Жеңіске жетелеген жігер
Параспортшы Оксана Митякованың тағдыры – жігер мен табандылықтың, спорттың адам өмірін өзгерте алатынының жарқын үлгісі.
Адамның мүмкіндігін оның физикалық ерекшелігіне қарап бағалауға бола ма? Өмір жолы талай сынаққа толы қарағандылық Оксана Митякова бұл сұраққа өзінің жетістіктерімен жауап беріп келеді. Қос қолы толық дамымай дүниеге келген ол сәби кезінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, балалар үйінде тәрбиеленді. Алайда тағдырдың жазғанына мойымаған қайсар қыз бүгінде халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлемдік және құрлықтық жарыстардың жеңімпазы. Бір кездері бассейнге жақындай алмаған бала бүгінде су айдынында ел намысын қорғап жүр. Оның өмір жолы – спорттың тек жеңіс пен медаль ғана емес, адамға сенім, дербестік және жаңа мүмкіндіктер сыйлайтын үлкен күш екенін көрсетеді.
Оксана үшін спортқа деген қызығушылық бала кезінен басталған. Өзге балалардың бассейнде жүзіп жүргенін көріп, өзі де суға түскісі келетін. Бірақ ол кезде мұндай мүмкіндік бұйырмаған. Кейін мектепте жүзумен айналысуға жол ашылып, алғашқы бапкері Людмила Максимовна Быкова оған суда еркін қимылдауды үйретті. Осылайша, бала күнгі қызығушылық үлкен спортқа бастайтын жолға айналды.
– Басқа балалардың қалай жаттығып, қалай жүзіп жүргенін қызыға қарайтынмын. Бірақ мені бассейнге жақындатпайтын. Кейін мектепке келгенімде, сол жерде бассейн бар екенін көрдім. Онда Людмила Максимовна Быкова есімді бапкер жұмыс істейтін. Ол маған суда жатуды, жүзуді үйретті. Кейін балаларды арнайы жинайтын спорт мектебі ашылып, сол жерде де жаттыға бастадық, – дейді паражүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері Оксана Митякова.
Оның спорттық шеберлігі 2003 жылы Қарағандыда ашылған мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт мектебінде шыңдала түсті. Білікті бапкерлер жас спортшының бойындағы қабілетті байқап, оны кәсіби спортқа баулыды. Жүйелі жаттығу мен үздіксіз еңбектің арқасында Оксана халықаралық жарыстарға қатысып, үлкен жетістіктерге жете бастады.
– Оның спорттағы шеберлігі Қарағандыда ашылған мүгедектер спорты мектебінде қалыптасты. Біздің міндетіміз – Оксананы тауып, спортқа бейімдеу, қажетті дағдыларды меңгерту болды. Бапкері оған суда өзін дұрыс ұстауды, қолы мен аяғын үйлестіре жұмыс істеуді үйретті. Содан кейін оның спорттық жолы басталды, – дейді «Лучик надежды» қоғамдық қорының жетекшісі Татьяна Кравченко.
Бүгінде Оксана Митякованың жетістіктері халықаралық жарыстардың нәтижелерімен өлшенеді. Ол әлем және Азия біріншіліктерінде топ жарып, түрлі халықаралық додаларда ел намысын қорғады. Спортшы үшін әр жарыс – жаңа тәжірибе, жаңа мүмкіндік. Сапарлар мен жарыстардың көптігі соншалық, кейде барған елдерінің атауын да жаттап үлгермейді.
– Әдетте бапкеріміз «біз жарысқа барамыз» дейді. Мен сөмкелерімді жинап, жолға шығуға дайындаламын. Менің міндетім – жарысқа қатысып, барымды көрсету. Кейде қай елге барғанымды да есте сақтамаймын. Кейін бапкерім қайда болғанымызды айтып береді. Мен үшін ең маңыздысы – жарысқа қатысу, өзімді сынау, – дейді Оксана Митякова.
Дегенмен оның өмір жолында спорттық жетістіктерден бөлек, күрделі кезеңдер де болды. Он сегіз жасқа жақындағанда балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін болашаққа қатысты маңызды шешім қабылдайтын уақыт жетті. Өзге балаларды ата-аналары іздеп келіп, отбасына алып кетіп жатқанын көрген Оксана да өзінің туған-туыстарын іздеуге талпынды. Тіпті арнайы телебағдарламаларға хат жазып, өзін іздеген жандар табылар деген үмітін үзбеді.
