Тәуелсіздік алаңы

Қарағанды шаһары. 1986 жыл. Желтоқсан желі өтінде бас даңғылда үш жүзден аса студенттер қозғалысы байқалады. Бұл – Қарағанды Мемлекеттік университеті, Медициналық университет, Политехникалық институттың кеше ғана ауылдан келген бозбала студенттері. Ойлары – Алматы қаласында болып жатқан оқиғаға қандай да қолдау білдіру.

Жариялық басталғаннан бері жастар арасында «Замандас» газеті қоғам арасына ой тастай бастаған кезі. «Балауса» атты қазақ әдебиеті мен мәдениетіне жанашыр студенттердің бой көрсете, өздерін ортаға таныта бастаған шағы болатын. Алаңға жиналған студенттердің ойы «Қазақ елін, Қазақстанды қазақ басқаруы керек» деген ұстаным болды. Ресейдің Ульяновск облысынан келген Колбиннің басшылыққа келуіне қарсы болды.

Облыстық комитет ғимаратының алдына жиналған жастар. Сол кезде милициялардың барлығы университеттен шыққаннан жастарды аңдып отырған. Жастарды әр тараптан қоршауға алған жасақ, милиция. Біршама көп жиналған студенттер шоғырына қосылмақшы болған топты бөліп тастап, алдыңғы қатарды топтап ұстап әкетті, қамады. Осыдан соң қаншама студент оқудан қуылды, жазаға тартылды. Бұл да Алматы қозғалысымен бір бағытта өтті.

1989 жыл. Сол алаң. «Тентек», «Долинка», «КСРО-ның 50 жылдығы», «Абай» шахталарының жұмысшылары 20 шілдеде жұмысты тоқтатып, еңбекті ұйымдастыру мен ақы төлеуді жетілдіру, тұрмыс пен демалыс жағдайын жақсарту жөнінде бірқатар талап қойды. Ертеңіне ереуіл Қарағанды көмір бассейнінің барлық шахталарына тарады. Қарағанды, Абай, Саран және Шахтинск қалаларының көшелерінде көп адам қатысқан митингілер өтті. Ереуілдің негізгі себептері – КСРО Көмір өнеркәсібі министрлігі, «Қарағандыкөмір» өндірістік бірлестігі тарапынан қалалар мен жұмысшы поселкелері еңбекшілерінің әлеуметтік мұқтаждарын елемеуі, Қарағанды бассейнін дамыту жөніндегі партия мен үкімет шешімдерінің үнемі орындалмауы, шаруашылық реформасының баяу жүзеге асырылуы. Ереуіл кезінде қалалық, облыстық ереуіл комитеттері (кейін жұмысшы комитеттері) құрылып, олар кеншілердің негізгі талаптарын ұсынды. «…Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы В.И.Локотунин осы қызметке Мәскеуден КПСС Орталық комитетінің аппаратынан екі жыл бұрын келген еді. Ол сөз алып мінберге көтерілгенде, оған бастырмалатып сұрақты жаудырды. Жауап беруге мұршасын келтірместен: «Сырттан келген адамсың, шахтерлердің жағдайын білмейсің, білгің келмейді, тау-кен жұмысшыларымен кездеспейсің, сөйлеспейсің, кеңсеңнен шықпайсың», – деп тұқыртып, сөйлетпей тастады. Ереуілшілермен диалог орнату оңайға түспеді.

Екі тарихи оқиғаның куәсі болған алаң. 2011 жыл. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай облыс орталығында бой көтерген жаңа монумент пен абаттандырылған алаңда Тәуелсіздік монументі ашылған болатын. Монумент ақ мәрмәр тастан қашалған, биіктігі – 47 метр, салмағы – 16 тонна. Монумент ұшар басындағы шардың және күннің үстіне қондырылған қыран бүркіт тәуелсіздік символын бейнелейді. Қыран бүркіт – жеті қазынаның бірі. Монументтің ортаңғы бөлігінде күн бейнеленген. Қазақ халқының танымында әсіресе «күн» образының символдық мәні ерекше деуге болады. Күн түркілік танымда – ең алдымен жасампаз қаһарман. Ол – жерді жаңартушы, көрік беріп, әлемді түрлендіруші. Стеланың төрт жағында тұлпар орналастырылған, олардың қанаттарының арасы әшекейленіп, қасбетіне Қазақстан Республикасының гербі орнатылған және Елбасының тәуелсіздік туралы сөзі жазылған. Жобаның авторы – қарағандылық мүсінші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі М.Байсбай.

Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болсын. Тәуелсіздік алаңы тек мерекеге ашылсын.

Темірғали АРШАБЕКОВ,

Қарағанды облыстық ғылыми техникалық құжаттама жөніндегі архив басшысы