Ана тіліміздің болашағы

Астанада «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының оныншы құрылтайы өтті. Жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, қазақ тілінің мәртебесін арттыру, оның ғылым мен білім саласындағы қолданысын кеңейту, ұлттық мұраны цифрландыру және мемлекеттік тілді заманауи технологияларға бейімдеу мәселелеріне тоқталды.

Президент қазақ тілінің болашағына қатысты бірқатар маңызды міндетті атап өтті. Соның бірі – мемлекеттік тілдің цифрлық кеңістіктегі мүмкіндіктерін кеңейту.

– Елімізде түрлі цифрлық платформа табысты жұмыс істеп тұр. Олардың барлығы қазақ тілінде қызмет көрсетеді. Әлемдегі жетекші технологиялық компаниялар да ана тіліміздің әлеуетін мойындай бастады. OpenAI компаниясының зерттеуіне сәйкес, соңғы үш жылда жасанды интеллект жүйелерінде қолданылуы қарқынды кеңейіп келе жатқан тілдердің қатарына қазақ тілі де енген, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне қарамастан, оны қолдануда бірқатар мәселе әлі де бар екенін атап өтті. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілердің барлығы бірдей мемлекеттік тілде қызмет көрсете бермейді. Ғылым, медицина және техника салаларында қазақ тіліндегі оқулықтар мен қосымша әдебиеттер жеткіліксіз. Сонымен қатар терминдерді әртүрлі нұсқада қолдану да бірыңғай тілдік жүйенің қалыптасуына кедергі келтіруде. Президент қазақ тілінің тазалығын сақтау және қолданыстағы нормаларды біріздендіру қажеттігіне ерекше назар аударды.

– Өкінішке қарай, қазір кейбір қазақ сөздері, терминдер, тіпті ұғымдардың өзі әртүрлі нұсқада қолданылып жүр. Бұл – назардан тыс қалдыруға болмайтын мәселе. Мұндай жағдай адамдарды шатастырып, тілдің тазалығына кері әсер етеді. Сондықтан қазақ тілін қолданудың нақты жүйесі мен бірыңғай ережелерін қалыптастыру маңызды. Ең алдымен, орфографиялық нормалар мен емле ережелерін ретке келтіру қажет. Сондай-ақ барлық сөздікті, соның ішінде орфографиялық сөздікті жаңартатын уақыт келді, – дейді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мәселесі Қарағанды облысында да өзекті. Биыл өңірлік Тілдерді дамыту басқармасы үш мыңнан астам тұрғын арасында әлеуметтік-лингвистикалық зерттеу жүргізген. Сауалнама нәтижесіне сәйкес, респонденттердің 69 пайызы қазақ тілін еркін меңгергенін айтса, 31 пайызы мемлекеттік тілді білмейтінін көрсеткен. Сонымен қатар өңірде қазақ тілін үйрету курстары жалғасуда. Биыл бес мыңнан астам адамды мемлекеттік тілге оқыту жоспарланған. Дегенмен тіл үйретумен қатар, оны күнделікті өмірде еркін қолдануға қолайлы жағдай жасау да маңызды. Осы ретте қазақ тіліндегі сапалы ақпарат пен контенттің санын арттыру, қызмет көрсету саласында, жұмыс орындарында және интернет кеңістігінде мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту қажеттігі туындайды. Тіл саласындағы мамандардың пікірінше, мемлекеттік тілдің дамуы тек оны үйретумен шектелмеуі керек. Қазақ тіліндегі сапалы оқулықтар мен ғылыми еңбектердің көбеюі, терминологиялық жүйенің бірізденуі, цифрлық технологиялардағы мүмкіндіктердің артуы – тілдің бәсекеге қабілеттілігін нығайтатын негізгі бағыттар. Құрылтайда көтерілген мәселелер қазақ тілінің қоғамдағы орнын нығайтып қана қоймай, оның ғылым, білім, технология және күнделікті қарым-қатынас тілі ретінде дамуына жаңа серпін беруге бағытталған. Мемлекеттік тілдің болашағы – оны әр азаматтың күнделікті өмірде кеңінен қолдануында.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»