Тілге құрмет – елге құрмет

Республика күніне орай қазақ тілін үйренушілер арасында «Үздік тыңдаушы» қалалық байқауы ұйымдастырылды. Түрлі этнос өкілінен құралған он қатысушы мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін көрсетіп, қазақ халқының тарихы мен ұлттық құндылықтары туралы білімдерін ортаға салды. Байқаудың басты мақсаты – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, өзге этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренуге деген ынтасын арттыру.

Байқауды Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен «Шырақ» тілдерді оқыту орталығы өткізді. Үш кезеңнен тұрған сайыста қатысушылардың тілдік білімі, сөйлеу мәдениеті және күнделікті өмірде қазақ тілінде қарым-қатынас жасау қабілеті сыналды.

Алғашқы «Танысайық» кезеңінде үміткерлер өздерін таныстырып, өмірі мен қызығушылықтары туралы әңгімеледі. «Сурет сөйлейді» бөлімінде Қазақстанның тарихы мен ұлттық құндылықтарына қатысты ойларын жеткізді. Ал «Жағдаяттан шығу» кезеңінде күнделікті тұрмыста кездесетін түрлі жағдайға байланысты қазақ тілінде диалог құрастырып, сөздік қорлары мен тілдік дағдыларын көрсетті.

Қатысушылардың әрқайсысының қазақ тілін үйренуге деген ынтасы мен мақсаты әртүрлі. Байқауға қатысқан үш баланың анасы Виктория Калиева мемлекеттік тілді меңгеруді екі жыл бұрын бастаған. Қазір ол «Шырақ» тілдерді оқыту орталығында білім алып жүр. Негізгі кәсібі – тігіншілік. Ал фотограф Марк Урнавичус қазақ тілін енді үйреніп жүр. Халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін ол мемлекеттік тілді меңгеру күнделікті өмірде де, кәсіби қызметінде де маңызды екенін айтады.

«Шырақ» тілдерді оқыту орталығының директоры Эльмира Орынбаеваның айтуынша, мұндай байқаулар тыңдаушылардың білімін бағалап қана қоймай, олардың өзіне деген сенімін арттырып, мемлекеттік тілді күнделікті өмірде қолдануына мүмкіндік береді.

– Республика күніне орай қазақ тілі курстарына қатысатын өзге этнос өкілдері арасында «Үздік тыңдаушы» байқауын өткізіп отырмыз. Басты мақсатымыз – қатысушылардың мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергенін анықтау және олардың білімін жетілдіруге ынталандыру. Қаламызда тұрғындарға арналған тегін тіл курстары ұйымдастырылады. Осындай шаралар арқылы қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, оған деген қызығушылықты арттырғымыз келеді, – деді «Шырақ» тілдерді оқыту орталығының директоры Эльмира Орынбаева.

Байқау қорытындысы бойынша қатысушыларға Гран-при, үш жүлделі орын және ынталандыру сыйлықтары табысталды. Жалпы жүлде қоры 550 мың теңгені құрады. Жеңімпаздар мен белсенді қатысушылар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Мемлекеттік тілді меңгеруге ұмтылған азаматтарды қолдау – қоғамдағы өзара түсіністік пен бірлікті нығайтудың маңызды жолы. «Үздік тыңдаушы» байқауы қатысушылардың білімін шыңдап қана қоймай, қазақ тілін үйренуге ниетті жандарға үлгі боларлық бастамаға айналды. Өйткені тілге құрмет – елге құрмет, ал мемлекеттік тілді меңгеру ортақ қоғамның дамуына қосылған үлес.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»