Жасанды интеллект инсультті төрт минутта анықтауға көмектеседі

Қазақстанда жасанды интеллект медициналық диагностикада кеңінен қолданыла бастады. Ол инсультті анықтауға, сүт безі мен өкпенің түсірілімдерін талдауға, сондай-ақ медициналық құжаттарды автоматтандыруға көмектеседі.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жасанды интеллект алгоритмдері компьютерлік және магниттік-резонанстық томография, ультрадыбыстық зерттеу мен электрокардиография нәтижелерін талдауда қолданылады. Негізгі басымдық инсульт, онкологиялық және жүрек-қан тамырлары ауруларын ерте анықтауға берілген.

Қазақстанда осы бағытта Cerebra платформасы жұмыс істейді. Ол ишемиялық және геморрагиялық инсульт белгілерін төрт минут ішінде анықтауға мүмкіндік береді. Бұған дейін мұндай талдау дәрігерлердің бірнеше сағатын алса, кейбір өңірлерде бір тәулікке жуық уақыт қажет болатын.

Қазіргі таңда Cerebra отандық 50 ауруханада енгізілген. Олардың қатарында Қарағанды қаласының медициналық мекемелері де бар. Жасанды интеллектіні қолдану дәрігерлерге тексеру нәтижелерін жедел бағалап, күдікті өзгерістерді уақытында анықтауға мүмкіндік береді.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»