Спортқа ашылған жаңа мүмкіндік

Қарағандыдағы «Локомотив» спорт кешені жаңартылғаннан кейін тұрғындар мен теміржолшыларға қызмет көрсетіп келеді. 1985 жылы ашылған нысанда өткен жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, спорт залдары толық жаңартылды.

Аумағы 2 350 шаршы метрден асатын кешенде футбол алаңы, ойын, бокс, күрес және жаттығу залдары бар. Сонымен қатар ұзындығы 25 метрлік үш жолақты үлкен бассейн мен 50 шаршы метрлік шағын бассейн жұмыс істейді. Мұнда 32 маман еңбек етіп, күн сайын 300-ге жуық адам спортпен шұғылданады.

– Кешенде теміржолшыларға арналған спорттық іс-шаралар мен нұсқаулық сабақтар өткізіледі. Жөндеуден кейін спортпен айналысуға қолайлы жағдай жасалды, – деді нұсқаушы-әдіскер Жұмажан Қапашев.

Балалар спортына да ерекше көңіл бөлінеді. Жасөспірімдер спорт мектебінде 214 оқушы футбол, бокс және волейболмен айналысады. Ал балалар клубындағы 60 бала үстел теннисі, дойбы, шахмат және тоғызқұмалақ үйірмелеріне қатысады.

– Футболмен бала кезімнен айналысамын. Алаң жөнделгелі ойнау әлдеқайда ыңғайлы болды. Жарыстарға тұрақты қатысамын, – дейді футбол үйірмесінің қатысушысы Алдияр Әбжанов.

Кешеннің әлеуметтік маңызы да зор. «Батыл жүрек» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, аутизм диагнозы бар балаларға арнайы нұсқаушының көмегімен тегін жүзу сабақтары ұйымдастырылады. Сонымен қатар «Спешиал Олимпик» турнирлері өткізіледі. Бүгінде кешен теміржолшыларға, студенттерге және қала тұрғындарына спортпен тұрақты айналысуға мүмкіндік беріп отыр.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»