Қарағанды облыстық мешітінде «Рамазан қоржыны» үлестірілді

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен, Қарағанды облысы өкілдігі «Зекет және қайырымдылық қорының» ұйымдастыруымен әлеуметтік көмекке мұқтаж 50 отбасыға «Рамазан қоржыны» табысталды.

Игі шараға Қарағанды облысының бас имамы Естай Айтуғанұлы арнайы қатысып, жиналған қауымды Рамазан айымен құттықтады.

Қасиетті айдың құрметіне орай өткен қайырымдылық шарасында «Зекет және қайырымдылық қорының» облыстағы жауапты өкілі Асылхан Рахымжанұлы әлеуметтік көмекке мұқтаж, мүмкіндігі шектеулі, зағип жандарға, көпбалалы және жалғызбасты аналарға азық-түлік салынған қоржынды теңдей үлестірді.

– Дәл осындай шара Қарағанды қалалық Бала қажы мешітінде де өтті. Онда мешіт имамы Нуров Махмуд Нурұлының ұйымдастыруымен аймақтағы әлеуметтік көмекке мұқтаж 100 отбасыға «Рамазан қоржыны» үлестірілген болатын. Мешітке келген отбасыларға Рамазан айының құндылығы және осы игі шараның мақсаты туралы ақпарат беріп, азық-түлік мешітке келе алмаған отбасылардың шаңырағына жеткізіліп берілді. Айта кетейік, қайырымдылық шаралары алдағы уақытта да жалғасатын болады, – деп хабарлады ҚМДБ-ның Қарағанды облысындағы баспасөз қызметі.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ, «QH»