Маймыл шешегінің елге таралу қаупі қандай ?
Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі маймыл шешегіне қатысты әлемдегі эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстап отыр. Вирустың жекелеген елдерде тіркелуіне және халықаралық қатынастардың белсенділігіне байланысты инфекцияның ел аумағына әкеліну ықтималдығы жоққа шығарылмайды. Дегенмен мамандар оның халық арасында кеңінен таралу қаупін төмен деп бағалайды.
Инфекцияның алдын алу үшін елімізде санитариялық-профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралар жүргізілуде. Бұл жұмыстар Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2024 жылғы 26 тамыздағы № 8 қаулысына сәйкес ұйымдастырылған.
Мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылау күшейтілді. Сонымен қатар ауру тіркелген мемлекеттердегі эпидемиологиялық ахуалға және сол елдерден келген азаматтарға мониторинг жүргізілуде. Өткізу пункттері дене температурасын жанаспай өлшейтін құралдармен жабдықталған.
Медициналық ұйымдар мен зертханалардың инфекцияны дер кезінде анықтап, диагностикалауға дайындығы қамтамасыз етілуде. Сондай-ақ ауруға күдік туған жағдайда тиісті органдарға хабарлау және ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасау тәртібі бекітілген.
Министрлік мәліметінше, эпидемиологиялық жағдайға байланысты ерекше назар аударуды қажет ететін елдердің тізімі әлемдегі ахуалға қарай жаңартылып отырады. Көліктің барлық түрінде жүргізілген санитариялық-карантиндік бақылау барысында аса қауіпті инфекцияға шалдыққан немесе ауруға күдік тудырған адамдар анықталмаған.
Маймыл шешегі – MPXV вирусынан туындайтын жұқпалы ауру. Ол көбіне инфекция жұқтырған адаммен тығыз физикалық байланыс кезінде, соның ішінде терідегі бөртпелермен және биологиялық сұйықтықтармен жанасу арқылы беріледі. Бұдан бөлек, вирус жұқтырған адамның киімі, төсек-орын жабдықтары мен басқа да заттары арқылы, сондай-ақ ауру жануарлармен байланыс нәтижесінде жұғуы мүмкін.
Аурудың негізгі белгілеріне дене қызуының көтерілуі, бас пен бұлшықеттердің ауыруы, лимфа түйіндерінің ұлғаюы және теріде бөртпелердің пайда болуы жатады.
Денсаулық сақтау министрлігі инфекцияның алдын алу үшін тұрғындарға жеке бас гигиенасын сақтауды және терісінде себебі белгісіз бөртпелері бар адамдармен тығыз байланысқа түспеуді ұсынады. Сондай-ақ күдік тудыратын адамдардың киімдерін, жеке заттары мен төсек-орын жабдықтарын ортақ пайдаланбаған жөн.
Ауру белгілері байқалған жағдайда, әсіресе инфекция тіркелген елдерге барғаннан кейін, медициналық көмекке жүгініп, дәрігерге сапарлар мен ықтимал байланыстар туралы хабарлау қажет.
Министрлік эпидемиологиялық жағдайды бақылауды жалғастырып, инфекцияның елге әкелінуі мен таралуының алдын алуға бағытталған шараларды жүзеге асыруда.
Жанайым ЖАЛҒАС,
«QH»

