Қарағанды медицина университетіне Поспелов есімі берілді

Қарағанды медицина университетіне оның негізін қалаушы әрі алғашқы ректоры Петр Моисеевич Поспеловтің есімі берілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қабылданған шешім көрнекті дәрігердің туғанына 125 жыл толуына орай жүзеге асты. Салтанатты рәсімге медицина және білім беру саласының өкілдері, университет ардагерлері, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының басшылары қатысты.

Петр Поспелов Орталық Қазақстанда жоғары медициналық білімнің қалыптасуына зор үлес қосты. 1950 жылы ашылған медициналық институтты ширек ғасырға жуық басқарған ол өңірде дәрігерлер даярлайтын кәсіби мектептің негізін қалады. Оның жетекшілігімен оқу орны шағын институттан ғылыми және білім беру дәстүрлері қалыптасқан ірі медициналық орталыққа айналды.

Салтанатты жиында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ғалымның отандық медицинаға сіңірген еңбегін атап өтіп, Поспеловтің мұрасы бүгінгі студенттер үшін де маңызды екенін жеткізді.

– Қарағанды Петр Моисеевич үшін туған қаласындай қымбат мекенге айналды, ал Қазақстан медицинасын дамыту оның өмірлік мұраты болды. Оның ең басты жетістігі – жай ғана медициналық институт ашу емес, бүгінде де өркендеп келе жатқан дәрігерлердің, ғалымдар мен ұстаздардың тұтас мектебін қалыптастыруы. Студенттер, сіздер таңдаған мамандық өз ісіңді жетік білумен ғана шектелмейді. Адамды тыңдай білу, оның жанын түсіну, ең қиын сәттерде қасынан табылу да аса маңызды, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Өңір басшысы жас мамандардың кәсіби дамуына жағдай жасау және олардың туған жерінде еңбек етуіне мүмкіндік туғызу маңызды екенін де атап өтті. Осы мақсатта облыста медициналық инфрақұрылымды дамытуға және дәрігерлердің еңбек жағдайын жақсартуға көңіл бөлініп келеді.

Петр Поспеловтің өңірде медициналық кадрлар даярлау жүйесін қалыптастырудағы рөлін денсаулық сақтау саласының ардагері, медицина ғылымдарының докторы Қанат Ермекбаев та ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Поспелов облыстық денсаулық сақтау басқармасын басқарған жылдары аймақтың жергілікті дәрігерлерге деген қажеттілігін терең түсініп, медициналық институт ашуға табанды түрде күш салған.

– Петр Моисеевич Поспелов – Қарағанды облысының денсаулық сақтау жүйесінің негізін қалаушылардың бірі. Ол ең қиын жылдары облыстық денсаулық сақтау басқармасын басқарып, өңірге өз медицина кадрларының қаншалықты қажет екенін жақсы түсінді. Облысты дәрігерлермен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін Қарағанды медициналық институтын ашуға күш салды. Кейін медициналық білім беруді дамытуға да зор үлес қосты. Университетке Поспеловтің есімін беру туралы шешім – өте әділ шешім. Бұл – жоғары оқу орнының бастауында тұрған, өңірде медицина кадрларын даярлаудың негізін қалаған тұлғаның есімін ұлықтап, рухына құрмет көрсетуге мүмкіндік береді, – деді Қанат Ермекбаев.

Поспеловтің қызметі тек оқу орнын басқарумен шектелмеді. Ол ұлттық медициналық кадрларды даярлауға, әсіресе ауылдан келген жастардың жоғары білім алуына қолдау көрсетуге басымдық берді. Оның басшылығы кезінде екі мыңнан астам қазақ дәрігері даярланды. Ғалым қазақ тілін меңгеріп, науқастармен ана тілінде сөйлескен. Әріптестерінің естеліктерінде оның студенттерге жақын болып, жастардың мәселесіне назар аударғаны да айтылады.

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев университетке көрнекті дәрігердің есімін беру ұжымға үлкен мәртебе жүктеп қана қоймай, жауапкершілікті де арттыратынын жеткізді. Ол оқу орнының отандық медицина мектебінің дәстүрлерін жалғастырып, ғылыми және тәжірибелік жетістіктерін одан әрі дамытатынына сенім білдірді.

Бүгінде Петр Поспелов атындағы Қарағанды медицина университетінде тоғыз мыңнан астам студент білім алып жатыр. Оқу орнында бакалавриат, магистратура, резидентура және докторантура деңгейлерін қамтитын 79 білім беру бағдарламасы жүзеге асырылады.

Мерейтой аясында университет тарихына арналған көрме ашылып, халықаралық дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жиынға қатысушылар биомедицина мен биоинженерияны дамыту, жаңа ғылыми жетістіктерді медициналық білім беру мен денсаулық сақтау тәжірибесіне енгізу мәселелерін талқылады.

Университетке Петр Поспеловтің есімін беру – өңірде медициналық білім мен денсаулық сақтау жүйесінің қалыптасуына үлес қосқан тұлғаның еңбегін мойындау. Оның негізін қалаған кәсіби мектеп пен дәрігер даярлау дәстүрі бүгінгі оқу орнының дамуына бағыт-бағдар болып қала бермек.

Жанайым ЖАЛҒАС,

«QH»