Желтоқсаншылар назардан тыс қалмайды
Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай Қарағандыда 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан 31 азаматқа біржолғы материалдық көмек көрсетіледі. Әрқайсысына 410 875 теңгеден төленбек.
Арада қырық жыл өтсе де, Желтоқсанның жаңғырығы әлі күнге дейін ел жадында. 1986 жылдың қаһарлы қысында алаңға шыққан жастардың батылдығы мен қайсарлығы халқымыздың азаттыққа деген ұмтылысын айқын көрсетті. Сол күндері әділдік іздеп, ұлт намысын қорғаған азаматтардың тағдыры ел тарихының алтын әріппен жазылған парағына айналды. Биыл Желтоқсан оқиғасына 40 жыл, ал Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 35 жыл толады. Осы айтулы күндер қарсаңында Қарағандыда тарихи оқиғаға қатысушыларға әлеуметтік қолдау көрсетілмек.
Қарағанды қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сүйенсек, бүгінде шаһарда 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысып, заң жүзінде ақталған 31 азамат ресми есепте тұр. Тәуелсіздік күні қарсаңында олардың барлығына қалалық бюджет есебінен біржолғы материалдық көмек беріледі. Биыл әр адамға төленетін қаражат мөлшері 95 айлық есептік көрсеткішке, яғни 410 875 теңгеге тең.
Айта кетейік, былтыр желтоқсаншыларға 400 мың теңгеден берілген болатын. Биыл қалалық мәслихаттың шешімімен төлем мөлшері айлық есептік көрсеткішке сәйкестендірілді.
Материалдық көмек 1993 жылғы 14 сәуірде қабылданған «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» заңға сәйкес ақталған азаматтарға арналған. Ол үшін ақталғанын растайтын құжаты болуы шарт. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде тіркелген азаматтарға қаражат жеке өтінішсіз, тікелей банк шоттарына аударылады.
Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға көрсетілетін қолдау мұнымен шектелмейді. Аталған заңның 24-бабында саяси қуғын-сүргін құрбандары мен заңда көрсетілген санаттағы ақталған азаматтарға бірқатар әлеуметтік жеңілдік қарастырылған. Олардың қатарында қуғын-сүргін кезінде қамауда болған уақытты зейнетақы тағайындау үшін еңбек өтіліне үш еселенген мөлшерде есептеу, ақталуға байланысты мәселелер бойынша адвокаттан тегін кеңес алу және өзге де жеңілдіктер бар. Бұл құқықтар заңда белгіленген шарттарға сәйкес беріледі.
Бұдан бөлек, Қарағанды қаласында Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға жергілікті бюджет есебінен қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі жасалған.
Қалалық әкімдіктің мәліметінше, біржолғы көмекті алу тәртібі немесе өзге де әлеуметтік қолдау шаралары туралы қосымша ақпаратты Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен білуге болады. Мекеменің мекенжайы – Чкалов көшесі, 7, байланыс телефоны: 95-55-84.
Әрине, Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың ерлігі мен ел тарихындағы орнын материалдық көмектің мөлшерімен бағалау мүмкін емес. Дегенмен көрсетілетін қолдау – олардың қоғам назарынан тыс қалмағанының бір белгісі. Ең маңыздысы, қырық жыл бұрынғы оқиғаның шындығы ұмытылмай, сол кезеңді бастан өткерген азаматтарға лайықты құрмет көрсетілуі. Желтоқсанның ақиқаты мен сол күндерді бастан өткерген азаматтардың тағдыры – Тәуелсіздік тарихының ажырамас бөлігі болып қала береді.
Балхаш РАХЫЖАНОВ,
«QH»

