«ҚЫС-2026» оқу-жаттығуы
Қарлы боран, көктайғақ және жол-көлік оқиғалары. Қыс мезгілінде мұндай төтенше жағдайлар аяқ астынан туындауы мүмкін. Сондықтан құтқару қызметтері қысқы маусымға алдын ала дайындық жүргізуде. Осы мақсатта Қарағанды облысында «Қыс-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті.
Оқу-жаттығудың негізгі кезеңі Теміртау қаласында ұйымдастырылды. Мамандар қыс мезгілінде болуы ықтимал төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл алгоритмдерін көрсетті. Шараға барлығы 216 адам, 63 бірлік техника және 22 бірлік өзге де жабдық жұмылдырылды. Оқу-жаттығу сценарийіне сәйкес, республикалық маңызы бар автожолдардың бірінде жол-көлік оқиғасы орын алған. Шартты жағдай барысында қатысушылар жедел әрекет ету, қолайсыз ауа райында іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу және зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету тәртібін пысықтады.
– Мұндай командалық-штабтық оқу-жаттығулардың басты мақсаты – қыс мезгілінде болуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу және шұғыл қызметтердің дайындығын арттыру. Жаттығу барысында түрлі қызметтің өзара іс-қимылы, жедел әрекет ету және құтқару жұмыстарының алгоритмдері пысықталады. Қазіргі уақытта қажетті техника мен жабдықтар қысқы кезеңге толық дайындалған, – деді Қарағанды облысы ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Нұржан Жақатаев.
Арнайы ұйымдастырылған алаңда облыстық азаматтық қорғау қызметтерінің техникалары мен құтқару жабдықтары таныстырылды. Қатысушылар қысқы маусымдағы төтенше жағдайларға әзірлік деңгейін көрсетті. Мамандардың айтуынша, жыл сайын суық мезгілде түрлі төтенше оқиғалар тіркеледі. Әсіресе қарлы боран, жолдың көрінбеуі, көктайғақ пен жол-көлік оқиғалары құтқару қызметтерінің жұмысын күрделендіреді. Осыған байланысты «Қыс-2026» оқу-жаттығуы төтенше жағдайлардың алдын алуға, күштер мен құралдардың дайындығын тексеруге және қызметтердің өзара үйлесімді жұмысын жетілдіруге бағытталған. Жалпы, облыстағы құтқару бөлімшелері қысқы кезеңде туындауы мүмкін түрлі жағдайға дайын. Мамандар тұрғындарды да ауа райының қолайсыз кезеңінде қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»

