Құтқарушылар – қаһармандық пен адалдықтың үлгісі

19 қазанда Қазақстанда Құтқарушылар күні атап өтілді. Бұл – өзгенің өмірін сақтап, елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында күн сайын жауапты міндет атқаратын мамандардың кәсіби мерекесі. Құтқарушылар үшін әрбір шақыру – үлкен жауапкершілік, ал жедел әрекет пен батылдық кейде адам тағдырын шешеді.

Қарағандыдағы құтқарушылардың күнделікті қызметі қатаң тәртіпке, кәсіби дайындыққа және психологиялық төзімділікке негізделген. Азаматтық қорғау саласында 11 жыл еңбек еткен бөлімше командирі Сергей Шенфельд талай төтенше жағдайды бастан өткерген. Десе де, тәжірибелі маман үшін де кейбір шақырулар жанға батады.

«Мен үшін ең қиыны – ішінде балалар бар шақыруларға бару. Өзім әке болғандықтан, мұндайда әрдайым уайымдаймын. Мен үшін ең ауыры да осы шығар», – дейді бөлімше командирі Сергей Шенфельд.

Құтқарушылар күн сайын түрлі жағдайға дайын болуы керек. Олардың қызметі тек дабыл түскен сәтте оқиға орнына асығумен шектелмейді. Ауысымды қабылдау, оқу-жаттығу өткізу, нормативтерді орындау және арнайы техниканы күтіп ұстау – күнделікті жұмыстың ажырамас бөлігі. Мұның бәрі шұғыл жағдайда дұрыс шешім қабылдап, адамдарға дер кезінде көмек көрсету үшін қажет.

Кейде олардың көмегі үлкен қауіп-қатермен қатар, қарапайым тіршілік иелерін құтқаруға да бағытталады. Ағаш басында қалып қойған мысықтарды аман алып қалу сияқты оқиғалардың өзі мамандардың жанашырлығы мен жауапкершілігін көрсетеді. Ал ауыр кезекшіліктен кейін құтқарушылар үшін үйіне оралып, отбасымен қауышудан асқан қуаныш жоқ.

«Балам өскенде де осылай қуанады деп ойлаймын. Қазір жұмыстан үйге келгенімде, ол менің киімімді киіп алып, ары-бері жүгіріп мәз болады», – дейді Сергей Шенфельд.

Құтқарушы мамандығына деген құрмет пен адамдарға көмектесуге деген ұмтылыс – осы сала өкілдерін біріктіретін ортақ қасиет. Өрт сөндіруші-құтқарушы Саят Сыздықовтың бұл бөлімшеде қызмет етіп жүргеніне сегіз жыл болған. Ол бала кезінен форма киіп, адамдарға көмектесуді армандаған. 2004 жылы құтқарушы мамандығы бойынша оқуға түсіп, әскерден кейін бірден қызметке орналасқан.

Саяттың еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол Мұқанов көшесінде қыста болған өрт кезінде баланы құтқарғаны үшін Төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволық марапатына ие болған.

«Бұл төсбелгіні маған министрлік атынан баланы құтқарғаным үшін табыстады. Өрт Мұқанов көшесінде қыста болған еді. Мен үшін бұл – үлкен жетістік. Марапатты алған сәтте аздап толқыдым, ерекше сезімде болдым. Біз үшін мұндай жағдайлар үйреншікті жұмыс болғанымен, әр шақыруға әрдайым дайынбыз. Дабыл түссе, бірден аттанамыз. Түн болсын, күн болсын – бұл біздің міндетіміз», – дейді өрт сөндіруші-құтқарушы Саят Сыздықов.

Көшеде қызыл өрт сөндіру көлігін көрген балалардың қызығушылық танытып, мамандардан қызметтері туралы сұрайтыны жиі кездеседі. Саят Сыздықов та болашақта офицер болуды жоспарлап отыр. Бұл – мамандыққа деген сүйіспеншіліктің, кәсіби дамуға ұмтылыстың көрінісі.

Құтқарушылардың жұмысы сырт көзге тек шұғыл шақырулар мен қауіпті оқиғалардан тұратындай көрінуі мүмкін. Алайда оның артында күнделікті дайындық, темірдей тәртіп, жақындарының алаңдауы және адам өміріне деген зор жауапкершілік жатыр. Өзгенің амандығын өзінен жоғары қоятын осындай мамандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»