Өнімдерді таңбалау – тұтынушы қауіпсіздігінің кепілі

Таңбалау – бұл өнім туралы маңызды ақпаратты тұтынушыға жеткізудің негізгі құралы. Ол тауардың атауын, құрамын, өндірілген күнін, жарамдылық мерзімін, өндіруші туралы мәліметтерді және қолдану шарттарын қамтиды. Дұрыс әрі толық таңбаланған өнім тұтынушының саналы таңдау жасауына мүмкіндік береді және оның денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғауға ықпал етеді. Сонымен қатар таңбалау өнімнің сапасын бақылауға, жалған тауарлардың алдын алуға және заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге көмектеседі.

Тағам өнімдерін таңбалаудың талапқа сай жүзеге асырылуы «Тамақ өнімдері оны таңбалау бөлігінде» Кеден одағының 022/2011 техникалық регламентінде қарастырылған.

Осы Кеден одағының техникалық регламенті Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында айналымға шығарылатын тағам өнімдеріне, оның ішінде олардың таңбалануына қатысты талаптарға қолданылады.

Оралған тамақ өнімдерінің таңбалауында мынадай мәліметтер болуға тиіс:

1) Тамақ өнімдерінің атауы;

2) Тамақ өнімдерінің құрамы;

3) Тамақ өнімдерінің саны;

4) Тамақ өнімдерін дайындау күні;

5) Тамақ өнімдерінің жарамдылық мерзімі;

6) Тамақ өнімдерін сақтау шарттары;

7) Тамақ өнімдерін дайындаушының атауы және орналасқан жері немесе тамақ өнімдерін дайындаушы дара кәсіпкердің тегі, аты, әкесінің аты және орналасқан жері;

8) Тамақ өнімдерінің тағамдық құндылығы көрсеткіштері;

9) Тамақ өнімдерінде гендік-модификацияланған организмдерді (ГМО) қолдана отырып алынған компоненттердің болуы туралы мәліметтер.

Тағам өнімінің құрамын таңбалауда компоненттер олардың өндіріс кезіндегі массалық үлесінің кему ретімен көрсетіледі және оның алдында «Құрамы» деген жазу берілуі тиіс. Компоненттердің атауы тиісті техникалық регламент талаптарына сәйкес көрсетіледі.

Тағам өнімінің өндірілген күні оның жарамдылық мерзіміне байланысты әртүрлі форматта көрсетіледі: қысқа мерзімді өнімдерде (72 сағатқа дейін) сағаты, күні, айы; 72 сағаттан 3 айға дейінгі өнімдерде күні, айы, жылы; ал 3 айдан асатын өнімдерде айы мен жылы немесе толық күні көрсетіледі, ал қант үшін тек өндірілген жылы беріледі. Таңбалауда «өндірілген күні» немесе соған ұқсас мағынадағы сөздер қолданылады.

Таңбалаудағы ақпараттың оңай оқылуы қолданылатын әріптің анықтығы мен айқындылығына, оның белгіленген өлшем талаптарына сәйкестігіне, сондай-ақ фон мен жазу түсінің арасындағы жеткілікті контрастқа байланысты қамтамасыз етіледі. Бұл талаптар ақпаратты арнайы оптикалық құралдарсыз (көруді түзетуге арналған көзілдірік пен линзалардан басқа) еркін оқуға мүмкіндік беруі тиіс.

Н.М.АЙМАҒАНБЕТОВ,

Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы ауданының СЭББ басшысы

 

Г.АСКЕН,

бас маман