Қарағанды төріндегі театр мерекесі
Әшірбек Сығай атындағы ІІІ республикалық фестивальде алты театр ұжымы өнер көрсетіп, сахна саңлақтары шығармашылық ізденістерін ортаға салды. Үш күнге созылған өнер додасы үздік қойылымдарды саралап қана қоймай, қазақ театрының бүгінгі тынысын, режиссурадағы жаңа бағыттарды және сынның өнер үшін маңызын көрсетті.
Қарағандыда белгілі театр сыншысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әшірбек Сығайдың есімін ұлықтаған «Сын – шын болсын…» ІІІ республикалық театр фестивалі өтті. Еліміздің бірнеше өңірінен жиналған өнер ұжымдары 14-16 қазан аралығында көрерменге алты қойылым ұсынды. Ал 17 қазанда фестивальдің салтанатты жабылу рәсімі өтіп, үздіктер марапатталды.
Фестивальдің ашылу салтанаты мерекелік көңіл күйге ұласты. С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының алдындағы алаңда қатысушы ұжымдар қызыл кілеммен жүріп өтті. Жамбыл облыстық қазақ драма театры, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры, Ақмола облыстық орыс драма театры, Астана қаласының «Жастар» театры, Абай облысының «Дариға-ай» жастар театры және Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры өнер мерекесіне қатысты.
Қазақстанның халық әртісі, С.Сейфуллин атындағы театр актері Кеңес Жұмабековтің айтуынша, фестивальдің атауының өзі оның басты ұстанымын айқындайды.
-Мінекей, біздің өндірістік қаламызда – Қарағандыда республикалық «Сын – шын болсын» фестивалі үшінші рет өткізіліп отыр. Және де бұл – Әшірбек Сығайдың атындағы фестиваль. Бұл фестивальдің мақсаты, әрине, тек марапаттау ғана емес. Бұл – бір ерекшелігі, атының өзі айтып тұрғандай, «Сын шын болсын», бұл әділеттілікті талап ететін фестиваль, -деп атап өтті Қазақстанның халық әртісі, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының актері Кеңес Жұмабеков.
Қойылымдарды Қазақстанның белгілі театр қайраткерлері мен өнер мамандарынан құралған қазылар алқасы бағалады. Алқаға Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, театр және кино актері Тұңғышбай Жаманқұлов төрағалық етті. Қазылар сахналық шешімге, актерлік шеберлікке, режиссерлік ізденіске және шығарманың көркемдік құндылығына басымдық берді.
Тұңғышбай Жаманқұлов, Қазақстанның халық әртісі, қазылар алқасының төрағасы:
«Көңіл бөлетін нәрсеміз – қалай бізді соңынан ертеді сол шығарма, сол шығарманың әлеуетінде біз қалай сол оқиғаға енеміз. Кейін сол оқиғаға енгеннен кейін қандай күй кешеміз өзіміз адам ретінде, сыншы емес, адам ретінде. Содан соң қоғамға оның бүгінгі айтарымен үндесіп жатқан тақырыптар бар ма деген сияқты мәселелерге назар аударамыз. Ең басты мәселе, ең басты критерий – сол жасап келген театрдың шығармасының көркемдік құны жақсы екен, қандай екен деген сияқты сол театрмен бірге ойласамыз».
Өнертану докторы, қазылар алқасының мүшесі Бақыт Нұрпейіс те театр фестивальдерінің жаңа есімдерді танытып, режиссерлік қолтаңбалардың қалыптасуына ықпал ететінін атап өтті.
– Қазақстанда соңғы бес жылдың ішінде өте көптеген театр фестивальдері өткізіліп жатыр. Қазір біздің фестивальдер республикалық деңгейде емес, сонымен қатар халықаралық деңгейде де әр өңірде өткізіліп жатқан фестивальдеріміз өте көп. Фестиваль өткізу не үшін қажет деген сұраққа тоқталсақ, бірнеше маңызды мәселені алға тартуымызға болады. Ең біріншіден, мұндай додалардан, үлкен фестивальдерден біз көптеген жаңа есімдердің ашылғанын көріп жүрміз. Яғни мықты актерлер, мықты режиссерлер жұмыстарын осы республикалық, халықаралық фестивальдерде танытып, есімдерін ашты. Бүгінгі таңда Орта Азия театрларының кеңістігінде Қазақстан театрлары, расын айту керек, үлкен ізденіс жолында екенін көрсетіп келе жатыр. Өйткені бізде қазір көптеген режиссерлеріміздің, әсіресе аға буын, орта буын, жас буын өкілдерінің өзіндік қолтаңбасы осы театр фестивальдерінде ерекше көрініп жатыр,- дейді өнертану докторы, қазылар алқасының мүшесі Бақыт Нұрпейіс.
