Тең қоғам – тең халық
Қарағанды облысында мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту және олардың әлеуметтік белсенділігін арттыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен күшейтіліп келеді. Өңірде ерекше қажеттілігі бар жандарға тұрақты жұмыс табуға, жаңа мамандық игеруге және жеке кәсібін ашуға мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарламалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары бұл бағыттағы қолдау тетіктері кеңейіп, жұмыспен қамтылған азаматтар саны да артып келеді.
Қазіргі таңда Қарағанды облысында мыңдаған мүгедектігі бар азамат еңбекке қабілетті санатқа жатады. Олардың басым бөлігі түрлі мемлекеттік бағдарламалар, квоталық жұмыс орындары және арнайы әлеуметтік жобалар арқылы еңбек нарығына тартылып отыр. Облыстық Еңбек мобильділігі орталығының мәліметінше, жыл басынан бері мансап орталықтарына мыңға жуық ерекше қажеттілігі бар азамат жүгінген. Соның нәтижесінде 300-ге жуық адам тұрақты жұмысқа орналасса, тағы 170-ке жуығы квота негізінде еңбекпен қамтылған.
Өңірде мүгедектігі бар азаматтарды қолдаудың маңызды бағыттарының бірі – арнайы жұмыс орындарын ашу. Бұл бағдарлама көру, есту қабілеті бұзылған және тірек-қимыл аппараты зақымданған азаматтарға қолайлы еңбек жағдайын жасауға бағытталған.
Бағдарлама аясында жұмыс берушілерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Арнайы жұмыс орнын жабдықтауға кеткен шығындар өтеліп, қызметкердің жалақысының бір бөлігі үш жылға дейін субсидияланады. Соның арқасында кәсіпкерлер ерекше қажеттілігі бар жандарды жұмысқа қабылдауға көбірек қызығушылық танытып отыр.
Осындай қолдаудың шарапатын көргендердің бірі – Қарағанды қаласының тұрғыны Данагүл Аманбаева. Көру қабілеті бойынша II-топтағы мүгедектігі бар ол бұрын медицина саласында еңбек еткен. Денсаулығына байланысты жұмысын тоқтатуға мәжбүр болғанымен, кейін Мансап орталығына жүгініп, қайтадан сүйікті саласына оралған.
– Медициналық білімім бар. Сонымен қатар сауықтыру, балалар және косметологиялық массаж бойынша сертификаттар алғанмын. Әрдайым осы бағытта жұмыс істегім келетін. Қазір өзімді қайта тапқандай сезінемін, – дейді Данагүл.
Бүгінде ол Қарағандыдағы массаж салондарының бірінде еңбек етеді. Арнайы бағдарлама аясында оның жұмыс орны қажетті құралдармен жабдықталған.
Салон иесі Мақпал Шәріпованың айтуынша, ерекше қажеттілігі бар мамандар өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайды.
– Бізде Мансап орталығы арқылы келген екі қызметкер бар. Қазір оларды оқытып, кәсіби тұрғыда дамытудамыз. Арнайы осындай азаматтарды жұмысқа қабылдадым, себебі олардың тұрақты табыс тауып, қоғамға бейімделуіне мүмкіндік бергім келді, – дейді кәсіпкер.
Мемлекеттік қолдаудың тағы бір бағыты – қайтарымсыз гранттар арқылы шағын кәсіп ашуға мүмкіндік беру. Бұл мүмкіндікті пайдаланғандардың бірі – Теміржан Медетбеков.
Бұрын Балқаш тау-кен металлургия комбинатында еңбек еткен ол денсаулығына байланысты жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. Кейін Қарағандыға қоныс аударып, түрлі салада өзін сынап көргенімен, денсаулығы толыққанды жұмыс істеуге мүмкіндік бермеген.
– Біраз уақыт жұмыссыз жүрдім. Кейін жұбайым маникюр жасауды үйреніп жүрген кезде маған да байқап көруді ұсынды. Осылайша жаңа кәсіпке қызығушылығым пайда болды. Біртіндеп клиенттер жиналып, кейін өз кәсібімізді аштық, – дейді Теміржан.
Қайтарымсыз грант есебінен отбасы қажетті құрал-жабдық сатып алып, қазір жеке маникюр кабинетін ашқан. Сонымен қатар балалар киімі мен ойыншықтарына арналған шағын дүкен де іске қосылған.
Мамандардың айтуынша, мұндай мысалдар ерекше қажеттілігі бар азаматтардың қоғамнан шет қалмай, толыққанды еңбек ете алатынын көрсетеді.
Қарағанды облысында бүгінде «Қоғамдық жұмыстар», «Жастар практикасы», «Күміс жас», «Алтын жас» секілді бағдарламалар да жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, жаңа мамандық меңгергісі келетін азаматтарға үш айдан алты айға дейін тегін кәсіби оқыту курстары ұсынылады.
Биыл өңірде 13 арнайы жұмыс орнын ашу жоспарланған. Қазіргі уақытта алты адам еңбекке орналастырылған. Олардың төртеуі – есту қабілеті бұзылған азаматтар, екеуі – көру қабілеті төмен жандар.
Еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары Дәурен Қошқаралиевтің айтуынша, ерекше қажеттілігі бар азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі өңірде тұрақты бақылауда.
– Біз мүгедектігі бар азаматтардың жұмыс табуына, жаңа мамандық меңгеруіне және өз кәсібін бастауына жан-жақты қолдау көрсетуге тырысамыз. Мемлекеттік бағдарламалардың басты мақсаты – олардың қоғамға толыққанды араласуына мүмкіндік жасау, – деді ол.
Мүгедектігі бар жандарды жұмыспен қамту тек әлеуметтік мәселе емес, қоғамдағы тең мүмкіндіктер қағидатын қалыптастырудың маңызды бөлігі. Ал мемлекеттік қолдау шаралары олардың өмір сапасын жақсартып қана қоймай, экономикалық белсенділігін арттыруға да мүмкіндік береді.
Ералы ҒАНИ,
«QH»
