Қырғызстандағы БАҚ-ның егемендік алғаннан кейінгі 20 жылдағы жетістігі (2011 жылға дейінгі БАҚ негізінде)

Г.С. Амангелдиева

Мақалада Қырғыстан елінің тәуелсіздік алғаннан кейінгі БАҚ даму жолы қарастырылған. 2011 ж. дейінгі елдің журналиска саласындағы тың өзгерістері мен жетістіктері жайлы сараптаулар жүргізілген. БАҚ-ның электронды жүйеге өту кезеңіндегі қиыншылықтар мен оларды жеңу жолдары баяндалған. Ақпаратты объективті және шынайы беру реті сараланған. Сондай-ақ,  зерттеу көзі ретінде түрік және ағылшын тілінде жарияланған Қырғызстан БАҚ қарастырылып, мақалада тың деректер көрсетілген.

Кілт сөздер: БАҚ, журналистика, баспасөз, телеарна, радио, ғаламтор, интернет-ресурс, инновациялық технологиялар, жаһандану.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 2 жылда, яғни 1992 жылы қырғыз баспасөзінің өзі үш есеге көбейіп, бес жүзді құрады. Қазіргі күнде 30 республикалық, 10 облыстық, 11 қалалық және 48 аудандық газеттер жарық көреді [1]. Бұлардың қатарында мемлекеттік, оппозициялық және әр түрлі бағыттағы басылымдар бар.  Мемлекеттегі саяси жағдайларға байланысты басылымдар жыл өткен сайын өз бағытын өзгертіп отырды. Оған себеп: ел ішіндегі дүмпулерге байланысты мемлекеттік биліктің жиі өзгеріп тұруы. Дегенмен, саны көп  болғанымен, сапасы да жақсы дәрежеде болды деп айта алмаймыз. Бірақ, халықаралық сарапшылардың пікірінше Орталық Азия мемлекеттерінің ішінде билікке қатысты ойларын еркін жеткізе алатындардың бірден-бірі қырғыз мемлекеті. Қазақстан елі секілді 1991 жылы тәуелсіздікке қол жеткізген елдердің бірі – Қырғызстан мемлекеті. Көршілес жатқан қырғыз елінің БАҚ тәуелсіздіктен кейін қалай өрбігені жайлы әркім біле бермейді. Қырғызстан Республикасының Конституциясы бойынша БАҚ-нда қандай да ақпаратты жариялауға  шектеу жоқ, еркін. Заңның 16-шы, 14-ші бабтарында азаматтардың еркін сөйлеуіне, ойлауына өз ұсыныстары мен пікірлерін еркін білдіруге құқықтары бар деп көрсетілген. Өз заманында Томас Джеферссон: «..егер маған «баспасөзсіз мемлекет пе, әлде мемлекеті жоқ баспасөз бе?» деп сұрақ қойылса, мен онда ойланбастан екінші жауапты таңдар едім» [1] деген екен. Қырғызстан Республикасының БАҚ туралы Заңы 1992 жылдың 2 мамырында қабылданған. Бүгінгі таңда тәуелсіздікке дейінгі жылдарға қарағанда қырғыз елінің БАҚ 3 есеге көбейген. Жалпы алғанда бостандықтың ақ таңы атқаннан кейін қырғыз елінің баспасөзі, телевизиясы, радиосы және ақпараттық агенттіктерінің саны 2011 жылы 1300-ге жетті. 1998 жылы жалпыхалықтық референдумның қолдауымен сөз бостандығы мен баспасөз бостандығының бұзылмауы жайында өзгерістер Қырғыз елінің Конституциясына енгізілген болатын. Орталық Азия сарапшысы, «2005 жылғы 24-ші наурызда болған Қырғызстандағы мемлекеттік төңкеріс» атты кітаптың авторы Александр Князев қырғыз елінің баспасөзіне қатысты: «Қырғыз елінің БАҚ-нда, баспасөзінде басқа елдерге қарағанда бостандық пен айқындылық, ашық пікір білдіру жақсы көрініс тапқан. Менің ойымша, КСРО құлағаннан кейін бұл қырғыз қоғамының өз даму жолын жасаудағы қадамы» — деп