Кәсіпке қанат бітірген мемлекеттік қолдау
Кәсіп ашып, өз ісін дөңгелетуге ниетті адам үшін алғашқы қадамның өзі оңай емес. Әсіресе бастапқы қаражаттың жетіспеуі талай бастаманың жүзеге асуына кедергі келтіреді. Осындай жағдайда мемлекеттік грант азаматтарға бизнес-идеясын іске асыруға мүмкіндік береді. Қарағандыда биыл осы қолдау тетігі арқылы 164 азамат өз кәсібін бастауға немесе жаңа жобасын жүзеге асыруға қаражат алды.
2026 жылы қалада жаңа бизнес-идеяларды қолдауға арналған 510 мемлекеттік грант беру жоспарланған. Әр гранттың көлемі 400 айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни 1 миллион 730 мың теңгені құрайды. Жоспарланған қаржыландырудың жалпы көлемі – 882,3 миллион теңге. Алайда алғашқы кезеңнің қорытындысы бойынша 164 грант қана берілген. Бұл жылдық жоспардың 32 пайызына тең.
Бірінші кезеңде өтінім қабылдау 24 маусым мен 8 шілде аралығында business.enbek.kz порталы арқылы жүргізілді. Қарағандыда грант алу үшін 267 азамат өтінім берген. 16 шілдеден бастап конкурстық комиссия үміткерлердің бизнес-жобаларын қарап, олардың ішінен қаржылай қолдауға лайық деп танылған бастамаларды іріктеді. Нәтижесінде 164 жоба мақұлданып, жалпы сомасы 279,62 миллион теңге болатын қайтарымсыз грант бөлінді.
Іріктеу кезінде бизнес-жоспардың сапасы мен жан-жақты пысықталуына, жобаның әлеуметтік маңызына және жаңа жұмыс орындарын ашу әлеуетіне басымдық берілген.
Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы еңбек нарығын талдау және мониторинг бөлімінің басшысы Айнагүл Ермағанбетованың айтуынша, үміткерлерді іріктеу кезінде олардың бизнес-жобасының өміршеңдігі мен оны жүзеге асыру мүмкіндігіне ерекше мән беріледі. Комиссия өтінімдерді белгіленген талаптар мен конкурстық өлшемдерге сәйкес қарайды.
Әлеуметтік қолдаудың нақты тетігі
Мемлекеттік гранттың негізгі ерекшелігі – оның әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға кәсіпкерлікке қадам басуына жол ашуында. Биыл Қарағандыда грант алғандардың арасында көпбалалы отбасылардың үлесі басым. Олардың қатарында 94 адам бар. Сондай-ақ мүгедектігі бар 30 азаматқа қолдау көрсетілген. Оның 19-ы – үшінші, бесеуі – екінші, алтауы бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдар.
Бұдан бөлек, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған 26 азамат, асыраушысынан айырылған 11 адам, екі қоныс аударушы және бір қандас мемлекеттік грант иегері атанған.
Бұл көрсеткіштер гранттың әлеуметтік сипатын аңғартады. Қаржылай қолдау алушылардың бір бөлігі үшін ол тұрақты табыс көзін қалыптастыруға, енді бірі үшін отбасылық кәсіпті бастауға мүмкіндік береді. Дегенмен мұндай мүмкіндіктің нәтижесі бөлінген қаражатпен ғана өлшенбейді. Ең маңыздысы – басталған істің жалғасып, табыс әкелетін тұрақты кәсіпке айналуы.
Сұранысқа ие кәсіп түрлері
Қарағандыда грант алуға ұсынылған бизнес-жобаларды саралау тұрғындардың кәсіпкерлікке деген қызығушылығы әртүрлі бағытты қамтитынын көрсетеді. Өтінімдер арасында азық-түлік өндіру, қызмет көрсету және шағын өндіріс орындарын ашуға арналған бастамалар басым.
Атап айтқанда, шағын наубайхана ашу, жартылай фабрикаттар, кондитерлік және аспаздық өнімдер өндіру, сүт пен ет өнімдерін өңдеу жобаларына сұраныс жоғары. Тігін өндірісі, ұлттық киім тігу, ателье ашу және автокөлікке қызмет көрсету бағыттары да үміткерлердің назарында.
Сонымен қатар сұлулық индустриясы, тұрмыстық қызмет көрсету, клининг, полиграфия, жарнама өнімдерін шығару, жиһаз жасау, құрылыс материалдары мен пластик терезе өндіру бойынша ұсыныстар бар. Ауылшаруашылығы саласында мал және құс өсіру, сүт өндіру, көкөніс өсіру жобалары қарастырылған.
Әлеуметтік бағыттағы бастамалар да назар аударарлық. Олардың қатарында білім беру және балаларды дамыту орталықтарын ашу, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қызмет көрсету, қосымша оқыту жобалары бар.