Фестивальдің Әшірбек Сығай есімімен аталуының да өзіндік мәні бар. 1947 жылы Кентау қаласында дүниеге келген көрнекті сыншы бар ғұмырын қазақ театры мен мәдениетінің дамуына арнады. Оның қаламынан жиырмадан астам кітап пен мыңға жуық мақала жарық көрді. «Сахна саңлақтары», «Театр тағылымы», «Актер әлемі» секілді еңбектері арқылы сахна шеберлерінің шығармашылығын зерттеп, театр өнерінің өзекті мәселелерін көтерді. Ол Мәдениет министрінің орынбасары, Т.Жүргенов атындағы Театр және кино институтының ректоры қызметтерін атқарып, шәкірт тәрбиелеуге де үлес қосты.
Әшірбек Сығайдың жары, көрнекті театр сыншысы Күләш Сығай фестивальді ұйымдастырушыларға алғысын білдірді: «Шын мәнінде, Қарағандыны өте сыйлаймыз, жақсы көреміз, алғысымыз шексіз. 2024 жылы Әшекеңе арнап фестиваль өткізді, онда қаншама көп театрлар келді. Биыл да тағы өткізіп жатыр. Рақмет!»
Фестиваль бағдарламасына алты қойылым енді. Жамбыл облыстық қазақ драма театры Уильям Шекспирдің «Макбетін», Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» шығармасы негізінде қойылған психологиялық драманы ұсынды. Ақмола облыстық орыс драма театры Мұхтар Әуезовтің «Баллада о перевале Караш» туындысын сахналаса, Астананың «Жастар» театры «Қарагөз» трагедиясын көрсетті. «Дариға-ай» жастар театры Морис Метерлинктің «Соқырлар» философиялық драмасын, ал Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» шығармасын алып келді.
Фестивальге қатысқан ұжымдар үшін бұл – өзге театрлардың жұмысын көріп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін кәсіби алаң. С.Сейфуллин театрының көркемдік жетекшісі, режиссер Айдын Салбанның айтуынша, биыл қатысуға он беске жуық театр өтінім берген. Арнайы комиссия солардың ішінен алты қойылымды іріктеп алған. Таңдау кезінде жаңа режиссерлік шешімдер мен өзгеше театрлық тәсілдерге мән берілген.
– Жалпы, Әшірбек Сығай атындағы фестиваль біз үшін, театр өнерінде жүрген осы саладағы адамдар үшін орны бөлек. Өйткені «Сын шын болсын» деп аты айтып тұрғандай, мұны философиялық тұрғыдан алсақ та, өнер тұрғысынан қарасақ та, қай жағынан болсын өте мағыналы, терең атау. Осы жолы қатысуға он бестей театр ұсыныс жасады, оның ішінен алты театрды таңдадық. Іріктеу арнайы комиссия арқылы өтеді. Бір адам емес, бес-алты адам көріп шығып, соның ішінен жаңа бағыты бар, көрсетуге болады дегендерін таңдадық. Тағы бір ерекшелігі – қойылған спектакльдердің басым бөлігін шетелден келген режиссерлер қойған. Еліміздегі бір қазанның ішінде қайнап жатқан режиссерлердің қолтаңбасымен ғана шектелмей, шетелдік театр үрдістерінің жаңа түрлерін көріп, өнерде, режиссурада, актер шеберлігінде жүрген мамандарға пайдасы тисін деген ұстаным болды. Халық көріп бағасын беріп жатыр, сыншыларымыз да өз бағасын беріп жатыр. Бізде өтіп жатқаннан кейін біздің театр әртістері де керектерін алып қалып, өссе екен, шеберліктері арта түссе екен дейміз. Ертең бір додаға барғанда көштің алдын бастап жүрсе, біз үшін үлкен бақыт. Қазақстанда айналдырған жетпіс театр бар. Жиырма миллион халқы бар ел үшін бұл аз деп ойлаймын. Театрлар көбейіп, ортамыз үлкейсе екен дейміз. Фестивальге жастар, оқушылар, студенттер келіп жатыр. Солардың арасында өнерге қызығып, кейін театрға қызмет етуге келетіндері болса, бұл да үлкен жетістік. Осындай мақсатта болашаққа қармақ лақтырып жатқан жайымыз бар, – деді С.Сейфуллин театрының көркемдік жетекшісі, режиссер Айдын Салбан.
Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры фестивальге «Ұлпан» драмасымен қатысты. Театр директоры Талғат Есенәлиевтің айтуынша, қойылым театрдың сексен жылдық мерейтойына орай режиссер Гүлназ Балпейісованың қатысуымен сахналанған. Спектакль бұған дейін Санкт-Петербургтегі «Белая вежа», «Балтийский дом» фестивальдеріне, Беларусь пен Қырғызстандағы өнер додаларына қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Сондай-ақ Астанада Меруерт Өтекешованың 75 жылдығына арналған фестивальде бас жүлде алған.
– Ғ.Мүсірепов атындағы театр болғандықтан, биыл театрдың сексен жылдығына орай Гүлназ Балпейісованы арнайы шақырып, «Ұлпан» қойылымын қойғызған болатынбыз. Мүсірепов театрында Мүсіреповтің шығармасы жүруі керек деген пікірде болдық. Бұл қойылым бірнеше шетелдік фестивальге қатысты. Санкт-Петербургте «Белая вежа», «Балтийский дом» фестивальдеріне, Беларусьте, Қырғызстанда «Арт-додо» фестиваліне қатысып, барлық жақтан бас жүлде алып келді. Бір апта бұрын Астанадағы Меруерт Өтекешованың жетпіс бес жылдығына арналған фестивальде де бас жүлде алды. «Сын шын болсын» фестиваліне үшінші рет қатысып отырмыз. Бірінші жылы «Құлагермен», одан кейін «Бернарда Альбамен», енді міне, «Ұлпанмен» келдік. Фестивальдің деңгейі өте жоғары. Сыншылардан жақсы пікірлер мен ескертпелер естиміз деп ойлаймыз. Сын болса, түзелеміз ғой, сол үшін фестивальдерге қатысамыз. Фестивальдердің көп болғаны өте жақсы. Менің түсінігімде, өнер адамдары үшін бұл бәйге ғана емес, бір-бірімен араласып, өзгенің жұмысын көруге мүмкіндік. Қарағанды көрерменінің театрға деген ықыласы жоғары, қошеметі бөлек. Сондықтан бұл қалаға қашан да қуана келеміз, -деп атап өтті Талғат Есеналиев.
Абай облысының «Дариға-ай» жастар театры Морис Метерлинктің «Соқырлар» философиялық драмасын ұсынды. Театрдың көркемдік жетекшісі Естай Шәріпұлы бұл қойылымның биыл мамыр айында сахналанғанын, фестивальге шақырту алуды ұжым үлкен мүмкіндік деп қабылдағанын айтты. Оның сөзінше, мұндай кездесулер актерлердің бір-бірінен үйренуіне, театрлардың шығармашылық байланысын нығайтуына жол ашады.
Естай Шәріпұлы, «Дариға-ай» жастар театрының көркемдік жетекшісі:
«Біріншіден, осы фестивальге іліккенімізге, бізді шақырғандарына өте қуаныштымыз. Метерлинктің «Соқырлар» спектаклін алып келдік. Ол осы жылдың мамыр айында қойылған. Мұны Мейрам Хабибуллин өзі ұсынып, біздің театрдың деңгейіне байланысты спектакльді алып келуді ұсынған соң, біз қабыл алдық. Ойымыздан шықты. Бұл қадам бізге бір жағынан сын болса, екінші жағынан актерлеріміздің ашылуына үлкен көмегін тигізді. Театр болған соң, мұндай фестивальдер жиі болғаны дұрыс. Театрлар бір-бірін көріп өседі, актерлер араласып, танып-біліп, тәжірибе жинайды. Бұл фестивальге іріктеліп алынған, сынақтан өткен қойылымдар келіп жатыр. Бізге бәрі ұнап жатыр, қатысқанымызға өте қуаныштымыз. Тәлім алмасу деген бар. Біздің театр 1999 жылы 14 қазанда ұстазымыз, профессор, академик Дариға Тұранқұлқызының бастамасымен құрылған. Дариға-ай театрының жеткен жетістіктері көп».
Ал Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» шығармасын «Оң қол» әңгімесімен ұштастырған психологиялық қойылымды сахналады. Театрдың көркемдік жетекшісі Гүлсина Мерғалиева спектакльдің адам психологиясын, тұлғаның ішкі қайшылығын зерттеуге құрылғанын айтты. Оның пікірінше, фестивальдің ерекшелігі – әртүрлі режиссерлік көзқарастар мен тосын сахналық шешімдерді қатар көруге мүмкіндік беруінде.
