Заңсыз граффити жазулар – қоғам қауіпсіздігіне төнген қауіп

Аула қабырғаларындағы бейберекет жазулар мен күмәнді суреттер сырт көзге жай ғана бұзақылық болып көрінуі мүмкін. Алайда олардың арасында есірткі заттарын жарнамалайтын, мессенджерлерге сілтеме мен телефон нөмірлерін көрсететін заңсыз жазулар да бар. Сондықтан мұндай әрекеттермен күресу – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі.

Заңсыз жазуларға тосқауыл қою мақсатында еліміздің бірқатар қаласында, соның ішінде Қарағандыда да ауқымды рейдтер мен тазарту жұмыстары жүргізілді. Жалпыреспубликалық шара барысында мыңдаған нысан заңсыз жазулардан тазартылды. Сонымен қатар есірткі құралдарын насихаттау және вандализм деректері бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалып, мыңдаған әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Бұл жұмыстарға белсенді жастар мен еріктілер де атсалысып, қала көшелері мен аулаларды тазартуға үлес қосты. Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті басқармасы бастығының орынбасары Ақтоты Боранованың айтуынша, қоғамдық тәртіпті сақтау тек полиция қызметкерлерінің міндеті емес. Әрбір тұрғын өзі тұратын аумақтың тазалығы мен қауіпсіздігіне бейжай қарамауы керек. Заңсыз жазулардың алдын алу үшін тұрғындардың қырағылығы мен белсенділігі маңызды. Күмәнді жазуларды немесе бұзақылық әрекеттерді байқаған жағдайда құқық қорғау органдарына дереу хабарлау қажет.

– Кейбір жазулар есірткі заттарын заңсыз жарнамалауға, оларды таратуға немесе сатып алуға бағытталған сілтемелер мен байланыс деректерін қамтуы мүмкін. Сондықтан мұндай әрекеттерге бейжай қарауға болмайды. Күмәнді жазуларды немесе құқық бұзушылық белгілерін байқасаңыз, құқық қорғау органдарына хабарлаған жөн, – деді Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті басқармасы бастығының орынбасары Ақтоты Боранова.

Қала тазалығы мен қоғамдық қауіпсіздік, заң мен тәртіп – баршаға ортақ міндет. Заңсыз жазулардың алдын алу, қоршаған ортаны таза ұстау және құқық бұзушылық туралы дер кезінде хабарлау арқылы әр тұрғын өз ауласының көркеюіне және қауіпсіз ортаның қалыптасуына үлес қоса алады.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»