пікір білдірген [2]. Басылымдардың аз бөлігі ғана тәуелсіз, ал қалғандары қаржы жағынан да, тағы да көптеген құндылықтар жағынан мемлекеттік органдарға тәуелді. Жалпақ тілмен айтқанда, биліктің сойылын соғатын «қолшоқпар» ретінде қолданылады. «Демократиялық даму және БАҚ-н қолдау» қорының қызметкерлері бұл жағдайды былай түсіндіреді, әрбір шенеунік немесе кәсіпкер өзінің жеке газеті немесе журналы болғанын қалайды, осының салдарынан мемлекет баспасөзі әр түрлі бағытты қуып, халық үлесін ұмытып, өздерінің пайдаларына қызмет етіп жатқандығын тілге тиек етеді. Мысалға, министрліктің өзіне ғана тән жеке басылымы бар, тіпті Ұлттықбанктің өзіне бірнеше басылымдар тиесілі. Баспасөздің сапасына келсек, кеңестік кезеңнен кейін де орыс тілді басылымдар көптеп жарық көріп келеді. Бірақ, олардың саны жыл өткен сайын қысқарып, шегеріліп қырғыз тіліндегі басылымдар көлемі артуда. Осыдан бірнеше жыл бұрын орыс тілді газет — журналдардың үлесіне басылымдардың 50% кірген болатын. Ал қазір ол халықтың қолданысынан ақырындап шеткері қалуда. Бұл жағдай мемлекетте өмір сүретін орыс тілді халық бөлігінің орысша басылымға сұраныс беруіне әкеліп отыр. Дегенмен де, мемлекеттегі беделді әрі ауқымды деген басылымдар орыс тілінде жарық көреді. Мысалға, Бішкек қаласында жарық көретін : «Вечерний Бишкек», «Слово Кыргызстана», «Дело №» сынды газеттер БАҚ-ның ішінде өте беделді орында. Оны «Вечерний Бишкек» газетінің жұма күнгі тиражымен дәлелдеуге болады. 50 мың данамен шығатын газет елордалықтардың пікіріне ерекше әсер етеді. Ал барлық саяси өмірдің дамуы Бишкекте шоғырланғандықтан шенеуніктер өздерінің саяси өкілдері арқылы «Вечерний Бишкектің» бетіне шығуға тырысып бағады. Осыған орай редакция саясаты басынан аяғына дейін түгелімен өзгеріп шыға келеді. «Вечерний Бишкек» газетінен  кейін көлемі мен таралымы жағынан 2-ші орынға шығатын басылым «Дело №» атты газет,  таралымы 20 мың дана [1]. Бұл басылымның ерекшелігі тек қана қылмыстық істерді зерттеп, елде орын алған қайғылы оқиғалар туралы жазады. Сындарлы тәуелсіздік жылдарына дейін де, кейін де бұл басылым өзіне деген сенімділікті жоғалтпады және 20 жыл бойы бұл басылым жеке меншік иелігінде қызмет жасауда. Негізгі басылым бұрыңғы орталық Қырғыз Компартиясының органы «Киргиз 2 ТУУСУ» (Киргизская знамя) 1991 жылға дейін тиражы 100 мың дана болған. Қазір аптасына үш рет шығады таралымы  17 мың [1]. Ал, Қырғызстанның демократтық қозғалысының газеті «Майдан» елеулі басылымдардың бірі. Сонымен қатар, «Вечерний Бишкек» сыни басылым саясатқа да араласады. Республикадағы ең атақты басылым аптасына төрт рет 47 мың таралыммен шығады. 1991 жылғы кезең барлық коммунистік басылымдарға тиым салынған жыл болды. Бұрынғы коммунистік журналдар партиясы өз бағытын өзгертіп, экологиялық бағытқа бет бұрды. Ал, кейбір журналдар әр түрлі әлеуметтік бағытта жұмыс істеді. Мысалы: «Диқан шаруа» журналы («Диқандар» газеті) халық емшілерінің басылымы. «Улугман» ақсақалдар кеңесін насихаттады, ал спорттық басылым «Бәйге» және тағы сол сияқтылар.

