Еңбек жасағының жауынгерлері марапатталды
Қарағанды облысында «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары жұмысының XVIII маусымының қорытындысы шығарылды. Биыл жобаға 1 700-ден астам адам қатысты. «Жасыл ел» жобасының негізгі міндеті – жастарды қоғамдық пайдалы еңбекке баулу. Елді мекендерді абаттандырумен және көгалдандырумен айналыса отырып, жас ұрпақ отбасылық бюджетті толықтыруға мүмкіндік алып қана қоймай, сонымен бірге әлеуметтік өзара іс-қимыл дағдыларын игеріп, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастырады.
Биыл Қарағанды облысында «Жасыл ел» жобасы үлкен өзгерістерге толы болды. Жобаны жүзеге асыру үшін қазынадан 289 млн теңгеден астам қаржы бөлініпті. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда екі есе көп (2021 жылы 137,4 млн).
Қаржының жеткілікті мөлшерде бөлінуі жобаға қатысқандар жалақысының өсуіне және жұмысқа қажетті жабдықтардың жақсаруына да оң ықпалын тигізген. Мәселен, биыл еңбекақы төлеудің жаңартылған моделі қолданылды. Яғни қатысушылардың жалақысы жұмыс істеген сағат көлеміне байланысты 60 мыңнан 90 мың теңгеге дейін болды. Әрі жоба қатысушыларының барлығы фирмалық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл үшін облыстық бюджеттен 47 млн теңгеден астам қаржы бөлініпті.
2022 жылғы еңбек маусымында 1 715 адам жұмысқа орналастырылды. Бұл ретте басымдық халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан жасөспірімдерге берілді.
Жаңа маусымда қатысушылардың шамамен 39%-ы мемлекет тарапынан ерекше қолдауға мұқтаж жасөспірімдер болды, олар: көпбалалы отбасылар (380 адам), толық емес отбасылар (261 адам), аз қамтылған отбасылар (106 адам), «Қандастар» санаты (63 адам) және жетім балалар (52 адам).
«Жасыл ел» XVIII жазғы еңбек маусымының жабылуы облыстың барлық қаласы мен аудандары өкілдерінің қатысуымен өтті.
Салтанатты жиынға дейін кәсіби психолог Ержан Мырзабаев «Жасыл ел» ЖЕЖ сарбаздары арасында отбасылық құндылықтар мен моральдық-адамгершілік қасиеттер қалыптастыру бағытында тренинг өткізді. Тренинг «Достар Әлем» қонақүйінің ғимаратында өтті.
Бүгінгі таңда жастарды адамгершілікке тәрбиелеу және олардың арасында дәстүрлі отбасылық құндылықтарды насихаттау мемлекеттік-жастар саясатының басым бағыттарының бірі саналады.
Сондай-ақ еңбек маусымына қатысушылар арасында «Counter Strike Global Offensive» киберспорт түрінен «Jasyl el Cup» турнирі өтті. Онда 13 команда ең мықты атақ үшін күресті.
Киберспорт – жастар арасында қарқынды дамып келе жатқан және танымал спорт түрі. Ұйымдастырушылардың сөзінше, командалық тактикалық атқыш жанрындағы пәнді таңдау кездейсоқ емес. Бұл – балаларға әлеуметтенуге мүмкіндік береді, командада жұмыс істеу қабілетін қалыптастырады, стандартты емес шешімдерді тез қабылдайды, әр түрлі жағдайдан шығудың жолын табады.
Ал қорытынды шара С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының ғимаратында өтті.
Еңбек маусымының жабылу салтанаты аясында «Үздік штабтар» мен «Үздік сарбаздарды» марапаттау рәсімі өтті. Еңбек маусымында ерекше көзге түскен штаб басшылары мен сарбаздарға дипломдар және бағалы сыйлықтар табысталды.
Кеш барысында «Amanat» партиясы Қарағанды облыстық филиалының атқарушы хатшысы Алтынбеков Бекзат Қомарұлы сөз сөйлеп, «Біз қаланы/ауданды көркейттік» байқауының жеңімпаздарын марапаттады.
