Заң үстемдігі – әлеуметтік әділдіктің кепілі

Қарағанды облысында қабылданған бір сот шешімі әлеуметтік қорғау саласында жылдар бойы қалыптасқан тәжірибені өзгертуі мүмкін. Апелляциялық сот мемлекеттік органның әрекетін заңсыз деп танып, шахтинскілік зейнеткердің мектеп жанындағы оқу-өндірістік комбинатында оқыған уақытын еңбек өтіліне енгізу туралы талабын қанағаттандырды. Бұл шешім енді тек бір азаматтың ғана емес, кезінде дәл осындай оқу бағдарламасынан өткен мыңдаған қазақстандықтың зейнетақысын қайта есептеуге құқықтық негіз қалыптастырып отыр.

Азамат өз құқығын сот арқылы қорғай алды, ал сот мемлекеттік органның заңды дұрыс қолданбағанын анықтады. Осыған дейін Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Шахтинск қаласының тұрғыны Светлана Блоханың талабын қанағаттандырған болатын. Алайда Қарағанды облысы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаменті бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген. Мемлекеттік орган оқу-өндірістік комбинатындағы оқу мектеп бағдарламасының бір бөлігі болғандықтан, оны еңбек өтілі ретінде есептеуге болмайды деген ұстанымда болды.

Алайда апелляциялық сот бірінші сатыдағы соттың қорытындысын толық қолдап, қолданыстағы заңнаманы негізге ала отырып, оқу кезеңі еңбек өтіліне енгізілуі тиіс деген шешім шығарды.

Бұл істе шешуші рөл атқарған жайттардың бірі – кеңестік кезеңдегі заңнаманың және бүгінгі Әлеуметтік кодекстің талаптарын жан-жақты зерделеу болды. Заңгерлік кеңесші Артём Маленконың айтуынша, оқу-өндірістік комбинаттары сол кезеңде жай ғана мектеп пәні емес, ресми түрде жұмысшы мамандарын даярлайтын жүйе болған.

– КСРО-ның «Халыққа білім беру туралы» заңында жалпы білім беретін мектепті аяқтай отырып, белгілі бір жұмысшы мамандығын меңгерген азаматтарға мемлекеттік үлгідегі куәлік берілетіні нақты көрсетілген. Мұндай құжат барлық ұйымдар үшін міндетті күшке ие болған. Сондықтан бұл кезеңнің еңбек өтілі ретінде есептелуі заң талаптарына толық сәйкес келеді. Бір жыл сегіз айлық еңбек өтілі зейнетақы мөлшеріне ай сайын шамамен 12 мың теңге қосуға мүмкіндік береді. Бұл көптеген зейнеткерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартатын маңызды мәселе, – дейді Артём Маленко.

Іс материалдарына сәйкес, Светлана Блоха мектеп қабырғасында жүріп тігінші мамандығын меңгеріп, арнайы біліктілік куәлігін алған. Кейін дәл осы құжаттың негізінде еңбек жолын бастаған.

– Аптасына жеті сағат теориялық және тәжірибелік сабақтарға қатыстық. Кейін дәл осы куәліктің негізінде жұмысқа маман ретінде қабылдандым. Егер мамандық болмаса, үйренуші ретінде жұмысқа алар еді. Демек, бұл оқу нақты кәсіптік даярлық болған, – дейді Светлана Блоха.

Апелляциялық сот та осы дәлелдерді негізге алып, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде зейнетақы тағайындау кезінде кадрларды даярлау курстарында және кәсіптік оқыту ұйымдарында оқыған мерзімнің еңбек өтіліне енгізілетіні нақты көзделгенін атап өтті.

Осылайша, сот әлеуметтік қорғау органдарының ұзақ жылдар бойы қолданылып келген «оқу-өндірістік комбинаттағы оқу еңбек өтілі болып саналмайды» деген тәжірибесін заң талаптарына сәйкес емес деп бағалады.

Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін Светлана Блоханың зейнетақысы алғашқы тағайындалған күннен бастап қайта есептелетін болды. Оның оқу-өндірістік комбинатында оқыған 1 жыл 8 айлық кезеңі ресми еңбек өтілі ретінде енгізіледі.

Бұл шешімнің әлеуметтік маңызы ерекше. Себебі кеңестік кезеңде оқу-өндірістік комбинаттарында мыңдаған оқушы тігінші, токарь, жүргізуші, электрик және басқа да жұмысшы мамандықтарын меңгерген болатын. Егер олардың қолында тиісті құжаттар сақталған болса, енді олар да өз еңбек өтілін қайта есептетуді талап етуге заңды мүмкіндік алады.

Қарағандыда қалыптасқан бұл құқықтық тәжірибе өзге өңірлер үшін де маңызды үлгі болмақ. Өйткені заңды дұрыс қолдану арқылы азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғауға, зейнетақы жүйесіндегі әділдікті қамтамасыз етуге болатынын осы іс нақты дәлелдеп отыр.

Заң үстемдігі мен азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғау бағытындағы мұндай тәжірибелер мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын арттырып қана қоймай, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етудің тиімді тетігіне айналуда. Қабылданған бұл шешім – бір адамның жеңісі ғана емес, өз құқығын қорғауға ұмтылатын мыңдаған қазақстандық үшін маңызды құқықтық бағдар.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»