Түрік және қырғыз тілді «Заман Қырғызстан» атты газеттің жаңалықтары қосымша ағылшын тілінде де беріледі. Бұл басылымға демеушілік жасайтын Д.Сарығұлов. «Бизнесмен И.К» газеті де «Азат» корпорациясының демеушілігімен қарқынды жұмыс істеп келеді. Ескере кететін жағдай: кәсіптік деңгейі төмен дәрежедегі журналистердің еңбек ақысы сол редакция басқарушысына байланысты. Мысалға,  жекеменшік басылымдар мемлекеттік мекемелерге тиесілі басылымдарға қарағанда қаламақыны көп төлейді. Ал, орыс тілді басылымдардағы еңбек ақы одан да жоғары. Мысалы: «Кешкі Бішкек» айына 130 доллар, ал орыс тілді басылымдардың айлық төлем ақысы-ең төменгі көрсеткіші 26 доллар [3].

Көптеген басылымдар сергітушілік және діни бағытта жарық көріп тұрады, олардың да таралымы шамамен 5-7 мың данаға дейін. Сонымен қатар, мемлекеттің демеушілігімен жұмыс жасайтын елде бірнеше ресейлік басылымдар бар. Олардың қатарына «Комсомольская правда в Кыргызстане», «АиФ в Кыргызстане», «Российской газеты»  және т.б. басылымдар кіреді. Газет таралымдарының саны көп, басылымдар әр түрлілігімен ерекшеленеді. Республикадағы дәстүрлі журналистика қырғыз және орыс тілдерінде жұмыс жасауда. Осыған байланысты зерттеушілер  басылым екі тілде жарық көретін болса, ол адамдардың көз алдына екі түрлі әлемді елестететінін айтады: «Қырғыз тілді басылымдар үшін оқиға әлемінің өзегі Қырғызстан арқылы өтеді, ал орыс тілді басылымдар оқиғалардың «ауырлығын» Ресей арқылы өткізіп қарастырады, автор немесе кейіпкер Қырғызстандағы оқиғаларды ресейлік көзқараспен жазады». Дегенмен, екі жақты көзқарасы бар басылымдар берілу жағынан екіге бөлінсе де ақиқат жалғыз. Осыған сүйенген іскер әкімшілік басқару магистрі, Әсел Исаева : «Қырғыз елінің баспасөзі біраз жетістікке жетті, қоғамдық санаға әсер етумен қатар ол саясаттық қозғалыстардың болуына да әсер етті» — дейді [2].

Қырғызстан Юстиция Министрлігінде қазіргі күні 14 телекомпания, 13 радиостанция, 11 аралас телерадиокомпания бар[1]. Таулы аймақ болғанына қарамастан Қырғыз мемлекеттік телерадио кешені барлық каналдарынан жоғары деңгейлі хабар жүргізеді. Мысалы: «1 канал» Президенттік администрация қарамағында. Канал бағдармаларында жаңалықтар, әр түрлі хабарлар, сондай-ақ, үкіметтік болғанымен сыни токшоулар да беріліп тұрады. Ал халақаралық хабарлар деңгейі аз. Бағдарламаның 70 пайызы қырғыз тілінде. Каналда спутниктік телевидение «Авразиядан» бірнеше сағат түрік бағдарламалары да беріліп тұрады [3].

Республиканың барлық жеріне хабар тарататын телекомпаниялар саны аз. Мысалға алатын болсақ, «Пирамида», «НБТ» (Независимое бишкекское телевидение), «5 канал» астананың өзінде және оған жақын аймақтарда ғана көрсетіледі. Мемлекеттің оңтүстігінде өзіне тиесілі телестудиялар бар: «Ош-ТВ», «Джалал-Абадтық облыстық ТВ» қырғыз тілінде және жартылай өзбек тілінде таратылады.

