Емханалардың жұмысы 100 балдық жүйемен бағаланады

Қазақстанда медициналық ұйымдардың қызмет сапасын бағалаудың бірыңғай 100 балдық жүйесі енгізілмек. Жаңа тәсіл емханалардың жұмысын нақты көрсеткіштер арқылы бағалауға және медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған.

Бағалау кезінде бейінді дәрігерге кезек күту уақыты, диагностиканың уақтылы жүргізілуі, пациенттің емханадан шыққаннан кейінгі жағдайын бақылау, скринингтер мен вакцинациямен қамту деңгейі ескеріледі. Көрсеткіштер адамның қатысуынсыз, автоматты түрде қалыптастырылады.

Жаңа жүйеде медициналық ұйымдарды ынталандыру тетіктері де қарастырылуда. Егер емхана 50-ден астам балл жинап, негізгі индикаторлардың кемінде 70 пайызын орындаса, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен жасалған келісімшарт аясында қосымша қаржы алуы мүмкін. Бұл қаражатты медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеуге және қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға бағыттау көзделген.

Бұдан бөлек, болашақта пациенттердің пікірлері де бағалау жүйесіне енгізіледі. Сауалнамада медициналық көмектің қаншалықты түсінікті болғаны, пациенттің өз диагнозы мен емдеу жоспарын білуі, сондай-ақ денсаулық жағдайындағы өзгерістер туралы сұрақтар қамтылады.

Дәрігер қабылдауынан кейін 14 күн өткен соң пациенттің eGov порталындағы немесе медициналық ақпараттық жүйедегі жеке кабинетінде сауалнама пайда болады. Осылайша, емханалардың жұмысын бағалау кезінде медициналық көрсеткіштермен қатар, азаматтардың медициналық қызметке қатысты тәжірибесі де ескерілмек.