Сол кезеңде оған америкалық отбасының асырап алу мүмкіндігі ұсынылды. Бұл шешім жас қыздың өміріне жаңа бетбұрыс әкелді. Кейін асырап алған ата-анасының ықтиярхатының мерзімі аяқталып, олар бірге тұруды жалғастыра алмағанымен, арадағы байланыс үзілген жоқ. Олар әлі күнге дейін бір-бірімен хабарласып, кездесіп тұрады.
Оксана да өз болашағын өз қолымен қалыптастыруға ұмтылды. Колледжді тәмамдап, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің дипломын алды. Спорттағы жетістіктері мен табанды еңбегінің арқасында жеке баспаналы болды. Бүгінде ол «Шахтёр» стадионында және «Үміт сәулесі» қоғамдық қорында еңбек етіп, балаларды паралимпиадалық бочча спортына жаттықтырады.
Спортшының айтуынша, алдағы мақсатының бірі – бочча бойынша халықаралық жарыстарға қатысып, Қазақстан мен Қарағанды өңірінің атын шығару. Сондай-ақ жеке өмірін қалыптастырып, отбасылы болуды армандайды. Бұл – оның әлі де жаңа белестерді бағындыруға дайын екенін көрсетеді.
Оксананың бүгінгі қызметі параспорттың қоғамдағы маңызын тағы бір қырынан танытады. Өйткені ерекше қажеттілігі бар балалар үшін спорт тек дене белсенділігі емес. Ол өзіне деген сенімділікті арттырып, ортаға бейімделуге, достар табуға, дербес шешім қабылдауға және өмірлік мақсат қоюға көмектеседі. Сондықтан мұндай балаларға арналған спорт секцияларын көбейту, қолжетімді жаттығу орындарын ашу, кәсіби бапкерлерді даярлау – әлеуметтік қолдаудың маңызды бағыттарының бірі.
Параспортшылардың жетістіктері де қоғамдағы көзқарасты өзгертуге ықпал етеді. Олардың табандылығы мен еңбегі физикалық мүмкіндіктердің әртүрлі болуы адамның әлеуетін шектемейтінін көрсетеді. Дегенмен жеке спортшының жетістігімен шектелмей, осындай балалардың барлығына спортпен жүйелі айналысуға жағдай жасау қажет. Ол үшін инфрақұрылымның қолжетімділігі, арнайы құрал-жабдықтар, медициналық және психологиялық сүйемелдеу, жарыстарға қатысу мүмкіндігі қатар дамуы тиіс.
«Лучик надежды» қоғамдық қорының жетекшісі Татьяна Кравченко ата-аналарға баласының бойындағы қабілетті байқап, оны дамытуға мүмкіндік беруге кеңес береді. Оның айтуынша, әр баланың өзіне тән таланты бар. Ең бастысы – сол қабілетті дер кезінде танып, қолдау көрсету.
– Мен ата-аналарға үнемі айтамын: тоқтап қалмаңыздар. Балаңыздың бойындағы ерекше қасиетті, оның өмірде дамуына жол ашатын қабілетін табуға тырысыңыздар. Сол қасиетті дамытып, балаға өз мүмкіндігін көрсетуге жағдай жасаңыздар. Оның жетістігі өзіне ғана емес, қоғамға да пайдасын тигізеді, – дейді Татьяна Кравченко.
Оксана Митякованың өмір жолы – осындай қолдау мен сенімнің қаншалықты маңызды екенін дәлелдейтін мысал. Бір кездері өзге балалардың бассейнде жүзгенін сырттай тамашалаған қыз бүгінде өзгелерге спорттың жолын көрсетіп жүр. Ол өзінің жетістігі арқылы талай жасөспірімге жігер беріп, олардың да биік мақсаттарға ұмтылуына ықпал етуде.
Қоғамның міндеті – мұндай адамдарға тек таңданыспен қарау емес, олардың қабілетін жүзеге асыруына нақты мүмкіндік жасау. Параспортты дамыту, спорт нысандарын баршаға қолжетімді ету, ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау және олардың қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау – әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Өйткені әр адамның әлеуетін ашуға мүмкіндік берілген қоғам ғана шын мәнінде инклюзивті бола алады.
Оксана Митякованың тағдыры бір шындықты аңғартады: жеңіс кейде медальдан да биік. Ол – өзіне сену, қиындыққа мойымау және алға қойған мақсатыңа табандылықпен ұмтылу. Ал сол жолда қоғамның қолдауы болса, талай баланың арманы орындалып, таланты жарқырай түсері сөзсіз.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

