Заңды білу – заман талабы
Командалық жұмыс, ұшқыр логика және құқықтық сауат. Қарағанды мектептерінің оқушылары «Заң және тәртіп» атты квест-ойында білімдерін сынап, өмірлік құқықтық жағдайларды шешуде бақ сынасты. Қазыбек би ауданы әкімдігі мен аудан прокуратурасының бірлесіп ұйымдастыруымен өткен шара қорытындысында белсенді қатысушылар марапатталды.
Жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған квест Қазыбек би ауданы әкімдігінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Болашақ прокурорлар клубы» жобасы шеңберінде ұйымдастырылды. Оқушылар интерактивті тапсырмаларды орындап, түрлі жағдаятты талдады. Бұл оларға заң талаптарын теория жүзінде ғана емес, күнделікті өмірде кездесетін жағдайлар арқылы түсінуге мүмкіндік берді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар жасөспірімдердің құқықтық білімін жетілдіріп қана қоймай, жауапкершілік пен азаматтық ұстанымын қалыптастыруға ықпал етеді. Қазыбек би ауданы прокуратурасы бөлімінің прокуроры Гүлсара Керімжанова квесттің негізгі мақсаты құқық бұзушылықтың алдын алу және жастарға заңды құрметтеудің маңызын түсіндіру екенін атап өтті.
«Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу – маңызды міндеттердің бірі. Осындай шаралар барысында балалар прокуратура органдарының қызметімен танысып, практикалық құқықтық жағдайларды талдайды, интеллектуалдық ойындарға қатысады және өз білімдерін іс жүзінде қолдануды үйренеді. Біз әсіресе буллингтің, интернет-алаяқтықтың және есірткіге байланысты қылмыстардың алдын алуға баса назар аударамыз. Ең бастысы, заң мен тәртіп әрқайсымыздан басталатынын жастар түсінуі керек», – деді Гүлсара Керімжанова.
Квестте белсенділік танытып, тапсырмаларды орындауда көзге түскендердің бірі – Әл-Фараби атындағы мектеп-гимназияның 9-сынып оқушысы Диас Маратов. Оның айтуынша, мұндай кездесулер құқық қорғау органдарының жұмысын жақынырақ танып, болашақ мамандығын таңдауға көмектеседі.
«Осындай шаралар бізге заңды тереңірек түсінуге, өз ойымызды дәлелдеуге және командамен жұмыс істеуге үйретеді. Құқық қорғау саласының мамандарының қызметімен танысу мен үшін қызықты болды. Болашақта осы бағытта білім алып, елге қызмет еткім келеді», – дейді Диас Маратов.
Жасөспірімнің құқық қорғау саласына қызығушылығы кездейсоқ емес. Ол әкесінің жолын жалғап, болашақта осы салада білікті маман болуды мақсат етеді. Квест оның кәсіби бағдарын айқындауға және таңдаған жолына деген ынтасын нығайтуға мүмкіндік берді.
Шара соңында белсенді қатысушыларға Қазыбек би ауданының әкімдігі мен прокуратура өкілдері алғысхаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етті. Ұйымдастырушылар мұндай жобалар жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, заңға және өзгенің құқығына құрметпен қарауға, сондай-ақ құқық бұзушылықтың алдын алуға септігін тигізетінін атап өтті.
Заңды білу – тек болашақ заңгерлерге ғана қажет білім емес. Ол әрбір азаматтың құқығы мен міндетін түсініп, жауапты шешім қабылдауына негіз болады. Сондықтан жасөспірімдерге құқықтық білім беретін осындай бастамалардың маңызы зор.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

