Креативті индустрия өкілдері елордада бас қосты

Астанадағы Qazaq Creative Hub кеңістігінде Қарағанды облысының креативті индустрия өкілдерінің жәрмеңкесі өтті. Шарада өңірдің мәдени мұрасы, қолөнер туындылары мен заманауи технологияларға негізделген жобалар таныстырылды.

Жәрмеңкеге шығармашылық саланың 55-тен астам өкілі қатысып, өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Олардың қатарында дизайнерлер, суретшілер, зергерлер, қолөнер шеберлері мен IT-мамандары бар. Келушілер авторлық әшекейлерді, киім топтамаларын, қолдан жасалған бұйымдарды тамашалап, жасанды интеллект пен ұшқышсыз технологияларға негізделген жобалармен танысты.

Шара шығармашылық мамандар мен кәсіпкерлерге өз брендтерін танытуға, жаңа серіктестер табуға және іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік берді. Өңір делегациясын облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей бастап барды.

Ол креативті индустрияның экономикаға қосар үлесі мен ұлттық мәдениетті сақтаудағы рөліне тоқталды. Оның айтуынша, бұл сала елдің зияткерлік әлеуетін арттырып, жаңа мамандықтар мен кәсіпкерлік мүмкіндіктердің дамуына жол ашады. Бүгінде Қазақстанда креативті индустрия саласында шамамен 160 мың адам еңбек етеді.

Жәрмеңкенің маңызды бөлімдерінің бірі суретші, халықаралық антиядролық қозғалыстың белсенді өкілі Кәріпбек Күйіковтың «Қайсар рух» және «Жизнь без рук» кітаптарын таныстыруға арналды. Кездесу барысында автор өзінің өмір жолы мен ядролық қарудан азат әлем құру бағытындағы көпжылдық күресі туралы әңгімеледі.

Көрме алаңында дизайнер Гүлнұр Жарылханованың киім топтамасы, ұлттық нақыштағы әшекейлер мен сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары да ұсынылды. Сонымен қатар келушілер шеберлік сабақтарына қатысып, өз қолдарымен түрлі бұйымдар жасап көруге мүмкіндік алды.

Музыкалық бағдарламаны Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің шығармашылық ұжымдары ұсынды.

Жәрмеңке өңірдегі шығармашылық бастамаларды кеңінен таныстырып қана қоймай, дәстүрлі өнер мен заманауи технологияларды ұштастырған жобалардың әлеуетін көрсетуге жол ашты.

Жанайым ЖАЛҒАС,

«QH»