Жаңа Конституция күшіне енді: Қазақстан саяси дамудың жаңа кезеңіне қадам басты

1 шілдеден бастап Қазақстанда республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция ресми түрде күшіне енді. Осылайша, 1995 жылғы Конституцияның қолданысы тоқтатылып, елдің мемлекеттік құрылысы мен саяси жүйесін айқындайтын жаңа Ата Заң өз жұмысын бастады.

Жаңа Конституция биылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда қабылданды. Құжатта Қазақстанның мемлекеттік құрылысының негізгі қағидаттары – унитарлық мемлекет, аумақтық тұтастық, мемлекеттік шекараның қол сұғылмаушылығы, заң үстемдігі, сондай-ақ елдің егемендігі мен тәуелсіздігі берік бекітілген. Сонымен қатар Конституцияда биліктің бірден-бір бастауы – Қазақстан халқы екені тағы бір мәрте нақтыланған.

Жаңа Ата Заңға сәйкес елімізде мемлекеттік басқару жүйесіне бірқатар маңызды өзгеріс енгізілді. Соның бірі – заң шығару қызметін жүзеге асыратын бір палаталы Құрылтайдың құрылуы. Оның құрамына 145 депутат енеді. Сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесінде алғаш рет вице-президент лауазымы енгізіліп, ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жекелеген өкілеттіктерді жүзеге асыратын болады.

Конституциялық реформалар аясында Халық Кеңесі атты жаңа консультативтік орган да құрылады. Бұл құрылым қоғамның түрлі әлеуметтік топтарының пікірін жинақтап, мемлекеттік шешімдер қабылдау кезінде азаматтардың мүддесін ескеруге бағытталған.

Жаңа Конституцияның күшіне енуі Қазақстанның саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған реформалардың жаңа кезеңін бастап берді. Сарапшылардың пікірінше, Ата Заңда бекітілген өзгерістер мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға, заң үстемдігін нығайтуға және елдің орнықты дамуына құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталған.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»