Президент Жолдауы: Қарағандыда 20-дан астам кездесу өтті
2-13 қараша аралығында Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру бойынша бірқатар кездесулер ұйымдастырылды. Ақпараттық-түсіндіру топтары өткізген 20-дан астам кездесуге барлығы 1 540 адам қатысты.
Ақпараттық топтардың құрамына білім беру саласының, бизнес және банк секторының өкілдері, сондай-ақ қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен Ішкі саясат бөлімінің мамандары енді.
Кездесулер өнеркәсіптік кәсіпорындардың еңбек ұжымдарында, коммуналдық және көлік ұйымдарында, оқу орындары мен қоғамдық алаңдарда өтті. Атап айтқанда, «Қарағанды Энергоцентр», «Қарағанды Су», «Теплотранзит», «Қарағанды Жарық», «Горкомтранс», №3 және №5 автобус парктері, ONAY! қызмет көрсету орталығы, KLMZ зауыты, колледждер мен Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінде басқосулар ұйымдастырылды.
Жиындар барысында қатысушыларға Мемлекет басшысының Жолдауында қамтылған өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті дамыту, экономиканы цифрландыру, инфрақұрылымды жаңғырту, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау мәселелері жан-жақты түсіндірілді.
Сонымен қатар тұрғындар үшін маңызды практикалық мәселелерге ерекше назар аударылды. Банк секторының өкілдері тұрғын үй бағдарламалары мен баспана сатып алу шарттары туралы ақпарат берді. Ал Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары жұмысқа орналасу, кәсіптік оқыту, біліктілікті арттыру және мемлекеттік қолдау шараларын алу мүмкіндіктерін түсіндірді.
Білім беру ұйымдары мен бизнес өкілдері еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлау, сондай-ақ оқу орындары мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайту мәселелерін талқылады.
Кездесулер ашық диалог форматында өтті. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мемлекеттік органдар мен бейінді ұйымдардың өкілдерінен нақты жауаптар мен түсініктемелер алды. Мұндай басқосулар Президент Жолдауында белгіленген міндеттердің мәнін кеңінен түсіндіруге және оларды жүзеге асыруға қатысты өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді.

