Жүрек ырғағын қалпына келтірудің заманауи әдісі
Қарағанды облыстық көпбейінді кардиологиялық орталығында жүрек ырғағының бұзылуын емдеудің заманауи әдісі қолданыла бастады. Жаңа технология электр импульстері арқылы жүрек қызметін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, бұл тәсілдің басты ерекшелігі – жүректің зақымданған бөлігіне ғана әсер етіп, айналасындағы сау тіндерді зақымдау қаупін азайту.
Маңызды жаңалық қараша айының басында өткен халықаралық шеберлік сабағы аясында таныстырылды. Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған екі күндік шараға Қазақстандық және шетелдік мамандар қатысып, тәжірибе алмасты. Шеберлік сабағының басты ерекшелігі – жаңа әдісті тәжірибе жүзінде қолдану болды. Дәрігерлер жүрекшелер фибрилляциясымен ауыратын төрт науқасқа сәтті операция жасады. Бұл дерт кезінде жүрек ырғағы бұзылып, оның қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтіреді. Облыстық көпбейінді кардиологиялық орталықтың хирург-аритмолог дәрігері Нұрлан Елемесов жаңа технологияның артықшылықтарына тоқталды.
– Жаңа әдістің басты ерекшелігі – электр импульстері жүректің зақымданған бөлігіне ғана әсер етеді. Бұрынғыдай тіндерді қыздыру немесе күйдіру қажет емес. Соның арқасында сау тіндердің зақымдану қаупі төмендейді, – дейді Нұрлан Елемесов.
Мамандар бұл жаңашылдықты өңірлік кардиология саласындағы маңызды жетістік деп бағалап отыр. Жаңа технология аритмологиялық көмектің сапасын арттырып, күрделі жүрек ауруларын емдеуде қосымша мүмкіндік береді. Алдағы уақытта қарағандылық дәрігерлер заманауи әдісті тұрақты түрде қолданып, осы ем түріне қол жеткізетін науқастар санын арттыруды жоспарлап отыр. Бұл өңір тұрғындарына жоғары технологиялық медициналық көмекті өз облысында алуға жол ашады.
Жұпар ТОНТАЙТЕГІ.
«QH»

