Мәслихат депутаттарының сайлауы 29 қарашада өтеді
Орталық сайлау комиссиясы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын 29 қарашаға белгіледі. Ел бойынша 228 мәслихаттағы 3447 депутаттық мандат сарапқа салынады. Оның 668-і облыстық, 626-сы қалалық, ал 2053-і аудандық мәслихаттарға тиесілі.
Сайлау науқаны 48 күнге созылады. Кандидаттарды ұсыну 14 қазанда басталып, 27 қазан күні сағат 18:00-де аяқталады. Ал кандидаттарды тіркеу 1 қараша күні сағат 18:00-ге дейін жүргізіледі.
Сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары кандидаттарды тіркеу аяқталғаннан кейін басталып, 28 қараша сағат 00:00-де тоқтатылады. Бұл күн сайлау алдындағы «тыныштық күні» болып белгіленген. Дауыс беру 29 қарашада өтеді. Сайлау қорытындылары 3 желтоқсаннан кешіктірілмей жариялануы тиіс.
Еске салайық, 12 қазанда Президент барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдаған болатын. Оның себебі партиялық жүйедегі өзгерістермен байланыстырылды. Бастапқы мәліметке сәйкес, депутаттардың басым бөлігі «Әділет» партиясына қосылған, ал олардың бір бөлігі бұрын «Amanat» партиясынан сайланған еді.

