Тарихтың тағылымды беттерін цифрлық картаға түсірді

Қарағандылық жас зерттеушілер туған өлкенің тарихын зерделеп, көпшілікке беймәлім деректерді ғылыми айналымға енгізуге үлес қосып жүр. Олар бір жобада Қарлаг балаларының тағдырын цифрлық карта арқылы бейнелесе, екіншісінде Әлихан Бөкейхан әулетіне қатысты көне құлпытастың тарихын зерттеген. Осы еңбектерімен «Дарын» мектебінің оқушылары «Менің шағын Отаным» республикалық байқауында топ жарып, Қарағанды облысының қоржынына алты жүлде салды.

9-10-сынып оқушылары арасында өткен республикалық жас тарихшылар зияткерлік байқауында Қарағанды облысының құрамасы жоғары нәтиже көрсетті. «Дарын» және Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернаттарының шәкірттері өздері қатысқан төрт аталымының барлығында жүлделі орындарға ие болды.

«Дарын» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Варвара Бартчик «Тікенек сым артындағы балалық шақ: Қарлаг балаларының тағдыры бейнеленген цифрлық карта» атты жобасымен екінші орын иеленді. Ол зерттеу жұмысына қыркүйек айынан бастап кірісіп, байқауға тыңғылықты дайындалған. Қуғын-сүргін тақырыбына қызығушылығы 8-сыныпта Қарлаг музейіне барған экскурсиядан кейін оянған.

Жас зерттеуші ғылыми жетекшісі Әділ Тобыловпен бірге мұрағат құжаттарын, статистикалық мәліметтер мен тарихи әдебиеттерді зерделеген. Зерттеу барысында өткен ғасырдағы балалардың қабылдау-бөлу орындарынан бастап, лагерьлерге жіберілуі немесе қазақ отбасыларының тәрбиесіне берілуіне дейінгі өмір жолы қарастырылған. Жобаға қажетті деректер Қарағанды облысының мемлекеттік мұрағатынан, Гоголь атындағы кітапханадан және Қарлаг музейінен жинақталған.

– Бойымды мақтаныш пен қуаныш сезімі кернеді. Ең алдымен ғылыми жетекшіме және маған қолдау көрсеткен жандарға алғысымды білдірдім. Байқау Таразда өткендіктен, жеңісімді бірден анама хабарладым. Ол да қатты қуанып, бұл жаңалықты жақындарына жеткізді, – дейді байқау жүлдегері Варвара Бартчик.

Ғылыми жетекшісі Әділ Тобыловтың айтуынша, Қарлаг тарихындағы балалар тағдыры – әлі де терең зерттеуді қажет ететін тақырып. Себебі саяси қуғын-сүргін жылдарында жазықсыз жапа шеккен балалардың өмір жолы тарихтың көмескі қалған тұстарының бірі саналады. Оқушылар бұл бағытта музей экспозицияларын зерттеп қана қоймай, мұрағат материалдарымен жұмыс істеп, тақырыпты зерделеп жүрген ғалымдардан сұхбат алған.

– Біз қуғын-сүргін тарихының аз зерттелген тарауларына, соның ішінде балалар тақырыбына қызығушылық таныттық. 14 жастағы оқушының өзімен қатарлас сол кезеңдегі балалардың қандай тағдыр кешкенін түсінуі маңызды. Қарағанды облысында осындай лагерьдің болғаны және музейде құнды материалдардың сақталуы – үлкен мүмкіндік. Музеймен қатар облыстық мемлекеттік мұрағатта жұмыс істеп, Гоголь атындағы кітапханадағы әдебиеттерді қарастырдық. Деректерді талдаумен шектелмей, осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдармен де сұхбаттастық, – дейді Әділ Тобылов.

Педагог пен шәкірт алдағы уақытта зерттеу аясын кеңейтуді жоспарлап отыр. Келесі ғылыми жұмыста Қарлаг балаларының көмір өнеркәсібі мен егіс алқаптарындағы еңбекке тартылу тарихын зерделемек. Мұндай ізденістер жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға ықпал етеді. Өйткені өткенді тану – тек даталар мен оқиғаларды жаттау емес, сол кезеңде өмір сүрген адамдардың тағдырын түсініп, тарихи сабақтан қорытынды шығару.

Ал «Бір жәдігер – бір тарих» аталымында 9-сынып оқушылары Нұрәлі Нелдібай мен Ақназар Қуандық бірінші орынға ие болды. Олар «Бір құлпытас – ғасырларға жалғасқан тарих» атты жобасында Әлихан Бөкейхан әулетіне қатысты көне құлпытастың сырын зерттеген. Оқушылар ғылыми жетекшілерімен бірге далалық экспедицияға шығып, тарихи деректер жинақтап, еліміздің жетекші сарапшыларының кеңесіне жүгінген.

– Біз зерттеу тақырыбын таңдағанда, ең алдымен, оның тарихи маңызына назар аудардық. Көне құлпытасқа қатысты деректерді жинап, ескерткіштің тарихын тереңірек танып-білуге тырыстық. Бұл жұмыс бізге ізденудің, деректерді салыстырып, әр мәліметтің мәніне үңілудің маңызын көрсетті. Бірінші орын алуымыз – атқарған еңбегіміздің нәтижесі, – дейді байқау жеңімпазы Нұрәлі Нелдібай.

Оның командадасы Ақназар Қуандық та зерттеу барысында тың деректермен танысып, тарихи жәдігерге жаңаша көзқараспен қарауды үйренгенін айтады.

– Бұл жоба біз үшін үлкен тәжірибе болды. Зерттеу кезінде далалық жұмыс жүргізіп, қажетті мәліметтерді жинадық, мамандардың кеңесіне сүйендік. Жиналған деректерді жүйелеп, жобамызды қорғауға дайындалдық. Еңбегіміздің республикалық байқауда жоғары бағаланғаны бізге алдағы уақытта да тарихты зерттеуге ынта береді, – дейді Ақназар Қуандық.

Жас зерттеушілердің жұмысы көне ескерткіштің тарихын танып-білумен ғана шектелмейді. Олар жәдігерге қатысты деректерді салыстырып, оның тарихи мәнін ашуға күш салған. Бұл – әрбір көне мұраның артында тұтас бір дәуірдің ізі мен адам тағдыры жатқанын ұғынуға жол ашатын ізденіс.

Биыл «Менің шағын Отаным» байқауының финалына Астана, Алматы және Шымкент қалаларын қоса алғанда, 17 облыстан жас тарихшылар қатысты. Қарағанды облысының құрамасы алты марапатпен оралып, алғаш рет төрт номинацияның барлығында жүлделі орындарға қол жеткізді.

Қазір оқушылар мен олардың тәлімгерлері республикалық олимпиадаға дайындалып жатыр. Жас өлкетанушылардың бұл жетістігі туған өлке тарихын зерттеуге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын аңғартады. Ең бастысы, олар тарихты дайын дерек ретінде қабылдамай, оны өз бетінше ізденіп, тың мәліметтер арқылы тануға ұмтылып жүр.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»