Айнагүл Ермағанбетованың сөзінше, ұсынылған жобалардың басым бөлігі халықтың күнделікті сұранысына бағытталған. Әсіресе азық-түлік өндіру, тігін ісі, тұрмыстық қызмет көрсету, автосервис және балаларға арналған орталықтар ашу жөніндегі бастамалар жиі кездеседі.
Жобалардың басым бөлігі күнделікті сұранысқа ие тауарлар мен қызметтерді ұсынуға бағытталған. Бұл шағын кәсіптің жергілікті нарықтағы қажеттіліктермен тығыз байланысты екенін көрсетеді. Сонымен бірге өндіріс пен қызмет көрсету саласындағы жаңа бастамалар жұмыс орындарын ашуға да ықпал ете алады.
Қаражаттың мақсатты жұмсалуы бақылауда
Мемлекеттік грант – қайтарымсыз қаржылай қолдау. Алайда бұл қаражатты кез келген мақсатқа жұмсауға болады деген сөз емес. Ол бизнес-идеяны жүзеге асыруға қажетті нақты шығындарға ғана беріледі.
Грант есебінен құрал-жабдық, еңбек құралдары, технологиялық жабдықтар, мал, құс, көшет, бұта, тұқым және көшет материалдарын сатып алуға болады. Сондай-ақ жаңа бизнес-идеяны іске асыру үшін коммерциялық нысандардағы, оның ішінде сауда орындарындағы ғимаратты жалға алуға қаражат қарастырылған.
Қаржының мақсатты жұмсалуын және жобаның орындалуын бақылау үшін грант алушылардың кәсіпкерлік қызметіне тұрақты мониторинг жүргізіледі. Тексеру барысында азаматтың бизнес-жоспарда көрсетілген істі қолға алғаны, кәсіпкерлік қызметін жалғастырып жатқаны және келісімшарт талаптарын орындағаны қаралады.
«Грант қаражаты тек бизнес-идеяны жүзеге асыруға қажетті мақсаттарға жұмсалуы тиіс. Мониторинг барысында кәсіпкердің жобаны іске асыруы, қаражатты белгіленген мақсатқа пайдалануы және келісімшарт талаптарын орындауы тексеріледі. Егер қаражаттың мақсатсыз жұмсалғаны анықталса, қолданыстағы тәртіпке сәйкес тиісті шаралар қабылданады», – дейді Айнагүл Аманқызы.
Егер міндеттемелер орындалмай, келісімшартты бұзу туралы шешім қабылданса, грант алушы бөлінген қаражатты қолданыстағы ережелерге сәйкес қайтаруға міндетті.
Жаңа жұмыс орындарын ашу міндеттемесі де бақылаудан тыс қалмайды. Қалалық мансап орталығы грант иегерлерінің бизнес-жоспарында көзделген жұмыс орындарының нақты ашылуын, қызметкерлердің ресми жұмысқа орналасуын және келісімшарт талаптарының орындалуын тексереді. Бұл үшін еңбек қатынастарына қатысты құжаттар мен мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер зерделенеді. Қажет болған жағдайда кәсіпкерлік нысанына барып тексеру жүргізіледі.
Business.Enbek бағдарламасы аясында грант алған азаматтар грант берілген күннен бастап 18 ай ішінде кемінде бір тұрақты жұмыс орнын ашуға міндетті. Сонымен қатар 24 ай бойы әр тоқсан сайын есеп беріп отыруы тиіс.
Келесі кезеңге қатысты мәселе
Биылғы грант бағдарламасына қатысты тұрғындарды толғандыруы мүмкін тағы бір мәселе – өтінім қабылдаудың жалғасуы. Қолда бар мәліметке сәйкес, 2026 жылы мемлекеттік гранттар бір кезеңмен берілген. Қазіргі уақытта өтінім қабылдау аяқталған.
Қолданыстағы қағида бойынша гранттар жылына кемінде екі кезеңмен, шамамен үш айлық аралықпен берілуі көзделген. Кезекті қабылдау басталғаны туралы хабарландыру он күн бұрын жариялануы тиіс. Алайда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сәйкес, биыл екінші кезең бойынша өтінім қабылдау жоспарланбаған.
Қазір мемлекеттік органдар әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға өзге мемлекеттік бағдарламалар аясында грант беру мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Қарағандыда алғашқы кезеңде 164 азаматтың бизнес-жобасына қаржылай қолдау көрсетілді. Бұл – жылдық жоспардың үштен біріне жуық көрсеткіш. Ал грант иегерлерінің қаншасы кәсібін табысты жалғастырып, тұрақты жұмыс орындарын ашқаны алдағы мониторинг нәтижесінде белгілі болады. Мемлекеттік қолдаудың түпкі мақсаты да – бөлінген қаражатты игеру емес, азаматтардың өз кәсібін қалыптастырып, табыс табуына және жаңа жұмыс орындарының пайда болуына жағдай жасау.
Балхаш РАХЫЖАНОВ,
«QH»

