Зейнет – жаңа бастамалардың кезеңі
Адам өмірі жыл мезгілдері секілді. Әр кезеңнің өз бояуы, өз тынысы, өзіне ғана тән сыйы бар. Жастық шақта арман қуып, еңбек жолында тіршілік қамымен жүріп, талай дүниені кейінге ысырамыз. Ал зейнет жасы – сол кейінге қалдырған қызығушылықтарға қайта оралып, өмірдің басқа қырын тануға берілген уақыт. Өкінішке қарай, қоғамда қарттықты көбіне өмірдің соңына балап, тыныштыққа бет бұру деген ескі түсінік әлі де бар. Алайда адамның жасы ұлғайғанымен, жан дүниесіндегі ізденіс пен өмірге деген құштарлық қартаймайды. Қарағандыдағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы осындай азаматтардың басын қосып, бос уақытын мазмұнды өткізуіне жағдай жасап отыр.
Қарағандылық Хамит Көрікбаев пен жұбайы Сәтжан Жұматаева үшін белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жаңа орта тауып, күнделікті тіршілігін мазмұнды істермен толықтыруға жол ашқан. Жетпістен асқан ерлі-зайыптылар мұнда жаңа дағдыларды меңгеріп, шығармашылықпен айналысып, денсаулықтарын нығайтып жүр. Ерлі-зайыптылар мұнда хор үйірмесіне қатысып, жаттығу залында дене шынықтырады. Сондай-ақ тоғызқұмалақ ойынын меңгеріп, таным көкжиегін кеңейтіп келеді. Олардың айтуынша, орталықтағы үйірмелердің сан алуандығы әркімге өз қызығушылығы мен қабілетіне сай бағытты таңдауға мүмкіндік береді.
Хамит ата мен Сәтжан апаның пайымынша, зейнетке шығу – белсенді өмір салтынан қол үзу деген сөз емес. Керісінше, бұл – бұрын уақыт тапшы болған қызығушылықтарға көңіл бөліп, жаңа дүниелерді үйренуге қолайлы кезең. Бірі спортпен шұғылданып, бірі ән айтып, енді бірі би билеп немесе кітап оқып, уақытын пайдалы өткізе алады. Ең бастысы, адамның ізденіске деген ынтасы мен өмірге құштарлығы бәсеңдемеуі керек. Ал отбасының қолдауы бұл жолда ерекше маңызға ие. Өйткені үлкендердің белсенді өмір салты кейінгі буынға да өнеге.
Қарағанды – талай ұрпақтың тағдыры тоғысқан, еңбекпен өркендеген өндірісті қала. Оның бүгінгі дамуы мен келбетін қалыптастыруға аға буын өкілдері де елеулі үлес қосты. Ендеше, саналы ғұмырын қоғам игілігіне арнаған жандардың зейнет жасында да белсенді тіршілік етіп, қоғамдық ортадан қол үзбеуіне жағдай жасау – маңызды әлеуметтік міндеттердің бірі.
Осы мақсатта қалада белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары жұмыс істейді. Мұнда аға буын өкілдеріне денсаулығын нығайтып, шығармашылық қабілетін дамытуға, жаңа білім мен дағды игеруге барлық мүмкіндік қарастырылған. Орталықтың негізгі мақсаты – егде жастағы тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастырумен қатар, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына қолайлы орта қалыптастыру.
Қазіргі таңда орталық пен оның екі филиалында 30 бағыт бойынша қызмет көрсетіледі. Спорттық бағытта фитнес, гимнастика, йога, скандинавиялық жүріс, үстел теннисі мен шахмат сабақтары ұйымдастырылған. Шығармашылыққа бейім жандар хор, би, вокал үйірмелеріне қатысып, домбыра тартуды үйрене алады. Сонымен қатар компьютерлік және мобильді сауаттылықты меңгеру, қазақ және ағылшын тілдерін үйрену, құқықтық әрі психологиялық кеңес алу мүмкіндігі бар. Қолөнер, тоғызқұмалақ, кітап оқу және өзге де танымдық бағыттар да қамтылған.
Осылайша, орталық аға буын өкілдерінің бас қосатын, пікір алмасатын, ортақ қызығушылықтары тоғысатын маңызды қоғамдық кеңістігіне айналған. Мұнда біреулер бұрыннан жанына жақын іспен айналысса, енді біреулер зейнет жасында өзіне жаңа қырынан танылып, бұрын байқап көрмеген өнерді меңгереді.
Мұндай орталықтардың маңызы тек бос уақытты ұйымдастырумен шектелмейді. Егде жастағы адамдар үшін қатарластарымен араласу, жаңа таныстық орнату, өз ортасын қалыптастыру да аса маңызды. Ортақ қызығушылық пен күнделікті қарым-қатынас адамның қоғамнан оқшауланбауына, өзін қажет әрі белсенді сезінуіне ықпал етеді. Бірге ән айту, спортпен шұғылдану немесе зияткерлік ойындарға қатысу арқылы адамдар жаңа достар тауып, өмірлеріне тың серпін береді.
Жылдар адамның жасын ұлғайтқанымен, жүректегі арман мен жаңа нәрсеге деген құштарлықты өшіре алмайды. Бірі зейнет жасында алғаш рет сахнаға шығып, ән шырқаса, енді бірі спортқа бет бұрып, бұрын меңгермеген өнерді үйренеді. Мұның бәрі адамның мүмкіндігі жаспен шектелмейтінін аңғартады.
Хамит ата мен Сәтжан апаның өмір салты – соның айқын дәлелі. Олар зейнет жасын тынығумен ғана шектелетін кезең емес, жаңа қызығушылықтар мен жарқын сәттерге толы өмір белесі ретінде қабылдайды. Өйткені белсенді ғұмыр кешу үшін адамның жасы емес, ынтасы мен өмірге деген көзқарасы маңызды.
Зейнет – өмірдің аяқталған тұсы емес, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын кезең. Ең бастысы, әр күннен қуаныш таба білу, ортаңмен араласу және үйренуден жалықпау.
Балхаш РАХЫЖАНОВ,
«QH»

