Фармацевтика саласы өңірімізде дамитын болады

Қарағанды облысында фармацевтика саласын дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Қарағанды фармацевтикалық кешені базасында заманауи өндірістік желі іске қосылып, жаңа буындағы дәрілік препараттар шығару жоспарланып отыр. Ауқымды жобаны Қазақстан Үкіметі қолдады.

Жоба аясында кәсіпорынның өндірістік қуаты кеңейтіліп, дәрілік заттардың 74 түрін шығару көзделген. Олардың қатарында онкологиялық, аутоиммунды және орфандық ауруларды емдеуге арналған инновациялық препараттар да бар. Мамандардың айтуынша, бұл отандық медицина саласы үшін маңызды қадамдардың бірі болмақ.

Жобаны іске асыруға 42,5 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылған. Жаңа өндірістік қуаттардың іске қосылуы нәтижесінде өңірде 70-ке жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.

Мемлекеттік деңгейде қолдау тапқан бастама елдегі дәрілік қауіпсіздікті күшейтуге және импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен «Қарағанды фармацевтикалық кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында арнайы инвестициялық келісім жасалған.

Үкімет өкілдерінің мәліметінше, бұл жоба еліміздің фармацевтика саласындағы ең ірі инвестициялық бастамалардың бірі саналады.

Жоба аясында кәсіпорынның қазіргі өндірістік қуаттары жаңғыртылып қана қоймай, қолданыстағы ғимарат негізінде жаңа өндіріс іске қосылады. Заманауи технологиялар енгізу арқылы дәрі-дәрмек өндірісінің сапасы мен көлемін арттыру көзделген.

Мамандардың айтуынша, отандық фармацевтика өндірісін кеңейту халықты қажетті дәрілік препараттармен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әсіресе, сирек кездесетін және күрделі ауруларды емдеуге арналған дәрілерді ел ішінде шығару денсаулық сақтау жүйесі үшін стратегиялық маңызға ие.

Жобаны іске асыру мерзімі алты жылға жоспарланған. Осы уақыт ішінде өндірістік инфрақұрылым толық жаңартылып, халықаралық талаптарға сай жаңа технологиялық желілер кезең-кезеңімен іске қосылады.

Мұндай өндірістердің дамуы Қарағанды облысының өнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, Қазақстандағы фармацевтика саласының бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге ықпал етеді. Сонымен қатар, отандық дәрі өндірісінің үлесін арттыру арқылы медициналық өнімдердің қолжетімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жол ашылады.

Ералы ҒАНИ,

«QH»