«AMANAT» партиясы ауқымды бастаманы қолдап, Қарағандыдағы болашақ экосаябақ аумағына мың түп ағаш отырғызды
Қарағандыда облыстағы ең ірі жасыл жобалардың бірі — аумағы 200 гектар болатын экосаябақ қалыптасып келеді. Көгілдір тоғандар шағын ауданы мен Оңтүстік-Шығыс арасындағы аумақта екінші мың түп ағаш отырғызылды. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында бастау алған бастаманы «AMANAT» партиясы филиалының депутаттары, бастауыш партия ұйымдары, белсенділер мен еріктілер қолдап, аумақты көгалдандыру жұмысына белсене қатысты.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев индустриялық өңір үшін жасыл аймақтарды дамыту ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
— Қарағанды үшін жаңа жасыл кеңістіктер — бұл тек абаттандыру ғана емес, сонымен қатар жайлы қалалық орта қалыптастыру. Өткен аптада жаңа экосаябақтың алғашқы тасы қаланып, алғашқы мың түп ағаш отырғызылған болатын, — деді өңір басшысы. — Бүгін бұл жұмысты «AMANAT» партиясы жалғастыруда. Бірнеше жылдан кейін экосаябақ қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналатынына сенімдімін.
«AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбековтің айтуынша, акция келесі сенбіде де жалғасады. Көгалдандыру жұмысына облыстың түрлі қала-аудандарындағы партия филиалдарының өкілдері қатысады.
— Біз үшін бұл жас көшеттер — болашақтың, туған жерге деген қамқорлықтың және өз қаламызға деген сүйіспеншіліктің символы. Қарағандыны жасыл әрі жайлы етуге бағытталған бастаманы қолдағанымызға қуаныштымыз, — деп атап өтті Бекзат Алтынбеков.
Акцияға жастар да белсенді қатысты. Облыстық партия филиалы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Арафат Мажитов мұндай бастамалардың экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал ететінін айтты.
— Жастар қалаға деген жанашырлық жеке қатысудан басталатынын барған сайын терең түсініп келеді. Осындай акциялар адамдарды маңызды әрі пайдалы істердің төңірегіне біріктіреді, — деді ол.

