Үлкен жеңістерге бастар алғашқы қадам

Қарағандыда Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің жүлдесіне арналған XIV халықаралық бокс турнирі басталды. Биылғы жарысқа Қазақстанның 12 өңірінен және Өзбекстан, Моңғолия, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінен 320 жас боксшы қатысып жатыр. 14-15 жастағы ұлдар мен қыздар 14 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынайды. Жарыс жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, халықаралық тәжірибе жинақтауына мүмкіндік береді.

«Қарағанды облысы баяғыдай таланттар ұстаханасы болып қала береді. Ұлттық құрамада әрдайым Қарағанды облысының спортшылары бар. Біздің бай тарихымыз бар және осындай турнирлердің арқасында оны әрі қарай дамытып келеміз», – деді Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев.

Спортшылар үшін халықаралық дода – өзге елдердің боксшыларымен күш сынасып, психологиялық тұрғыдан шыңдалудың тиімді жолы. Серік Сәпиевтің айтуынша, мұндай жарыстар өңірдегі бокс мектебінің дамуына серпін береді.

«Балалардың спорттық шеберлігін шыңдау үшін мұндай турнирлердің маңызы зор. Әсіресе басқа елдерден спортшылар келетіндіктен, бұл халықаралық деңгейдегі кездесулерге айналады. Балалар халықаралық тәжірибе жинақтап, өзге елдердің боксшыларымен рингке шыққандықтан, психологиялық дайындықтары да мүлдем басқаша қалыптасады. Сондықтан мұндай турнирлер өте қажет. Қарағандыда жастар мен ересектер арасында да жоғары деңгейдегі бокс турнирлері бар. Осылайша біз өңірдегі боксты дамытуға күш салып жатырмыз», – дейді Серік Сәпиев.

Серік Сәпиевтің жүлдесіне арналған XIV халықаралық турнир 24 қазанға дейін жалғасады. Жарыс соңында үздік нәтиже көрсеткен спортшылар медальдармен, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Ал жас боксшылар үшін бұл дода – тәжірибе жинап, үлкен спортқа бастар жолда шыңдалудың маңызды кезеңі.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»