Әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібі өзгереді

Келесі жылдан бастап Қазақстанда әлеуметтік төлемдердің 12 түрін тағайындау тетігі қайта қаралады. Еңбек министрлігінің мәліметінше, кей жағдайда мемлекеттік қолдау нақты мұқтаж емес азаматтарға да беріліп келеді. Осы олқылықты жою мақсатында пилоттық жоба іске қосылады.

Ведомство бұл өзгерістер әлеуметтік міндеттемелерден бас тартуды білдірмейтінін, керісінше, қолдау көрсету жүйесін жетілдіруге бағытталғанын атап өтті. Жобаны үйлестіру үшін арнайы жобалық офис құрылып, оның құрамына Президент Әкімшілігінің, Үкімет Аппаратының, Құрылтай өкілдері мен сарапшылар енеді.

Жаңа тетік әлеуметтік салдары ескеріле отырып, кезең-кезеңімен енгізіледі. Пилоттық жоба 2027 жылғы 11 қаңтарда басталады.

Ал азаматтар өздерінің әлеуметтік қамтамасыз етілу санатын қазірден бастап eGov Mobile қосымшасындағы «Әл-ауқат калькуляторы» арқылы алдын ала есептей алады. Дегенмен бұл құрал тек анықтамалық сипатқа ие және жәрдемақы тағайындау туралы шешімге әсер етпейді.