Қарағандыда су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинау жөніндегі өңірлік штаб жұмыс істей бастады
Су тасқынына байланысты қалыптасқан жағдай қазақстандықтарды бейжай қалдырмады. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсету туралы ұсынысқа алғашқылардың бірі болып қолдау білдіріп, игілікті шараларды жүзеге асыруға кірісіп кетті.
3 сәуірде елордалық Достық үйінің ғимаратында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілхановтың төрағалығымен ҚХА республикалық және өңірлік штабтарының бірлескен онлайн отырысы өтті. Оған Парламент Сенатының депутаттары, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, мүшелері, «Ассамблея жастары» ұйымының өкілдері қатысты.
Отырыста ҚХА штабтарының өзара іс-қимылы және атаулы көмек көрсету жөніндегі ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Еліміздің барлық өңірінде Достық үйлерінің базасында штабтар, еріктілер орталықтары, гуманитарлық көмек қабылдау пункттері ұйымдастырылған. Бүгінде 30 млн теңгеден астам сомаға гуманитарлық көмек жиналды.
Барлық жерде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен – жүрекке» арнайы жобасы бастау алды.
Аталған акцияны барша қазақстандықтың қалыптасқан ахуал төңірегіндегі бірлігінің көрінісі деп айтуға болады. Табиғи апат салдарына бейжай қарамайтын азаматтар зардап шеккендерге қолдау көрсетіп, оларға барынша қол ұшын созып, қиын жағдайға тап болғандарға шын ниетімен жүрек жылуын жеткізе білуге асығуда.
Акция аясында тұрмыстық қажеттілік заттары және азық-түлік толтырылған қос жүк көлігі Шет ауданының су тасқынынан зардап шеккен азаматтарына жөнелтілді.
Су тасқынынан зардап шеккендерге қолдау көрсетуге тікелей өздері атсалысып, оларға жан-жақты қолдау білдіру мақсатында Шет ауданына Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлердегі су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету жөніндегі республикалық штабының басшысы Акборжон Исмаилов, «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы, Республикалық штаб басшысының орынбасары Тимур Жұмырбаев, су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету жөніндегі облыстық штабтың төрағасы Шамиль Осин, Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен еріктілер, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері жол тартты.
Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасатын болады. Біз біргеміз! Біз апат салдарын бірлесе күш жұмсау арқылы қалпына келтіреміз!
Қарағандыдағы өңірлік штаб Кеншілер даңғылы 64, мекенжайындағы Достық үйінің ғимаратында орналасқан.
Көмек ағымдағы жылдың 20 сәуіріне дейін күн сайын (жексенбіден басқа) сағат 09.00-ден 17.00-ге дейін қабылданады.
Бүгінгі таңда су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға қажетті заттар тізімі: қайық, комбинезон, гидрокостюм (резеңке), қонышты етік, құтқару кеудешесі, қолшам, шатыр, матрас, төсек-орын, ыдыс-аяқ және жылы киім.
Қазақстан Республикасы «Қызыл Ай» қоғамының Қарағанды облыстық филиалы Гуманитарлық көмек жинау операторы болып анықталды.
Жинау пунктіне жіберілетін көмектің түрі мен санын штаб үйлестірушісі Татьяна Александровна Абрамовамен алдын ала келісу керек (тел.: 8-701-512-89-75).
Достық үйі өкілдерінің байланыс телефондары: 8-707-872-89-28, 8-775-921-19-20.
Құралай КӨБЕНОВА,«QH»