«НБТ» (Независимое бишкекское телевидение)  1996 жылдан бастап жұмыс істей бастаған. Телекомпания ресейлік «СТС» каналын бірге қосып шығарады. Ол Бішкек, Шу ауданы, Беловодтан Кеминаға дейін ақпар таратады. Сонымен қатар, «Ала ТВ» атты кабельдік желіге де шығады. Көрермендер аудиториясы 8-55 жас аралығын қамтиды. Күнделікті тікелей эфирден «Бішкек – NEWS» ақпараттар легі беріліп отырады, астанадағы өзекті оқиғаларды және халықаралық маңызды мәселелер қозғалады [4].

«Мир» телекомпаниясының биліктің қолшоқпары болып жүрген Қырғызстандағы филиалы қазір өзінің бағытын өзгертті. 2010 жылдың сәуірінде билік ауысқаннан кейін осы арнаның негізі ретінде байқаушы кеңес төрағалық етіп «ОТРК» мемлекеттік арнасын құрды. Оны белгілі нысанға келтірген азаматтық қоғамның қызметкерлері. Бірақ бұл реформа өте баяу жүруде, себебі арнаны қаржыландыратын әлі де мемлекет. 2010 жылдың сәуірінен кейін бірқатар жекеменшік арналар басшыларын ауыстырды. «ТРК», «Пирамида», «ЗАО» және «5 канал» бұрын Бакиевтер отбасына тиесілі болса, қазір уақытша басшылықсыз.

«ТРК», «НТС-тің» (Новая Телевизионная Сеть) акциялық пакеті 2007 жылға дейін ресейлік «Альянс Групп» компаниясына тиесілі болған. Қазір «НТС» қызметкерлерінің айтуы бойынша компанияның басшысы Омирбек Бабаев  кәсіпкер, жергілікті аймаққа өте беделді адам [1]. «НТС» өте жас телерадиокомпания. Қырғыз елінің медиа-нарық  төңірегіндегі белсенді қатысушылардың бірі. Жаһандану заманында телекомпания ең озық үлгідегі жабдықтармен қамтылған, соның нәтижесінде көрермендер саны 4.5 млн-ға жеткен. Оған қоса 103.3 және 107 әуе толқынында радихабарлар таратады. «НТС» халыққа адал қызмет етуді өзінің парызы деп санайды, толеранттылықты алғашқы орынға қойып, «алтын аралық» ұстанымын ұран етіп алған.

Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейн негізі қаланған коммерциялық телеарналар: «Азия», «Алмаз», «Кыргыз жер», «Восет», «Салам», «Пирамида», «Орда» және Ош қаласындағы «Еркин Алатоо». «Пирамида» — 1991 жылы құрылған, күніне 3 уақыт жаңалықтар береді. Эфирде лицензиялық және лицензиялық емес телешоулар Ресей телеарналарынан трансляцияланады. «Пирамида» көрермендірінің дені орыс тілді. «Тәуелсіз Бішкек» телеарнасы 1996 жылы қаңтарда құрылған. Халықтың 20 пайызын қамтиды. Миграция, заң, әлеуметтік проблемалар жөнінде хабарлар береді. «Асман» — атақты бизнесмен, администратор Д.Сарығұлов демеушілігімен 1996 жылы қазанда ашылған. Лицензиясыз фильмдерді, Ресей ток-шоуларын көрсетеді, жаңалықтар берілмейді. Аудиториясы белгісіз [3].

