Ұлттық рух ұлықталған дода
Шет ауданында Ы.Алтынсарин атындағы «Келешек мектебінде» ІІ аудандық «Көшпенділер ойындары» жоғары деңгейде өтті. Білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен тағылымды шараның мақсаты – ұлттық спорт түрлерін насихаттап, жас ұрпақтың бойына рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіру.
Ауқымды шараға ауданның 35 мектебінен 600-ге жуық оқушы қатысып, асық ату, бес асық, тоғызқұмалақ, садақ ату, қазақ күресі және жілік сындыру сынды ұлттық ойындар бойынша бақ сынады. Жарыстар оқушылардың ептілігі мен төзімділігін шыңдап қана қоймай, салт-дәстүрге деген құрметін арттырды.
Көшпенділер ойындары аясында 100 домбырашы бір мезетте күй орындап, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар, өнер мектептерінің дарынды оқушылары ән мен биден шашу шашты. Мектептер ұйымдастырған этноауылдарда киіз үйлер тігіліп, ұлттық нақыштағы көрмелер қойылды. Құмай тазы мен бүркіт көрсетіліп, саятшылық дәстүрі насихатталды.
Шара барысында «Жеті жарғы» қойылымы ұсынылып, қазақ халқының әділдікке негізделген құқықтық жүйесі дәріптелді.
Жарыс қорытындысында командалық есеп бойынша І-орынды Ы.Алтынсарин тірек мектебі, ІІ-орынды Сәкен ЖББМ, ІІІ-орынды Ю.А.Гагарин атындағы мектеп-лицей иеленді. Жеңімпаздар диплом, кубок және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

