Әлем әдебиеті қазақ тілінде: «Хәрри Поттерден» жаңа бестселлерлерге дейін

Әлемге әйгілі кітаптар қазақ тілінде сөйлеп, отандық оқырманға жол тартуда. Қарағандыдағы Абай атындағы облыстық балалар кітапханасында алматылық баспаның бас редакторы Раиса Қадырмен кездесу өтті. «Баспа күні» жобасы аясында ұйымдастырылған басқосуда әлемдік бестселлерлерді қазақшаға аудару тәжірибесі, кітап таңдаудың өлшемдері және балалар әдебиетінің бүгінгі бағыттары талқыланды.

Абай атындағы облыстық балалар кітапханасы үшін бұл – баспа өкілдерімен ұйымдастырылған үшінші кездесу. Кітапхана басшысының орынбасары Қалқатай Қалиеваның айтуынша, мұндай шаралар оқырмандарды жаңа басылымдармен таныстырып қана қоймай, баспа саласының мамандарымен тікелей пікір алмасуға мүмкіндік береді. Әсіресе балалар мен жасөспірімдердің кітапқа қызығушылығын арттырып, қазақ тіліндегі әдебиеттер аясын кеңейтуге ықпалы зор.

Алматыдан келген бас редактор Раиса Қадыр баспаның жұмысы мен аударма кітаптарды әзірлеу үдерісі туралы әңгімеледі. 2022 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан баспаның қоржынында қазір 200-ге жуық кітап бар. Оның 80 пайызы балалар мен жасөспірімдерге арналған. Қалған бөлігі ересек оқырмандарға бағытталған.

Баспаның оқырманға кеңінен танылуына Джоан Роулингтің «Хәрри Поттер» кітаптар топтамасының қазақшаға аударылуы ерекше серпін берді. Жеті томнан тұратын туындыны тәржімалау жұмысы үш жылға созылған. Команда кейіпкерлердің есімдері мен шығармадағы атауларды қазақ тіліне бейімдеу кезінде түпнұсқаның ерекшелігін сақтауға мән берген. Топтаманың алғашқы кітабы – «Хәрри Поттер және философиялық тас» республикалық «Оқитын ұлт» марафонының тізіміне енген.

Раиса Қадырдың айтуынша, аударма әдебиетті басып шығару – тек мәтінді бір тілден екінші тілге көшіру емес. Бұл – шығарманың мазмұнын, авторлық стилін және оқырманға жеткізетін ойын сақтай отырып, оны қазақтілді ортаға түсінікті етіп ұсыну. Сондықтан баспа ұжымы кітап таңдауға да, редакциялау мен аударма сапасына да ерекше көңіл бөледі.

«Біздің басты мақсатымыз – әлемдік әдебиетті қазақ оқырманына ана тілінде ұсыну. Кітап аударғанда шығарманың мазмұнын ғана емес, автордың ойын, стилін және оқырманға беретін әсерін де сақтауға тырысамыз. Әсіресе балалар мен жасөспірімдерге арналған сапалы аудармалардың көп болғаны маңызды. Өйткені бала сүйіп оқитын кітаптарын қазақ тілінде таба алса, ана тіліне деген қызығушылығы да арта түседі», – дейді бас редактор Раиса Қадыр.

Басылымдарды іріктегенде шығарманың әлемдік танымалдығы, халықаралық марапаттары мен мазмұндық маңызы ескеріледі. Мәселен оқырмандарға ұсынылған кітаптардың қатарында орыс тілінен «Керемет» деген атаумен аударылған «Чудо» шығармасы бар. Кітап мейірімділікке, өзгеге жанашырлық танытуға және әр адамның ерекшелігін құрметтеуге үндейді. Мұндай туындылар балаларға эмпатия мен инклюзия ұғымдарын түсіндіруге көмектеседі.

Кездесуде соңғы жылдары өзекті бола түскен цифрлық ортаның балаларға әсері де назардан тыс қалмады. Джонатан Хайдттың қазақ тіліне аударылған «Мазасыз ұрпақ» кітабында балалар мен жасөспірімдердің цифрлық әлеммен қарым-қатынасы, оның психологиялық дамуға ықпалы сөз болады. Еңбек ата-аналар мен педагогтерге бүгінгі буынның мінез-құлқы мен қажеттіліктерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Баспаның назарындағы тағы бір туынды – Ақиқат Рас авторының «Оқымақтар» кітабы. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бұл шығарма 2026 жылы Қазақстанның үздік балалар кітабы болып танылған. Кітапханадағы көрмеге баспадан жарық көрген әртүрлі жанрдағы шығармалар қойылып, келушілерге жаңа әдебиеттермен танысуға мүмкіндік берілді.

Қазақ тіліндегі аударма әдебиеттің көбеюі оқырман таңдауын кеңейтіп қана қоймай, ана тіліндегі кітап мәдениетінің дамуына да ықпал етеді. Әсіресе әлемге танылған шығармаларды қазақша оқу балалар мен жасөспірімдердің тілдік қорын байытып, кітапқа деген қызығушылығын арттыруға жол ашады.

Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасының ұжымы баспамен ынтымақтастықты жалғастырып, оқырмандарға арналған жаңа кездесулер ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Мұндай басқосулар кітап авторлары, аудармашылар, баспагерлер мен оқырмандар арасындағы байланысты нығайтып, қазақ тіліндегі әдебиеттің өрісін кеңейтуге қызмет етеді.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»