Заманауи мектеп – сапалы білімнің негізі
Елімізде білім беру инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Соның ауқымды бағыттарының бірі – «Келешек мектептері» ұлттық жобасы. Жоба аясында соңғы үш жылда 217 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, 460 мың оқушыға арналған заманауи білім беру орындары құрылды.
2024 жылы басталған жоба қалалармен қатар ауылдық елді мекендердегі мектеп инфрақұрылымын жаңартуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде үш ауысымда жұмыс істеген 54 мектептің және апатты жағдайда тұрған 12 білім беру нысанының мәселесі шешілді. Сонымен қатар 100-ден астам мектепте оқушы орындарының тапшылығы азайды.
Жаңа мектептердің салынуы оқушы саны жыл сайын артып келе жатқан елді мекендер үшін айрықша маңызды. Бұған дейін кейбір білім беру ұйымдарына түсетін жүктеменің шамадан тыс болуы, бірінші сыныпқа қабылдау кезінде кезектің қалыптасуы сияқты мәселелер кездесетін. Жаңа нысандардың пайдалануға берілуі осы түйткілдерді кезең-кезеңімен шешуге жол ашып отыр.
Жоба аясында салынған 217 мектептің 84-і ауылдық жерлерде орналасқан. Бұл 130 мыңнан астам ауыл баласына заманауи жағдайда білім алуға мүмкіндік береді. Жаңа мектептердің ғимараты да бұрынғы типтік жобалардағы білім беру нысандарымен салыстырғанда 15–20 пайызға кең. Қосымша кеңістік дәліздерге, асханаларға, спорт залдарына және оқушылардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге қарастырылған.
Мектептердің материалдық-техникалық базасы да жаңа талаптарға сай жабдықталуда. Дәстүрлі тақталардың орнын интерактивті панельдер басса, оқушыларға арналған парталар олардың жас ерекшелігіне бейімделген эргономикалық трансформерлермен жабдықталған. Әр оқушыға жеке шкафтар қарастырылған. Мұндай шешімдердің барлығы мектептегі оқу ортасын барынша жайлы әрі қауіпсіз етуге бағытталған.
«Келешек мектептерінің» басты ерекшеліктерінің бірі – оқу кабинеттерінің заманауи жабдықталуы. Жаңа білім ордаларында физика, химия және биология зертханалары, STEM және робототехника кабинеттері жұмыс істейді. Бұл оқушылардың теориялық білімін тәжірибе жүзінде бекітіп, заманауи технологиялармен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Білім беру инфрақұрылымын жаңартумен қатар педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға да басымдық берілуде. Биыл шамамен 7 мың мұғалім заманауи білім беру технологиялары, цифрлық құралдар, жасанды интеллект және инклюзивті оқыту бағыттары бойынша біліктілігін жетілдірген. Яғни жаңа мектептер тек жаңа ғимарат ретінде емес, білім сапасын арттыруға бағытталған тұтас оқу ортасы ретінде қалыптасып келеді.
«Жаңа мектептердің басты мақсаты – балаларға заманауи әрі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру. Инфрақұрылым жаңарған сайын педагогтердің де жаңа технологияларды меңгеруі маңызды. Сондықтан мектептерді жабдықтаумен қатар мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше мән беріліп отыр. Біріншіден, оқушыларға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптасады. Екіншіден, заманауи зертханалар, STEM және робототехника кабинеттері балалардың практикалық білім алуына мүмкіндік береді. Жаңа мектептердің іске қосылуы оқушы орындарының тапшылығын біртіндеп азайтуға мүмкіндік береді. Әсіресе оқушы саны көп аудандарда жаңа білім беру нысандарының салынуы мектептерге түсетін жүктемені төмендетеді. Жаңа технологияларды тиімді пайдалану маңызды. Сондықтан педагогтер цифрлық құралдар, жасанды интеллект, заманауи оқыту әдістері және инклюзивті білім беру бойынша біліктілігін арттырып жатыр. Басты мақсат – жаңа мектептерде заманауи білім беру талаптарына сай оқу үдерісін қалыптастыру», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің инвестициялық саясат және инфрақұрылымдық даму департаментінің директоры Айқожа Абсадықов.
Білім беру саласындағы мұндай жаңғырту жұмыстары мектептердегі орын тапшылығын азайтып қана қоймай, оқушыларға сапалы білім алуға қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді. Заманауи инфрақұрылым, жаңа технологиялар және білікті педагог – өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына негіз болатын маңызды үш бағыт. Сондықтан жаңа мектептердің бой көтеруі елдің білім беру жүйесін жаңғыртудағы маңызды қадамдардың бірі болып отыр.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

