Қолдау бар жерде үміт бар
Қиындыққа тап болған отбасының мәселесі көбіне бір ғана саланың көмегімен шешіле қоймайды. Бір жағдайда құқықтық кеңес қажет болса, енді бірінде психологиялық демеу, әлеуметтік қолдау немесе жұмысқа орналасуға жәрдем керек. Осындай сәтте әр мекеменің табалдырығын тоздырмай, қажетті көмекті бір жерден алу азамат үшін үлкен жеңілдік.
Қарағанды қаласындағы Отбасын қолдау орталығының жұмысы осы қажеттіліктен туындаған. Мұнда тұрмыстық қиындыққа тап болған азаматтардың өтініші қаралып қана қоймай, мәселенің түпкі себебін анықтап, оны шешуге бағытталған кешенді көмек көрсетіледі. Құқықтық кеңес, психологиялық қолдау, әлеуметтік қызмет пен демеушілік көмек – орталық жұмысының негізгі бағыттары.
Орталық мамандарының пікірінше, әр отбасының жағдайы әртүрлі. Сондықтан көмек те адамның нақты қажеттілігіне қарай ұйымдастырылуы керек. Азаматтың өтініші қабылданғаннан кейін тиісті мамандар іске кірісіп, қажет болған жағдайда басқа мемлекеттік мекемелермен бірлесіп жұмыс жүргізеді. Өтініштерді тіркеу мен қарау барысында FSM Social ақпараттық жүйесі де қолданылады.
Биыл орталық 1 448 қызмет көрсетіп, 383 өтініш қабылдаған. Осы уақыт ішінде 342 адам құқықтық кеңес алса, 314 адамға психологиялық, 394 адамға әлеуметтік көмек көрсетілген. Бұдан бөлек, 398 отбасы демеушілік қолдауға ие болған. Бұл сандар орталыққа жүгінетін азаматтардың мәселесі сан алуан екенін аңғартады.
Орталық жұмысының тағы бір маңызды бағыты – құқық бұзушылықтың алдын алу және азаматтарды қоғамға қайта бейімдеу. Полиция бөлімінен түскен 73 өтініш бойынша құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетілген. Соның 70-і бойынша жұмыс толық аяқталған.
Пробация қызметімен бірлескен жұмыс та назардан тыс қалған емес. Тоғыз айда FSM Social жүйесі арқылы пробациялық бақылаудағы азаматтарға қатысты 111 өтініш тіркелген. Оның 87-сі Қазыбек би ауданына, 24-і Әлихан Бөкейхан ауданына тиесілі. Бұл бағытта 93 құқықтық және психологиялық қызмет көрсетілген. Мұндай қолдаудың мақсаты – азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне көмектесу, құжаттарын қалпына келтіруіне, әлеуметтік мәселелерін шешуіне және қалыпты өмірге оралуына жағдай жасау.
Отбасы институтын нығайту тек қиын жағдайға тап болған кезде көмек көрсетумен шектелмейді. Оның берік болуы үшін құқықтық сауаттылықты арттырып, отбасылық құндылықтарды дәріптеу де маңызды. Осы мақсатта орталықта биылғы тоғыз айда 39 семинар мен тренинг, 19 қайырымдылық акциясы, 12 шеберлік сабағы және 31 ақпараттық кездесу ұйымдастырылған. Тұрғындармен байланыс әлеуметтік желі арқылы да жалғасып келеді. Орталықтың Instagram парақшасында 475 жарияланым жарық көрген. Онда мемлекеттік қолдау шаралары, пайдалы кеңестер мен орталықтың күнделікті жұмысы туралы ақпарат ұсынылған.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында құқықтық сауаттылықты арттыру, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету жұмыстары да жалғасуда. Мұның бәрі бір мақсатқа – отбасындағы қиындықтың асқынуына жол бермей, азаматтың өз мәселесін шешуіне көмектесуге бағытталған.
Отбасының берекесі тек оның ішкі ахуалына ғана емес, айналасындағы әлеуметтік ортаға да байланысты. Сондықтан қиындыққа тап болған жанға дер кезінде қолдау көрсету – жеке адамның мәселесін шешу ғана емес, қоғамның тұтастығына қызмет ететін маңызды жұмыс.
Балхаш РАХЫЖАНОВ,
«QH»

