Соңғы қоңырау жақын: Қарағанды облысында оқу жылы қорытындыланды
Қарағанды облысында оқу жылын қорытындылау кезеңі басталды. Биыл өңірде 8 мыңнан астам түлек алтын ұя мектебімен қоштасқалы отыр. Осыған орай өткен брифингте білім басқармасы өкілдері мектеп бітіру кештерін өткізу тәртібі, Ұлттық бірыңғай тестілеудің ерекшеліктері және колледждерге құжат қабылдау науқаны туралы мәлімет берді.
Биыл облыс бойынша 9-сыныпты 15 мыңнан астам оқушы аяқтаса, 11-сыныппен 8 жарым мыңнан астам түлек қоштасады. Олардың арасында 248 оқушы «Алтын белгіге» үміткер. Сабақтар дәстүрлі түрде 25 мамырда аяқталып, барлық мектепте «Білімім – Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өтеді. Одан кейін түлектер үшін қорытынды аттестаттау басталады.
Қарағанды облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Сыздықовтың айтуынша, биыл да барлық емтихан бекітілген талаптарға сай ұйымдастырылады.
– 9-сынып түлектеріне арналған қорытынды аттестаттау 29 мамыр мен 11 маусым аралығында, ал 11-сынып түлектеріне арналған аттестаттау 2-15 маусым аралығында өткізіледі. Аттестаттарды салтанатты түрде тапсыру рәсімі 17-18 маусым күндері мектеп қабырғасында өтеді. «Алтын белгіге» үміткер түлектердің барлық емтихан жұмыстары білім басқармасы жанынан құрылған облыстық комиссияда қаралады. Бұл бағалаудың объективтілігін, ашықтығын және бірыңғай тәсілдерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді ол.
Брифинг барысында мектеп бітіру кештеріне қатысты қатаң талаптар да еске салынды. Биыл салтанатты шараларды тек мектеп қабырғасында өткізуге рұқсат етіледі. Ал дәмханаларда, мейрамханаларда немесе табиғат аясында банкет ұйымдастыруға, автокортеждер өткізуге және таңды қарсы алу кештеріне тыйым салынды.
Сондай-ақ мектеп әкімшілігіне, мұғалімдерге сыйлық жинау немесе мектеп жөндеуіне ата-аналардан қаржы талап ету заңсыз деп танылды. Бұл талап балабақша мен колледж түлектеріне де қатысты.
– Педагогикалық әдепті сақтау және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу мақсатында әкімшілік пен педагогикалық ұжымға сыйлық алуға ақша жинауға жол берілмейді. Сонымен қатар, мектеп жөндеуіне қаражат жинауға қатаң тыйым салынады. Аталған талаптарды бұзу фактілері анықталған жағдайда білім беру ұйымдарына қатысты заңнамаға сәйкес қатаң шаралар қабылданады, – деді Мейіржан Сыздықов.
Қазір 11-сынып түлектері үшін ең жауапты кезеңдердің бірі – Ұлттық бірыңғай тестілеу. 10 мамырдан бастап грант конкурсына арналған жазғы ҰБТ маусымы басталды. Биыл тестілеу толықтай электронды форматта өтуде. Сынақ барысы бейнебақылау және заманауи прокторинг жүйесі арқылы қадағаланады. Түлектерге жазғы кезеңде тесті екі рет тапсыру мүмкіндігі берілген.
Ал мектептен кейін кәсіптік білім алуды жоспарлаған жастар үшін облыс колледждері жаңа қабылдау маусымына дайын. Биыл өңірдегі колледждер 10 мыңнан астам маман даярлап шығарған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 пайызға көп. Сонымен қатар облыстағы жеті колледж халықаралық аккредиттеуден өтіп, білім сапасының жоғары деңгейін дәлелдеді.
– Колледждерге қабылдау мәселесіне келсек, құжат қабылдау 20 маусымда басталып, 29 тамызға дейін жалғасады. Құжаттарды eGov.kz порталы арқылы онлайн немесе колледждердің қабылдау комиссиялары арқылы дәстүрлі форматта тапсыруға болады, – деді басқарма өкілі.
Білім басқармасы өкілдері түлектерге сәттілік тілеп, ата-аналарды заң талаптарын сақтауға және балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»

