Ұлттық болмысқа арналған ғылыми еңбек
Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университеті технопаркінде «Көшпенділер эстетикасы: ұлттық бірегейлік коды» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Тағылымды шараға ғалымдар, қоғам қайраткерлері, тарихшылар және шығармашылық интеллигенция өкілдері қатысып, еңбектің мазмұны мен маңызы жөнінде пікір алмасты.
Таныстырылым барысында қатысушылар көшпелі өркениеттің мәдени кодын сақтау мен оның қазіргі ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы маңызына тоқталды. Сондай-ақ дала мәдениетінің рухани мұрасына айрықша мән берілді.
– Қазіргі таңда мәдени бірегейлік, тарихи жады және рухани мұра мәселелері ерекше мәнге ие болып отырғандықтан, бұл кітаптың қайта жарық көруі тек ғылыми ғана емес, сонымен қатар қоғамдық тұрғыдан да маңызды оқиғаға айналды. Ұлттық болмысымыздың терең тамырларын айқындайтын еңбектің дәл осы жерде таныстырылуы да символдық сипатқа ие. Біздің университет әрдайым ата-баба дәстүрін заманауи ғылыми көзқараспен ұштастырып, жаңа білімге ашық әрі болашаққа ұмтылған орта ретінде қалыптасып келеді, – деді Е.А.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ проректорының міндетін атқарушы Еркебұлан Тәжібаев.
Қатысушылардың айтуынша, кітап авторлары ұлттық мәдениетке жаңаша гуманистік көзқарас қалыптастыруға негіз қалаған. Осы себепті бұл еңбектің қайта басылып шығуы қоғам үшін маңызды оқиға ретінде бағаланып отыр. Кітаптың 1976 жылы жарық көрген алғашқы басылымы жойылып, еңбектің өзі ұзақ жылдар бойы тыйым салынған болатын. Дегенмен авторлар ұсынған идеялар уақыт сынынан өтіп, бүгінде қайта жаңғырып отыр. Қоғам бұл еңбектің мазмұнын жаңаша тұрғыда зерделеп, қазақ мәдениетін дала кеңістігі, музыка, рәміздер және этникалық дүниетаным арқылы тануға бет бұруда.
– «Көшпенділер эстетикасы» сияқты еңбектің мерейтойы аталып өтеді деп ойламаған едім. Авторлары – менің замандастарым, олардың көбі бүгінде өмірден озған. Соған қарамастан, артында уақыт сүзгісінен өткен құнды еңбек қалды. Жылдар өтсе де бұл кітаптың маңызы жойылған жоқ, керісінше қазіргі қоғам үшін бұрынғыдан да өзекті бола түсті, – дейді тарих ғылымдарының докторы Марат Сембин.
Шара аясында кітаптың жазылу тарихына, авторларына және Ұлы дала мұрасының маңызды бөлігіне айналған идеялардың қалыптасу кезеңіне арналған тақырыптық фотокөрме ұйымдастырылды.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