«5 каналдан» радио бағдарламалар беріліп тұрады. Ұлттық радиостанциялар тәулігіне 12 сағат хабар таратады. Негізгі радиоканал «Радио 1». Орташа деңгейдегі сыни бағдарламаларды қамтыған жаңалықтар беріп тұрады. Өлкенің барлық аймағына тарайды. «Радио Пирамида» — жекеменшік радиостанция. Жергілікті жердің жаңалықтарын эфирге таратып тұрады. Көбіне музыкалық хабарлар жүргізіледі. Кәсіпкерлік деңгейі өте жоғары дамыған. Сонымен қатар жаңалықтар, қылмыстық хабарлар да радиобағдарламада орын алған. Бұл радио астаналық және Шу қаласының 55 пайыз халқын қамтиды. Радио ЮНЕСКО грантын жеңіп алған. «Алмаз Радио» — жекеменшік радиостанция халықаралық жаңалықтар беріледі. Әрбір 10 минут сайын өз жаңалықтарын орыс және қығыз тілдерінде эфирге шығарады. Саясатқа араласпайды [3]. «Радио Вост» — жекеменшік радиостанция. Тек орыс тіліндегі музыкалық хабарларды береді. Қырғыз Республикасында телеканалдарға қарағанда радиостанциялар жоғары деңгей көрсетуде. Шетелдік құрылымдардың көмегімен ашылған 35 қоғамдық орталықтар жұмыс жасайды [2].

«Internetworldstats.com» сайтындағы мәліметтерге сүйенсек Орталық Азия мемлекеттерінің ішінен қырғыз елі ғаламторды пайдалану жағынан қалғандарына қарағанда бірнеше пайызға жоғары тұр. «KG» ғаламтор желісінде белсенділік танытатын орыс тілді сайттар. Олардың аз бөлігін қырғыз беттері (интерфейстер), аз бөлігін ағылшын түрік тілдері құрайды. Жергілікті сарапшылардың ойынша азаматтар өздерінің ойларын еркін білдіруде ғаламтор ерекше орын алады. Қазіргі уақытта интернет-басылымдар көбеюде. Ғаламтор желісінің көмегіне сүйенетіндер саны 2010 жылы жүргізілген зерттеу бойынша 800 мыңды құрайды. «Азия-Инфо» интернет-компаниясының мәліметінше 2011 жылдың басында интернет доменіне қосылғандар саны 4 мың 922-ге жеткен. Ғаламтордың жылдамдығы бойынша Қырғызстан 167 мемлекет арасында 65-ші орынды иеленеді.

Республикада ақпаратты жедел түрде беріп отыратын 5 үздік ақпараттық агенттік жұмыс жасайды: «www.24.kg», «Аки-пресс», «vesti.kg», «Кабар» және «K-News».

«K-News» ақпараттық агенттігі медиа-нарыққа 2011 жылдың 320-шы маусымында шықты. Медиа-менеджерлердің бастауымен құрылған агенттікте журналистика мамандығының хас шеберлері жұмыс жасайды. Бұл ақпараттық агенттік жеделдігімен және ақпаратты екіжақты қарастыруымен ерекшеленеді. Осыған байланысты сайттың тұрақты оқырмандары бар және олардың ортасы үлкеюде. Сайттағы ақпараттар жаңалық, журналистік зерттеу, фоторепортаждар арқылы ұсынылады. «K-News» түпкілікті материалдарын «Новости@Mail.ru», «Яндекс.Новости», «Рамблер.Новости», «Google.News» және «Namba» серіктестіктерінен сілтеме арқылы жариялайды [5]. «www.24.kg» — ақпараттық агенттігі Қырғызстандағы жаңа жоба. 2006 жылдың 12 мамырында тіркелген. Агенттіктің жаңалықтарын электронды және баспа  басылымдар қолданады. Шығармашылық ұжымы жас журналистерден құралған. Сайттың мақсаты –жедел, қызықты және өзекті мәселелерді жариялау. «www.vesti.kg» – жаңадан ашылған шығармашылық интернет-ресурс, 2010 жылдың шілдесінен белсенді түрде жұмыс жасап келеді. Жарты жылдың ішінде орыс тілді басылымдардың ішінен 3 орынға көтерілді. «www.vesti.kg» – бұл сараптамалық ресурс, саясат жайында саясаткерлерге арналған. Агенттік жас болғанына қарамастан өзінің тұрақты оқырмандарын тапқан. Бұл сайтты билік басындағылар түгелімен оқиды [6]. «АКИpress», «www.akipress.org» сервері Қырғызстандағы тәуелсіз ақпараттық  агенттік. Қазіргі уақытта қырғызстандағы ең көп қаралатын ақпараттық қорлардың бірі. «Google Analytics»  сайтының статистикалық мәліметтері бойынша 3 айдың ішінде 2010 жылдың 1-ші сәуірі мен 1-ші шілдесі аралығында сайтқа 1,056 миллион адам кірген. Олар 19 778 973 бетті қарап шыққан, жалпы шаққанда сайтқа 7,42 млн адам тіркелген екен [6].

Мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатын қозғамайтын жалғыз агенттік — «Кабар» ұлттық ақпараттық агенттігі. «Кабар» ең көне портал болып есептеледі. Ол «КирТАГ» базасында 1937 жылы құрылған. Тәуелсіздік алғаннан кейін ол «КыргызКабар» болып 1992 жылы өзгертіледі. 1995 жылы Қырғыз ұлттық ақпараттық агенттігі (КНАТИ) «Кабар» болып аталады. 2001 жылы «Кабар» болып өзгереді. Сол уақыттан бастап агенттік баспасөз-конференциясын жиі өткізіп тұрады. Ондағы суреттер мен бейнелер сайт бетіне жарияланады. Бұл өзінің аудиториясын кеңейтудің жолдары болуы тиіс.  2002 жылы агенттікте арнайы сайт үшін бейнематериалдар дайындап шығаратын сайт ашылды. Ал 2011 жылдан бастап апталық шолу «Тыянак» (Итоги) бағдарламасы шығады [7].

Қырғызстанның БАҚ тәуелсіздік жылдарынан кейін біраз ұшталып дамығандығы сөзсіз. Сонымен қатар ол ТМД елдерінің ішінен алдыңғы қатардың ішінде тұрғаны да белгілі. Жоғарыда келтірілген деректерден тәуелсіздіктен кейінгі сындарлы жылдары Қырғызстанның БАҚ үлкен жетістікке жеткеніне куә боламыз.

Қырғыз елінің ғаламтор желісінің жылдамдығы ТМД елдерінің бірқатарынан алға шығып келеді. Бірақ, ғаламтор аумағы үзік-үзік таралған. Астананың аймағында және Шу жазығының бірнеше бөліктерінде кеңінен қолданылса, Ыстықкөл облысында және әр түрлі облыс бөліктерінде тар көлемде таралады. Республиканың оңтүстік аймақтарында Ош пен Джалал-Абадта да кеңінен қолданылады. Ал Талас, Нарын, Баткен облыстарында ғаламтор желісі әлсіз. Ғаламтор жақсырақ дамыған қала — Бішкек. Ғаламторды қолданушылар әр түрлі жастағы адамдар. Оқу мекемелерінде, жұмыс орындарында барлығы әлеуметтік желіге шыға алады.

Әдебиеттер тізімі

  1. Елемесова И.А. Постсоветские СМИ: два десятилетия перемен Средства массовой информации Киргизии. [ЭР]. Режим доступа: www.100storon.ru
  2. Иванов И.Р.Краткий обзор СМИ Киргизской Республики. [ЭР]. Режим доступа: http://www.kyrgyz.mid.ru/smi.html
  3. Балтанова М.К.Қырғыз елінің журналистикасы. [ЭР]. Режим доступа: temakosan.net
  4. Крекенко Э.Р. НБТ — Независимое Бишкекское Телевидение. [ЭР]. Режим доступа: http://www.nbt.kg
  5. Игоренько М. О агенстве. КР. [ЭР]. Режим доступа: «K-News»
  6. Михалиенко Р.Ж. О нас. [ЭР]. Режим доступа: vesti.kg
  7. Фрименко Р.Г. Реклама о нас. [ЭР]. Режим доступа: kabar@kabar.kg