Еңбек еленген күн: аграрлық сала үздіктері марапатталды
Қарағанды облысында ауылшаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің жылдық еңбегі қорытындыланып, үздіктер марапатталды. Салтанатты жиында өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаев сала ардагерлері мен еңбеккерлеріне алғыс айтып, бірқатар азаматқа мемлекеттік және ведомстволық наградалар табыстады.
Өнеркәсіптік өңір саналатын Қарағанды облысының экономикасында ауыл шаруашылығының да өзіндік орны бар. Атап айтқанда, картоп пен жұмыртқа өндіруден аймақ республика бойынша екінші орында тұр. Бүгінде шаруашылықтар заманауи агротехнологияларды енгізіп, техника паркін жаңартып, суармалы алқаптардың көлемін ұлғайтуда. Өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінде 40 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Ал мемлекеттік қолдау шараларын екі мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші пайдаланған.
– Ауылшаруашылығындағы жетістік тек қаржы мен заманауи технологияға ғана емес, ең алдымен, осы саладағы адамдардың тәжірибесі, білімі мен жауапкершілігіне байланысты. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, диқандарымыз орақ науқанын аяқтап, өңірді қажетті өніммен қамтамасыз етті. Ендігі міндет – саланы жаңғыртып, өндірісті технологиялық тұрғыдан жетілдіру және оның табыстылығын арттыру. Сонымен қатар ауыл тұрғындары өз мекенінде еңбек етіп, болашағын құруға мүмкіндік алуы керек, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Салтанатты жиынның басты бөлігі – сала дамуына үлес қосқан еңбек адамдарын марапаттау рәсімі болды. Шет ауданындағы «Тау» шаруа қожалығының басшысы Қанат Түсіпбеков «Құрмет» орденімен марапатталды. Оның шаруашылығы 2010 жылдан бері жылқы және қой өсірумен айналысады. Соңғы бес жылда ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу ісін де қолға алған.
– Соңғы бес жылда өндіріс тиімділігін екі есеге жуық арттырып, ауыл шаруашылығы техникасының паркін толық жаңарттық. Агроөнеркәсіп кешеніне көрсетіліп жатқан қолдау үшін мемлекетке алғыс айтамын. Еңбегіміздің еленгені де бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Бүгінде азық-түлік қауіпсіздігі – кез келген мемлекеттің тәуелсіздігін айқындайтын маңызды негіздердің бірі, – деді Қанат Түсіпбеков.
Сондай-ақ сала өкілдері III-дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» және «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталды. Осакаров ауданындағы «Найдоровское» серіктестігінің комбайншысы Владимир Чаус «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленді. Ауыл шаруашылығы саласында 38 жыл еңбек еткен маман үшін бұл марапат – көпжылдық еңбегінің бағасы.
– Жермен жұмыс істеп келе жатқаныма 38 жыл болды. Осы уақыт ішінде мамандығымды өзгертуді ойлаған емеспін. Мұны өзімнің өмірлік таңдауым әрі маңдайға жазылған кәсібім деп білемін. Еңбегімнің осындай жоғары бағаланғанына қуаныштымын. Жастардың тәжірибемізді жалғастырып келе жатқаны да көңілге қуаныш ұялатады, – деді Владимир Чаус.
Ал Нұра ауданындағы «Қайнар» серіктестігінің басшысы Сейітжапар Нығметовке «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. Марапатты оған Астанада өткен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумында Мемлекет басшысы табыстаған.
Жиында ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібіндегі үздік мамандар мен кәсіпорындар да анықталды. Барлығы он аталым бойынша жеңімпаздар жарияланды. Олардың қатарында өндірісте озық технологияларды енгізіп, түрлі бағытта нәтижелі жұмыс істеп жүрген мамандар мен кәсіпорындар бар.
«Агроөнеркәсіп кешеніндегі цифрландыру көшбасшысы» аталымында «Найдоровское» серіктестігі жеңімпаз атанды. «Үздік мелиоратор» атағы «Евразия Инвест ЛТД» компаниясының ирригация жөніндегі инженері Евгений Масловқа берілсе, «Үздік механизатор» аталымында «Жараспай» серіктестігінің қызметкері Темірхан Омаров үздік деп танылды.
Өңдеу өнеркәсібі саласында да бірқатар маманның еңбегі аталып өтті. «Нан өндірісінің үздік технологы» аталымы бойынша «Орион» компаниясының технологы Наталья Ляховская марапатталды. Құс етін өндіру саласындағы үздік маман ретінде «Ақнар ПФ» серіктестігінің өкілі Илья Георгиевский, ал сүт өндірісінің үздік технологы ретінде «Milk&Meat Company» серіктестігінің өкілі Алексей Медеубаев танылды.
Экспорттаушы кәсіпорындар қатарынан бие мен түйе сүтін өңдеуге маманданған SaumalBioTech және SAUBOTA компаниялары ерекшеленді. Мал шаруашылығы саласындағы үздік кәсіпорын деп Шет ауданындағы «Шолақ Еспе» шаруа қожалығы танылса, ет өңдеу бағытында QAZAQ MEET компаниясы жеңімпаз атанды.
Ұлттық сусын өндіру саласында Қарқаралы ауданындағы «Мұхаммедәли» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Бекзада Батырбекова үздік деп танылды. Кәсіпкер ұзақ уақыт сақтауға жарамды қымыз өндіру ісін дамытып келеді. Биыл оның өнімі BaiQymyz гастрономиялық фестивалінде Гран-при иеленіп, Астанада өткен байқауда «Дәстүрді дәріптеушілер» аталымы бойынша да жоғары бағаланған.
– 2026 жыл біз үшін ең табысты жыл болды. BaiQymyz фестиваліндегі жеңістен кейін қымызымыз кеңінен танылып, «Актерек» брендіне деген қызығушылық артты. Бұл жетістік – бүкіл отбасымыздың маңдай тері мен табанды еңбегінің нәтижесі. Алдағы уақытта да брендімізді дамытып, жаңа белестерді бағындыруға ниеттіміз, – деді Бекзада Батырбекова.
Салтанатты марапаттау рәсімі мерекелік концертпен қорытындыланды. Жыл қорытындысы ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібінде еңбек етіп жүрген мамандардың өңір экономикасына қосқан үлесін тағы бір мәрте көрсетті. Еңбек адамдарының жетістігін бағалау – салаға деген құрметті арттырып қана қоймай, кейінгі буынға да үлгі болатын маңызды дәстүр.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