– «Сын шын болсын» фестиваліне, ұлы сыншы, профессор Әшірбек Сығайға арналған өнер додасына біз ең психологиялық спектакльдеріміздің бірі – Төлен Әбдіктің «Парасат майданын» алып келдік. Ол осы автордың «Оң қол» әңгімесімен біріктірілген. Екеуін біріктіріп, психиатриялық аурухананың көрінісін береміз: онда бір дәрігер және тұлғалық екіге жарылуды бастан өткеретін екі ұқсас кейіпкер бар. «Парасат майданындағы» Бейтаныс пен «Оң қолдағы» Алма бір ауруханада болады. Спектакль сәтті өтті, жақсы пікірлер алдық. Басты кейіпкер Нұркен Өтеуіл іс жүзінде шеберлік сабағын көрсетті. Егер қазылар алқасының ескертпелері болса, ол маған, режиссер ретінде қатысты болуы мүмкін, бірақ актерлерге емес. Фестиваль өте қызықты өтіп жатыр. Себебі мұнда өзіндік ерекшелігі бар, тіпті ғарыштық деуге болатын қойылымдар бар. Алғашқы күні біз «Парасат майданын» көрсеттік, сол күні Шекспирдің «Макбеті» қойылды. Онда да психология мен неврологияға жақын тақырыптар сезілді. Астаналық «Жастар» театры «Қарагөзді» аңыз арқылы, өзгеше қырынан ұсынды. Ақмола орыс драма театры Мұхтар Әуезовтің «Баллада о перевале Караш» шығармасын мүлде күтпеген ракурстан көрсетті. Бұл қойылым маған ұнады. Қазылар алқасының пікірі екіге бөлінді. Тұңғышбай аға кезінде “Қараш-қарашта” ойнағандықтан, жаңа нұсқаға қатысты өз көзқарасын білдірді. Бірақ бұл – жаңа, жастарға жақын нұсқа, режиссурасы өте сауатты. Бүгін Сейфуллин театрында қуыршақ театры бар екенін біліп, “Кішкентай ханзада” қойылымын көрдім. Бұл – керемет жұмыс. Ішімдегі кішкентай қыз қуанып отырды. Бала кезімде қуыршақ театры болмаған, талай драмалық фестиваль көрген, театр режиссері атанған адам болсам да, қуыршақ театры мен үшін ерекше биік өнер болып көрінді. Қарағандыда Сәкен Сейфуллин театрының жанында осындай театрдың барына қуандым. Бұл балалар үшін тамаша сыйлық. Біздің Астанада да әдемі ғимаратымыз бар, балалар да театрға келіп, қойылым көруі керек. Біз ертегілер мен жасөспірімдерге арналған спектакльдер де қоямыз, «Ромео мен Джульетта» сияқты шығармалармен қатар «Парасат майданы» секілді күрделі дүниелерді де сахналаймыз. Фестивальден алған әсерім өте жақсы. Ең кереметі – мұнда бәсекелестіктен гөрі Қазақстан театрларының үздік қойылымдарын көру, тәжірибе алмасу басым, – деп білдірді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Гүлсина Мерғалиева.
Фестивальдің жабылу салтанатында қазылар алқасы жеңімпаздарды жариялады. «Екінші пландағы үздік актриса» аталымы «Ұлпан» спектакліндегі Шынар рөлі үшін Анар Адиловаға, «Екінші пландағы үздік актер» атағы осы қойылымдағы Мүсіреп рөлі үшін Нариман Егимбековке берілді. «Үздік әйел адам рөлі» аталымында Ұлпан бейнесін сомдаған Толқын Нұрбекова, «Үздік ер адам рөлі» аталымында «Парасат майданындағы» Бейтаныс рөлі үшін Нұркен Өтеуіл үздік деп танылды.
Астана қаласы әкімдігінің «Жастар» театрының «Қарагөз» трагедиясы «Үздік ансамбль» аталымын иеленсе, қойылымның қоюшы суретшісі Ерлан Тұяқов «Үздік сценография» жүлдесіне ие болды. «Әшірбек Сығай атындағы арнайы жүлде» «Макбет» спектакліндегі басты рөлі үшін Мәмбет Қожалиевке табысталды. «Үздік режиссура» жүлдесін «Ұлпан» қойылымының режиссері Гүлназ Балпейсова алды. Ал фестивальдің бас жүлдесі Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Ұлпан» драмасына бұйырды.
«Сын – шын болсын…» фестивалі Әшірбек Сығайдың сыншылық мұрасын жаңғыртып, театр өнеріндегі ізденістерді көпшілікке танытты. Қойылымдар төңірегіндегі пікір алмасу мен кәсіби бағалау сахна шеберлеріне жаңа бағыттарды зерделеуге мүмкіндік берсе, көрерменге театрды әр қырынан тануға жол ашты. Сынның мақсаты мін тағу емес, өнердің көркемдік қуатын терең түсініп, оның дамуына ықпал ету екенін фестивальдің атауы да, мазмұны да аңғартты.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»

