Қарағанды аспанындағы «қара бұлт»: Тұрғындарды шошытқан жәндіктердің сыры ашылды
Ара деуге де, маса деуге де келмейді. Соңғы күндері Қарағанды аспанында қаптап ұшқан белгісіз жәндіктер жұрттың үрейін туғызды. Әсіресе саябақтарда, гүлзарлар мен жасыл желекке толы аулаларда үйір-үйір болып ұшқан бұл «қонақтардың» қайдан келгені көпшілікті алаңдатқан. Кей тұрғын оларды тіпті «мутант жәндіктер» деп атап үлгерген.
Биылғы көктемде қарағандылықтар бұрын-соңды байқалмаған жәндіктер шеруіне куә болды. Олар ешқандай дыбыс шығармай, баяу қалықтап ұшады. Сырттай қарағанда шыбынға да, араға да, масаға да ұқсайды. Бірақ көлемі кәдімгі масадан әлдеқайда үлкен.
Әлеуметтік желілерде бұл жәндіктердің суреттері тарап, түрлі жорамалдар көбейді. Кейбіреулер олардың пайда болуын экологиямен байланыстырса, енді бірі тіпті конспирологиялық теорияларды алға тартқан.
Қала тұрғыны Мансұр Баянов та алғашында не екенін түсінбей қалғанын айтады.
– Басында маса шығар деп ойладым, бірақ масаға ұқсамайды, өте дәу. Шыбынға да келмейді. Біртүрлі оғаш, түсініксіз жәндіктердің ұшып жүргеніне назар аудардым. Қайдан келгенін білмеймін, – дейді ол.
Күн шыға салысымен пайда болатын жәндіктер көбіне гүлзарлар мен ағашы қалың аулаларды мекендейді. Ал кешке қарай жапырақтардың астына тұтас қонып, «тірі көрпе» секілді көрініс береді.
Қала тұрғыны Гүлмира Әдіқамова олардың жылдан-жылға көбейіп бара жатқанын айтады.
– Бұрын мұндай болмаған еді. Қазір бетке жабысып, көзге кіреді. Өте жайсыз сезінесің. Былтыр байқалмады, биыл тым көп. Меніңше, олар қауіпті болуы мүмкін, себебі түрлі бактерия тасиды ғой, – дейді тұрғын.
Алайда мамандар тұрғындарды сабырға шақырады. Қарағанды облыстық Экомұражайының өкілдері бұл жәндіктердің ешқандай мутацияға ұшырамағанын және адамға қауіп төндірмейтінін айтты. Белгісіз жәндік шын мәнінде «Көктемгі Марк жуансирағы» деп аталатын жәндік болып шыққан.
Қарағанды облыстық Экомұражайының даму жөніндегі директоры Дмитрий Калмыковтың айтуынша, бұл жәндіктер улы емес және адам шақпайды.
– Бақытымызға орай, бұл «сәуір шыбындары» қауіпті де, улы да емес. Ешкімді шақпайды. Негізінен гүл тозаңымен қоректенеді. Олардың қауіпті ауру тарататыны туралы ешқандай дерек жоқ. Бұл – табиғаттың бір бөлігі, сондықтан аздап шыдау керек, – дейді маман.
Мамандардың түсіндіруінше, халық арасында «сәуір шыбыны» немесе «қара шыбын» аталып кеткенімен, бұл жәндіктер шыбындарға жатпайды. Олар – ұзынмұртты қосқанатты масалар тобының өкілі. Денесін қара түсті түктер басқан, ал жуандау алдыңғы аяқтары арқылы топырақты қазуға бейімделген.
Табиғат оларды құстардан қорғану үшін араға ұқсатып жаратқан. Бірақ сыртқы келбеті қорқынышты болғанымен, бұл жәндіктердің ересектері шақпайды, қан сормайды, тіпті бізі де жоқ. Олар тек гүл шірнесі мен тозаңмен қоректеніп, көктемгі тозаңдандырушы қызметін атқарады.
Ал олардың дернәсілдері топырақта өмір сүріп, шіріген жапырақтар мен ағаш қалдықтарын өңдеу арқылы қарашірік түзеді. Биылғы нөсер жаңбыр мен күннің күрт жылынуы миллиондаған дернәсілдің бір мезетте жетілуіне себеп болған.
Мамандардың айтуынша, қарағандылықтарды шошытқан бұл қалың үйір – жәндіктердің жұптасу кезеңі ғана. Көп ұзамай олардың саны өздігінен азайып, табиғи цикл аяқталады.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