– Қадірменді жастар, сіздерді бүгінгі атаулы күнмен шын жүректен құттықтай отырып, еңбекке деген құлшыныстарыңыз үшін барлық ел ағаларының атынан алғыс білдіремін!
Бүгінде елімізде жастарды қолдау және олардың армандарына ақ жол төсеу мақсатында түрлі игі жұмыс жүргізілуде. Солардың ең маңыздыларының бірі ретінде «Жасыл елді» атап өтуге болады. Жазғы уақыттағы демалысты бос өткізбей, керісінше, еліне қызмет етуге мүмкіндік беретін керемет жоба.
Сіздер атқарған көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары – тек өңіріміз бен мемлекетіміз үшін ғана емес, табиғат алдында да жасалған игі іс.
Еңбек ете білген адам өмір де сүре біледі. Осы қағиданы қанаттарыңызға жастайларыңыздан байлап, нық қадам басуларыңыз – үлкен жетістік, – деді Бекзат Қомарұлы құттықтау сөзінде.
Бұдан бөлек «Қалалық штабтың үздік жауынгері» номинациясында Саран қаласының тұрғыны Вера Соколова марапатталды. Оқушы «Жасыл ел» жасағындағы жұмысы оған табыс әкеліп қана қоймай, жаңа достар табуға көмектескенін айтты.
– Мен көпбалалы отбасыданмын. Жасым 15-те, тоғызыншы сыныпта оқимын. «Жасыл елде» бір ай жұмыс істедім. Маған ұнады, өйткені біздің ұжым өте тату болды. Мен жаңа достар таптым, сонымен қатар туған қалама көмектестім. Бұл – жастар үшін тамаша мүмкіндік, – дейді Вера.
«Аудандық штабтың үздік жауынгері» номинациясында Ақтоғай ауданынан Қаламқас Сағатова көзге түсті. Бойжеткен 18 жаста, Қарағанды техникалық университетінде «IT-медицина» мамандығы бойынша оқиды.
– Мен «Жасыл ел» еңбек жасағында екінші жыл жұмыс істедім. Шынымды айтсам, мен әр жазғы демалыста жұмыс істеп, ата-анама көмектесуге тырысамын, оқуға қажет кеңсе тауарларын өзім сатып аламын. «Жасыл ел» туралы білгенде бірден оның қатарына қосылдым. Биылғы жылы біздің жалақыны көтерді, жаңа формамен қамтамасыз етті. Мен жастарға «Жасыл елде» жұмыс істеуге кеңес беремін. Бұл – табыс табу мүмкіндігі ғана емес, бос уақытты тиімді пайдалану, – дейді Қаламқас.
Қарағанды қалалық штабы «Үздік қалалық штаб» деп танылды. Ал «Үздік аудандық штаб» номинациясы бойынша марапат Бұқар жырау ауданына берілді.
Марапаттау рәсімі соңында Қарағанды облысының Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Таран Рауан Азаматұлы «Jasyl el Cup» киберспорт турнирінің жеңімпаздарын марапаттады. Бұл байқауда бірінші орынды Теміртау командасы жеңіп алды.
– Өткізілген еңбек маусымында облыс бойынша 1 715, Қарағанды бойынша 350 адам жұмысқа орналастырылды. Халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан жасөспірімдер басым санатта болды. Биылғы жылы жауынгерлердің жасына және жұмыс істеген сағат көлеміне байланысты еңбекақы төлеудің жаңартылған моделі қолданылды. Келесі жылы Қарағанды бойынша 1000 адамды жұмысқа орналастыруды жоспарлап отырмыз. Жалақы өсімі де жоспарланып отыр, – деп атап өтті Жастар ресурстық орталығының директоры Якуб Джамалов.
Марапаттау рәсімі көңілді кешке ұласты. Концерттік бағдарламаға жергілікті шығармашылық ұжымдар, әншілер мен музыканттар қатысты.
Кештің зедлайнерлері жастарға танымал R-One және ILLHAN әншілері болды.
Аружан АЛПЫСБАЙ,
«QH»