Жылу желілерін жаңғыртуға инвестиция артып келеді
Қазақстанда коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары қарқын алды. Ұлттық жобаның алғашқы жылында салаға жарты триллион теңгеден астам инвестиция тартылып, 40 монополист кәсіпорын қаржыландыруға қол жеткізді. Соның нәтижесінде инфрақұрылымының тозу деңгейі 70 пайыздан асқан «қызыл аймақтағы» сегіз кәсіпорын бұл санаттан шықты.
Биыл коммуналдық желілерді жаңарту көлемі екі еседен астам өсті. Жобаның қаржыландыру тетігі бойынша қаражаттың төрттен үш бөлігі бюджеттен тыс көздерден қарыз түрінде тартылады. Мұндай модель мемлекеттік бюджетке қосымша салмақ түсірмей, инфрақұрылымға инвестиция көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Қарағанды облысында да жылу желілерін жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Өңірде жалпы құны 8 миллиард теңгеден асатын екі ірі жылу магистралі қайта жаңартылды. Бұл жұмыстар жылумен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыруға және желілердің тозуын азайтуға бағытталған.
Жоба аясында тарифке қарызды өтеу мен жылдық 10 пайызға дейінгі мөлшерлеме бойынша сыйақы ғана енгізілетіні көзделген. Ал осы деңгейден асатын пайыздық мөлшерлеме бөлігін мемлекет субсидиялайды. Бұл тәсіл инфрақұрылымды жаңғыртуға қажетті инвестиция тартумен қатар, шығындарды тұтынушыларға түсетін тарифтік жүктемемен ұштастыруға бағытталған.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

