашбекова нысана көздеуден параспорт жарыстарына қатысады. Ерлі-зайыптылар бір-бірінің спорттағы ерекшеліктерін жақсы түсініп, маңызды сәттерде қолдау көрсетуге тырысады.
– Біздің спорт түрлеріміз әртүрлі болғандықтан, жарысқа деген көзқарасымыз да бөлек. Оған кейде жарыс алдында қолдау қажет болса, мен керісінше, өзім шешім қабылдап, мақсатқа қарай ұмтыламын. Әрқайсымыздың өз дайындығымыз бен психологиямыз бар, – деді Айсұлу Мұқашбекова.
Дастан Мұқашбеков бұған дейін де халықаралық аренада жоғары нәтиже көрсетіп жүр. 2024 жылы Парижде өткен әлем чемпионаты мен Паралимпиада ойындарында қола медаль жеңіп алды. Сондай-ақ IV Азия пара ойындарында 15,74 метр нәтижемен Азия рекордын жаңартып, 2025 жылы Дубайда өткен лицензиялық Гран-при жарысында топ жарды.
Алдағы әлем чемпионаты – спортшы үшін шеберлігін шыңдап, басты мақсаты Паралимпиада ойындарына қатысуға дайындалатын маңызды кезең. Қарағандылық параатлеттің кезекті халықаралық додаларда ел намысын абыроймен қорғауына жерлестері зор үміт артады.
Жанайым ЖАЛҒАС,
«QH»

