ҰБТ форматы жаңаруы мүмкін

Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа форматы әзірленіп жатыр. Ұлттық тестілеу орталығы ұсынған «Admission Insight Test» жобасы пәндік біліммен қатар, талапкерлердің негізгі дағдыларын бағалауды көздейді.

Жоба екі бөлімнен тұрады. Біріншісі 14 бейіндік пән бойынша тест тапсырмаларын қамтиды. Оларды мемлекеттік білім беру стандарттарына сәйкес жаңарту жоспарланған. Бұл ретте ақпаратты жатқа білуге емес, оқу материалын түсіну мен оны қолдана білуге басымдық беріледі.

Екінші бөлімде талапкерлердің сыни ойлау, академиялық жазу және зерттеу, коммуникация, жасанды интеллектті пайдалану, сандық және цифрлық сауаттылық дағдылары бағаланады. Сонымен қатар креативті және дизайн-ойлау бағыты бойынша модуль әзірленіп жатыр.

Жобаны әзірлеушілердің айтуынша, пәндік білім емтиханның негізгі бөлігі болып қала береді, ал дағдыларды бағалау оны толықтырады. Тестілеу құрылымын білім беру саясаты мен зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып нақтылау көзделген.

«Admission Insight Test» жобасын пилоттық сынақтан өткізу келесі жылдың көктеміне жоспарланып отыр.