Қысқы жолға қамданыңыз: көлікті дайындауды кейінге қалдырмаңыз

Қарағандыда алдағы күндері қар жауып, желдің жылдамдығы секундына 9—14 метрге дейін жетеді деп күтілуде. Қыс мезгілінің жақындауына байланысты мамандар жүргізушілерге көліктерін алдын ала дайындап, жазғы дөңгелектерді қысқысына ауыстыруға кеңес береді. Дөңгелек ауыстыру қызметінің маманы Саян Бақтияровтың айтуынша, алғашқы қарды күтпей, ауа температурасы нөл градустан төмендей бастағанда қысқы дөңгелекке көшкен дұрыс.

Маманның сөзінше, дөңгелекті уақытында ауыстыру жолдағы қауіпсіздікке тікелей әсер етеді. Бұған қоса, алғашқы қар түскен кезде дөңгелек ауыстыратын орындарда кезек көбейіп, мамандардың барлық көлікті уақытында қабылдауға мүмкіндігі жетпеуі мүмкін.

– Қарағандыға қыс ерте келеді. Өткен жылдардағы тәжірибеме сүйенсем, алғашқы қарды күтпей-ақ дөңгелекті ауыстырған дұрыс. Нақтырақ айтқанда, ауа температурасы нөлден төмендей бастағанда қысқы дөңгелекке көшкен жөн. Бұл жүргізушілерге де қолайлы әрі жолдағы қауіпсіздік үшін маңызды. Қала тұрғындарының көптігін де ескерген дұрыс. Бір мезетте бірнеше көлік қатар келсе, мамандардың бәріне үлгеруі қиын, – дейді Саян Бақтияров.

Қысқы дөңгелек таңдауда жүргізушілер көбіне шегелі және фрикциялық түрлерінің біріне тоқталады. Маманның айтуынша, көлік жүргізуді енді бастағандарға шегелі дөңгелек қолайлы болуы мүмкін. Ал фрикциялық дөңгелектерді жүргізу тәжірибесі бар адамдар да таңдай алады. Дегенмен, дөңгелектің түріне қарамастан, жол жағдайын ескеріп, жылдамдықты сақтап, өзге көліктермен қауіпсіз арақашықтық ұстау қажет.

– Жаңадан көлік жүргізіп жүргендерге шегелі дөңгелек ұсынар едім. Оны қар жаумай тұрып орнатудан қорықпау керек, тек белгіленген жылдамдықты сақтаған жөн. Ал фрикциялық дөңгелек те тәжірибелі жүргізушілерге жарайды. Ең бастысы – қандай дөңгелек таңдасаңыз да, басқа көліктермен арақашықтықты сақтау, – дейді маман.

Қысқы дөңгелектің бағасы да көлік иелері үшін маңызды. Интернет-дүкендерде бір дөңгелектің құны 30 мың теңгеден басталады. Саян Бақтияровтың айтуынша, дөңгелекті дұрыс пайдаланып, күтім жасаса, оны бірнеше маусым бойы қолдануға болады. Алайда қызмет ету мерзімі көліктің қаншалықты жиі пайдаланылатынына және жүретін жолдың ерекшелігіне байланысты.

– Жүргізушілердің көбі сатып алған дөңгелегін бірнеше жыл пайдаланғысы келеді. Жаңа дөңгелекпен үш-төрт қыс жүруге болады. Бірақ бұл көліктің қаншалықты жиі пайдаланылатынына және жүретін жолына байланысты. Бірі алыс сапарға жиі шықса, енді бірі тек үйі мен жұмысының арасында жүреді. Сондықтан дөңгелектің жарамдылық мерзімі де әртүрлі болуы мүмкін, – дейді Саян Бақтияров.

Қысқы маусымға дайындық тек дөңгелек ауыстырумен шектелмейді. Жүргізушілер аккумулятордың жағдайын, тежегіш жүйесін, жарық құралдарын және әйнек тазалағыштарды да тексергені жөн. Сонымен қатар, суық ауа райына арналған техникалық сұйықтықтарды пайдаланып, жолға шығар алдында ауа райы болжамына назар аудару қажет.

Қазақстанда қысқы кезеңде көліктерді маусымға сай дөңгелекпен жабдықтау талап етіледі. Kolesa.kz мәліметінше, қысқы дөңгелекке қатысты талаптарды сақтамаған жүргізушілерге әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан көлік иелеріне дөңгелектерінің жай-күйін алдын ала тексеріп, қысқы маусымға дер кезінде дайындалған жөн. Қарағандыда қарлы әрі желді күндер басталмай тұрып қамдану жүргізушілердің уақытын үнемдеп қана қоймай, жолдағы қауіпсіздігін де арттырады.

Жанайым ЖАЛҒАС,

«QH»