Ғылым мен білімге ғұмырын арнаған академик
Қарағанды техникалық университетінде академик, химия ғылымдарының докторы, профессор Арстан Ғазалиевтің 75 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара өтті. Ғалымның мерейтойына орай ұйымдастырылған жиынға университет оқытушылары, ғалымдар мен ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты.
Арстан Мәуленұлы Ғазалиев 1951 жылғы 9 қазанда Қарағанды қаласында дүниеге келген. 1968 жылы №1 мектепті үздік бітіріп, Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетіне оқуға түскен. 1977 жылы кандидаттық диссертациясын қорғап, содан кейін ғылыми-зерттеу және ұстаздық қызметке ден қойды. 2008–2016 жылдары Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін басқарған кезеңде оқу орнының ғылыми әлеуетін арттыруға, халықаралық байланыстарды нығайтуға және жас мамандар даярлауға ерекше көңіл бөлді. Оның бастамасымен Қазақстандық дәнекерлеу институты мен Конфуций институты құрылып, жаңа ғылыми зертханалар ашылды. Сондай-ақ дуалды білім беру жүйесін дамытуға басымдық берілді.
– Арстан Мәуленұлы – ғылым мен білімнің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Оның ғылыми ізденістері мен ұйымдастырушылық қабілеті талай жас маманның қалыптасуына жол ашты, – деді Қарағанды техникалық университетінің техника ғылымдарының докторы – Аристотель Исағұлов.
Академик органикалық және биоорганикалық химия саласының дамуына зор үлес қосқан. Ол табиғи және синтетикалық азотты қосылыстар химиясы бағытында ірі ғылыми мектеп қалыптастырды. Ғалымның жетекшілігімен «Цитафат» және «Эфифат» дәрілік препараттары әзірленді. Арстан Ғазалиевтің ғылыми мұрасы да ауқымды. Ол 950-ден астам ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектің, оның ішінде 10-нан астам монография мен оқулықтың авторы. Мерейтой барысында әріптестері ғалымның еңбек жолы мен жетістіктерін атап өтіп, жылы лебіздерін білдірді. Арстан Мәуленұлына құттықтау хаттар мен естелік сыйлықтар табысталып, иығына қазақы дәстүрмен шапан жабылды. Сонымен қатар облыс әкімінің атынан арнайы құттықтау хаты тапсырылды.
– Арстан Мәуленұлының ғылым мен жоғары білім саласындағы еңбегі ерекше. Оның қалыптастырған ғылыми мектебі мен кейінгі буынға қалдырған мол мұрасы – отандық ғылымның маңызды жетістігі, – дейді Қарағанды техникалық университетінің басқарма төрағасы – ректоры Сәуле Сағынтаева.
Ғылымға саналы ғұмырын арнап, талай шәкірт тәрбиелеген академиктің 75 жылдық мерейтойы – бір адамның мерейлі белесі ғана емес, отандық ғылым мен білімнің жетістіктерін ұлықтаған тағылымды шара болды.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ.
«QH»

