Жеті қазынаның бірі

Қазақ халқының дәстүрлі мәдениетінде аңшылықтың алар орны ерекше. Мылтық асынып, құс салып, ит жүгірткен бабаларымыздың бұл салты ғасырлардан бері үзілмей жалғасып келеді. Осы мұраны сақтап, ұрпаққа жеткізуге жанын салып жүрген жандардың бірі – Қарағанды облысының тұрғыны, тазы баптаушы Рамазан Үсеев. Ол құмай тазыларды өсіріп, оларды баптаудың қыр-сырын жетік меңгерген тәжірибелі шебер.

Қазақы дәстүрдің қайнарын жалғаушы – тазы баптаушы Рамазан Үсеев. Тазы баптаушы қазақы тазылардың ерекшеліктері туралы әңгімелеп берді. Оның айтуынша, тазылар – итке ұқсағанымен, өте ерекше қасиетке ие жануарлар.

– Тазы – адамға жақын әрі өте ақылды жануар. Оның түрлері өте көп. Тарихи деректерде, тіпті Мысырдағы көне жазулардың өзінде тазылардың бейнесі кездеседі. Бойлары 20 см-ден 1 метрге дейін жетуі мүмкін. Бірақ қазақы құмай тазылардың тұқымы мүлде бөлек. Олар аса бойшаң болмаса да, өте жүйрік, алғыр, әрі аңшылыққа таптырмас серік, – дейді тазы баптаушы.

Рамазан ата тек тазы асыраумен шектеліп қалмай, бұл өнерді жастар арасында насихаттап, ұлттық спорттың дамуына үлкен үлес қосып жүр. Оның айтуынша, тазы баптау – жауапкершілігі мол әрі шыдамдылықты қажет ететін іс.

– Қазақтың тазылары ерекше күтімді қажет етеді. Олар жай ғана аңшылықтың құралы емес, ұлттық дәстүріміздің символы. Осы істі жалғастыратын жастарды тәрбиелеу – менің мақсатым. Ұлтымыздың атадан қалған мұрасын сақтап, оны жаңа буынға жеткізу – әрбіріміздің парызымыз, – дейді Рамазан Үсеев.

Тазыны күтіп-баптаудың өз ережелері бар. Оның қорегі, жаттығуы, тіпті жүгіретін аумағына дейін мұқият қадағалау керек.

– Тазының басты ерекшелігі – оның жылдамдығы мен иесіне адалдығы. Оларды дұрыс баптап, арнайы тағаммен тамақтандыру керек. Сонымен қатар, тазыларды үнемі қозғалыста ұстау маңызды. Олар кең даланы еркін кезіп, шапқан кезде ғана шын мықтылығын көрсетеді, – деп атап өтті Рамазан Үсеев.

Рамазан Үсеев болашақта қазақтың аңшылық өнері мен тазы баптау ісі одан әрі дамитынына сенімді. Оның шәкірттері бүгінде бұл өнерді меңгеріп, өз аймақтарында тазы баптаумен айналысуда.

– Қазақ спортының өркендеуі үшін әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз керек. Тазыларды өсіріп, оларды насихаттауға көңіл бөлінсе, бұл өнер жаңа деңгейге көтеріледі. Ең бастысы, жастар бұл істі жалғастыруы қажет. Оларға сенімім мол, – деп түйіндеді ол.

Тазы – қазақ халқының мақтанышы әрі ұлттық болмысының көрінісі. Оларды өсіру, баптау – ұлттың рухани құндылықтарын сақтау мен дәріптеудің бір жолы. Рамазан Үсеев секілді ісіне берік жандардың арқасында бұл дәстүріміздің мәңгі жасайтыны сөзсіз.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,                                     

«QH»