Парентеральды вирустық гепатиттер

Парентеральды вирусты гепатиттер – бауырдың қабынуымен сипатталатын, кең таралған жұқпалы аурулар тобы. Олардың ішінде В және С парентералды вирустық гепатиттері денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Бұл инфекциялар ұзақ уақыт бойы клиникалық белгілерсіз өтіп, созылмалы түрге ауысуымен және ауыр асқынуларға әкелуімен қауіпті.

Қазіргі таңда вирустық гепатиттерді ерте анықтау, олардың таралуының алдын алу және халықтың санитариялық сауаттылығын арттыру – денсаулық сақтау жүйесінің маңызды бағыттарының бірі.

Вирустық гепатит В және С әртүрлі вирустар арқылы туындайды, алайда олардың берілу жолдары ұқсас. Инфекцияның негізгі берілу механизмі – парентеральды жол, яғни вирус адамның ағзасына қан немесе басқа биологиялық сұйықтықтар арқылы енеді. Инфекция көбінесе медициналық және косметологиялық манипуляциялар кезінде стерильді емес құралдарды қолданудан, қан және оның компоненттерін құю барысында, қорғаныссыз жыныстық қатынас кезінде, сондай-ақ жұқтырған анадан балаға берілуі мүмкін. Сонымен қатар қан іздері болуы ықтимал ұстара, тіс щеткасы сияқты жеке гигиена заттарын ортақ пайдалану да инфекция жұқтыру қаупін арттырады.

Вирустық гепатиттердің клиникалық көріністері әртүрлі болуы мүмкін. Кейбір науқаста әлсіздік, тез шаршағыштық, тәбеттің төмендеуі, жүрек айну, оң жақ қабырға астындағы ауырсыну сияқты белгілер байқалса, кейбір жағдайларда ауру ешқандай симптомсыз өтеді. Әсіресе С гепатиті ұзақ уақыт бойы жасырын түрде дамып, тек зертханалық тексерулер кезінде анықталуы мүмкін. Сондықтан тәуекел топтарына жататын адамдардың мерзімді медициналық тексеруден өтіп тұруы маңызды.

Вирустық гепатиттердің диагностикасы зертханалық зерттеулерге негізделеді. Заманауи серологиялық және молекулалық-генетикалық әдістер вирусты ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Ерте диагностика аурудың әрі қарай дамуын бақылауға, асқынулардың алдын алуға және тиімді ем жүргізуге жағдай жасайды.

Парентералды вирустық гепатиттердің алдын алуда профилактикалық шаралардың маңызы зор. В гепатитіне қарсы вакцинация инфекциядан қорғанудың ең тиімді тәсілі болып табылады. Қазақстан Республикасында балаларды В гепатитіне қарсы иммундау ұлттық егу күнтізбесіне енгізілген. Сонымен қатар медициналық ұйымдарда инфекциялық бақылау талаптарын сақтау, құралдарды сапалы стерильдеу, бір рет қолданылатын медициналық бұйымдарды пайдалану және донорлық қанды мұқият тексеру инфекцияның таралуының алдын алуға мүмкіндік береді.

Қорытындылай келе, В және С парентеральды вирустық гепатиттері – халық денсаулығына елеулі қауіп төндіретін жұқпалы аурулар. Аурудың ауыр зардаптарының алдын алу үшін профилактикалық шараларды сақтау, халықтың санитариялық сауаттылығын арттыру, ерте диагностика жүргізу және вакцинацияны кеңінен қолдану қажет. Тек кешенді алдын алу шаралары арқылы аталған инфекциялардың таралу деңгейін төмендетуге және қоғам денсаулығын нығайтуға болады.

Н.М.АЙМАҒАНБЕТОВ,

Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы ауданының

СЭББ басшысы